Плетнева Вера Владимировна – жастайынан белсенділігімен көзге түсіп, мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ол Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақжал ауылында дүниеге келген. Әкесі Владимир мен анасы Светлана – көпбалалы, еңбекқор және өз кәсібін дөңгелетіп отырған ата-ана.
Вераның отбасында жылылық пен береке ешқашан үзілмеген. Қазақтың бауырсағы дайындалып, ет асылып, ұлттық мерекелер лайықты деңгейде атап өтеді. Ауылда өскен Вера қазақы ортада тәрбиеленді, достары мен көршілері түгелдей қазақ болғандықтан, оның қазақ тіліне деген қабілеті ерте жастан қалыптасқан. Осының нәтижесінде 2007 жылы қазақ мектебін үздік бітірді.
Вера мектепте қазақ тілі пен қазақ әдебиетін сүйіп оқыған. Оның пән мұғалімі Айгүл Ажекиеваның қоңыр дауысы мен шеберлігі Вераны қазақ тілінде таза сөйлеуге және үздік оқушы болуға баулыды. Оқуды аяқтаған соң Вераның өмірі Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) қызметімен тығыз байланыста өрбіді. Қазіргі таңда ол «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық өкілдігінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ассамблея мен өмірімді бөліп қарай алмаймын. «Ассамблея жастары» ұйымының Алматыдағы өкілдігіне басшы болғаннан кейін өміріме жаңа дем берілгендей болды. Менің басты мақсатым – мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосу. Ассамблеяда жүріп, қазақтың салт-дәстүрлерін тереңірек танып, олардың мәнін ұқтым. Ең маңыздысы, мен сияқты қазақ тіліне құмар жастарды көргенде, оларға шабыт сыйлағым келеді, – дейді Вера Плетнева.
Вера Қазақстан халық Ассамблеясының жобалары арқылы Қазақстанның әр өңіріндегі белсенді жастармен танысып, тарихи орындарды аралағанын мақтанышпен айтады. Оның ішінде Алматы облысының «Қоғамдық келісім және даму орталығы» мен Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «BIRLIK CAMP», «Елім менің!» жобалары және республикалық волонтерлер слеті ерекше орын алады. Jas Talks пікір алмасу алаңында жастар ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА-ның «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасының жетекшісі Геннадий Шиповскихпен ашық форматта әңгімелесті. Бұл жиындарда көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі, мемлекеттік тіл және SMM саласы бойынша білім беріліп, волонтерлер мен Ассамблея жастарының қызметін дамыту жолдарын меңгерген. Вера бұл шараларда белсенділігімен және қазақ тілінде еркін сөйлеу шеберлігімен көзге түсті.
Қазақ тілі мен үшін туған тілім сияқты. Тіл үйренгісі келетін жастарға айтар кеңесім – сол тілді шын жүректен сүю керек. Егер шынайы қызығушылық пен талпыныс болса, тілді меңгеру қиынға соқпайды. Қазір мемлекеттік тілді үйретуге арналған көптеген сайттар бар, солардан бастауға болады. Бүгінгі технология дамыған заманда жастарға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, ҚХА-ның Достық үйлерінде «Мәміле» клубтары аясында қазақ тілі курстары тегін өткізіледі, – деп Вера жастарға тіл үйренудің жолдарын да нұсқады.
«Ассамблея жастары» Алматы облыстық өкілдігінің төрағасы болған уақыттан бері Вера Плетнева көптеген жұмыстарды атқарды. Ұйымның іс-шаралары мен жобалары еліміздегі бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған. Ең бастысы Қазақстанда белсенді және іскер жастардың саны артып, елін сүйген патриотттардың қатары көбейіп келеді.