Кино саласы – креативті индустрияның жарқын көрінісі, әрі идеологияның сиқырлы құралы. 30 жылдан бері киносыншылар осындай маңызды инструментті сәтті пайдалана алмай отырғанымызды айтып, дабыл қағып келеді. Бірақ «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі қазақ көрерменінің ел тарихына деген қызығушылығы жоғары екенін, ұлттық кино саласында көрермен талғамының қалыптасып келе жатқанын көрсетіп берді. El.kz ақпарат агенттігі отандық режиссерлер түсірген ең үздік тарихи дерек пен дәйекке негізделген фильмдер мен сериалдар қайсы деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Ахмет. Ұлт ұстазы
«Бай болу үшін кәсіп қылу керек, білімді болу үшін оқу керек, күшті болу үшін бірлік керек һәм осы керектердің жолында әрекет қылу керек». «Ахмет. Ұлт ұстазының» басты идеясы осыған саяды. Сериалда ұлт-азаттық көтеріліс жетекшілерінің бірі, ұлттық жазудың реформаторы – Ахмет Байтұрсынұлы мен оның үзеңгілестері – Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлының ұлт тағдыры үшін болған күрес жолы баяндалады. Сондай-ақ фильмнен Ахаңның «Қазақ» газетін шығаруы, қазақ әдебиеттануына қосқан үлесі мен қазақ балаларын оқуға үндеуі, ұлттық Қазақ мемлекетін құру жолы туралы көруге болады.
Мағжан. Мен жастарға сенемін!
Ұлт болашағы үшін күрескен Мағжан Жұмабайұлының рухты жырлары фильмге негіз болады. Солақай саясаттың құрбаны болған Мағжанның жанкешті тағдыр жолы сипатталады. Телеөнімде Мағжанның 1915-1921 жылдардағы қайраткерлік қалыптасу жолы мен күрескерлік өмірі көркем суреттеледі. Алғаш рет Орынборға келуі, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезі, Сәкен Сейфуллинмен достығы, Қызылжар мұғалімдер курсының оқытушысы Гүлсім Камаловаға ғашық болуы баяндалады. Тарихи туындыдада сол кезеңде өмір сүрген Міржақып Дулатұлы мен Сәбит Мұқановұлының бейнелері сомдалған.
Тар заман
Телесериалда Алашорда үкіметі, Алашордашылардың тартыстары мен мүдделер қатығысы, Ақпан реолюциясы, Қазан революциясы, Алаш әскерінің құрылуы, Әлихан мен Сталиннің кездесуі, Әлиханның түрмедегі кезеңдері көрініс тапқан. Сондай-ақ Әлиханның Смағұл Садуақасов көз жұмғандағы қайғыға түсуі, Ахмет Байтұрсынұлымен достық қарым-қатынасы баяндалады.
Абай
Фильмде қазақтың кемеңгер тұлғасы Абай Құнанбайұлының балалық шағынан бастау алып, ел ісіне араласа бастаған кемеліне келген кезіне дейін таспаланған. Сондай-ақ фильм авторлары Абай мен Құнанбайдың қарым-қатынасын тарихи деректерге негіздеп көрсетеді. Көркем туындыдан Абайдың әкесіне деген құрметі мен сыйластығын байқауға болады. Сондай-ақ Абайдың болыс кезіндегі қазақ ауылындағы оқиғалар тарихи дәйек пен дерекке негіздеді.
Құнанбай
«Құнанбай» фильмі көрнекті қайраткер, көреген басқарушы, әділдігі мен қаталдығы арқылы тарихта қалған би, аға сұлтан, Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірін қамтиды. Фильмде Құнанбайдың ел арасындағы дау-шарларды мен шиеленістерді тапқыр шешімдер тауып шешуі көрініс табады. Билік айту кезіндегі толғаныстарын көруге болады. Құнанбайдың әке ретіндегі Абайдың қалыптасуындағы рөлін айқын көрінеді. Абайды ел билеу ісіне араластырып, өзінің ісін жалғайтын перзенті ретінде тәрбиелейді. Бірақ Абай Құнанбай күткеннен де асып түсіп күллі қазақтың кемеңгер тұлғасына айналды.
Қаныш қазына
«Қаныш қазына» фильмі Қазақ ғылым академиясының академигі, қазақ геологиясының негізін қалаушы – Қаныш Сәтпаевтың ғылыми жолына негізделген. Ашаршылық пен қуғын-сүргін кезеңін көруге болады. Көркем туындыдан Қаныш Сәтпаевтың Жезқазған мыс кенінің қорының көп мөлшерде екенін дәлелдеп беруі баяндалады.
Қасым
«Қасым» фильмі екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ батырларының ерлігін суреттейді. Қазақтың қас батыры, аты аңызға айналған партизан, халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың соғыс техникалары мен стратегиялары сүйсінтпей қоймайды. Сын мен қатерге толы соғыс уақытысындағы ұтқыр шешімдер көрерменді сан қилы толғанысқа түсіреді. Көптеген киносыншылар осы фильмді Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қазақстанның рөліне берілген әділ баға болды деп пікір білдірді.
Әлкей. Ғұлама ғұмыр
Қазақтың көрнекті ғалымы, археолог, шығыстанушы Әлкей Марғұланның еңбек жолы мен қазақтың тұңғыш археологының білім алған кезі мен қуғын-сүргінге ұшырап, қудаланған жылдарын көруге болады. Қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетін зерттеуге зор үлкес қосқан тұлғаның «Мағжаншыл ғалым» деп айыпталып, тар жол тайғаққа кешуі телетуындыға арқау болады. Әлкей Марғұланның Мағжанға деген құрметі мен Мұхтар Әуезовпен жылы қарым-қатынасы көрерменін сүйсінтпей қоймайды.