Туризм және спорт министрлігі қазақстандық спортшылардың өткен аптадағы жарқын жеңісіне шолу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бокс: Отандық былғары қолғап шеберлері Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен бокстан ерлер мен әйелдер арасында Париж Олимпиадасына лицензия беретін іріктеу турнирінде 5 лицензия жеңіп алды. Атап айтар болсақ, ерлер бәсекесінде Сәкен Бибосынов (51 кг), Сабырхан Махмұд (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг) және Айбек Оралбай (91 кг) лицензияға қол жеткізді. Өкінішке қарай қыздар құрамасының бірде-бір өкілі жолдама ала алмады. Сонымен қатар Сербия астанасы Белградта бокстан дәстүрлі Бранко Пешич мемориалы мәресіне жетті. Қазақстан боксшылары 4 алтын, 4 күміс еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Таэквондо: Қытайдың Тайань қаласында аяқталған таэквондодан Азия құрлығының соңғы лицензиялық турнирінде Ұлттық құрама спортшылары ел қоржынына Париж Олимпиадасының 2 жолдамасын салды. Жарыстың алғашқы күнінде Батырхан Төлеуғали (-80 кг) екі айқаста ешкімге дес бермей, Олимпиадаға лицензия алған ең жас қазақ таэквондошысы атанса, келесі күні Самирхон Абабакиров (58 кг) жартылай финалда Филиппин өкілін жеңіп, Париж жолдамасына ие болды.
Фристайл-акробатика: Швейцарияның Айроло қаласында мәресіне жеткен фристайл-акробатикадан Еуропа кубогінің кезеңінде жерлесіміз Шерзод Хаширбаев жеңіске жетті. Шерзод Хаширбаевқа алтын медаль алу үшін 96.93 ұпай жеткілікті болды. Украиналық атлет Максим Кузнецов (94.82 ұпай) күміс, швейцариялық Пирмин Вернер (93.99 ұпай) қола жүлдеге ие болды.
Шорт-трек: Нидерланд Корольдігінің Роттердам қаласында өтіп жатқан шорт-тректен әлем чемпионатында Денис Никиша күміс медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама көшбасшысы 500 метрге жарыста мәре сызығын екінші болып кесті. Бұл – Қазақстанның шорт-тректен ересектер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі.
Сурдлимпиадада: XX қысқы Сурдлимпиадада шахматтан Қазақстан ерлер құрама командасы жарыстың қола жүлдесіне ие болды. Бас жүлдені Хорватияның спортшылары еншілесе, күміс медаль Польша командасына бұйырды. Ұлттық құрама сапында Сұлтан Қожахметов, Самажан Кеттебеков, Максим Рожков, Амангелді Наурызғалиев, Мейрман Пернеев және Виктор Максименко ойнады.
Шаңғымен тұғырдан секіру: Польшаның Закопане қаласында өткен шаңғымен тұғырдан секіруден FIS кубогінде отандасымыз Данил Васильев үлкен трамплиннен секіруде (Large Hill HS 140) топ жарды. Бұл – Қазақстан спортшыларының FIS кубогі тарихындағы алғашқы жеңіс. Сонымен қатар осы жарыста бақ сынаған Канвон-2024 қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Илья Мизерных 15-орынға ие болды.
Теннис: Әлемнің 276-ракеткасы Дмитрий Попко Бразилияның Фейра-де-Сантана қаласында өткен ITF M25 турнирінің чемпионы атанды. Отандасымыз жарыстың финалында дүниежүзілік рейтингте 771-орында тұрған америкалық Харрисон Адамспен кездесіп, қарсыласын екі сетте 6:4, 6:4 есебімен жеңді.
Каратэ: Түркияның Анталья қаласында ұйымдастырылған WKF каратэден Karate1 Premier League – Antalya турнирінде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 3 қола жеңіп алды. Атап айтқанда, Мөлдір Жаңбырбай мен Бэлла Самашева топ жарса, Софья Берульцева, Әсел Қанай мен Нұрқанат Әжіқанов ел қоржынына қола медаль салды.
Мәнерлеп сырғанау: Люксембургтегі Coupe du Printemps халықаралық турнирінде Диас Жиренбаев 211,76 ұпай жинап, жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ отандасымыз мансабындағы рекордтық ұпайына қол жеткізді.
Көркем гимнастика: Грекияда өткен халықаралық «Афродита кубогі» турнирінде отандық көркем гимнасшылар 3 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде жеңіп алды. Айбота Ертайқызы ұршық және лента жаттығуында топ жарса, доп жаттығуында қола жүлдеге ие болды. Ал Эрика Жайлауова доп жаттығуында үздік шықты. Сонымен қатар Милана Парфилова лента жаттығуында күміс, ұршық жаттығуында қола жүлдеге қол жеткізді.