Қазақ-өзбек шекарасындағы көлік кептелісі мәселесі шешіледі

23 Қараша 2022, 13:16 812

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бақылау пункттерінің 70 пайызы ескірген

Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы өткізу пунктінде күн сайын 300-ден астам көлік кептелісте тұрады. Бұл бірнеше факторларға байланысты. Екі ел арасында ең көп пункт орналасқанымен, күнделікті осындай қарбалыс орын алады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бақылау пункттерінің 70 пайызы ескірген. Техникалық талаптарға сай келмейді», - деді Бақытжан Слямов.

Қазіргі таңда, Қазақстан да, Өзбекстан да өткізу пунктерін жаңғыртуды жүзеге асыруда. Осы орайда, екі Үкімет арасында өткізу пункттерін, автомобиль жолдарын қайта құру және жаңғырту және қазақ-өзбек шекарасындағы іргелес аумақты жайластыру жөніндегі Жол картасына қол қойылғанын атап өтті.

«Көлік ағынының өсуін және төлемдердің түсуін ескере отырып, біз 2022 жылдан бастап ЕАЭО сыртқы шекарасындағы 9 автомобиль, 1 теміржол өткізу пунктін және Астана қаласындағы ҚМ МКК Бас диспетчерлік басқармасын жаңғыртуды және техникалық жете жарақтандыруды бастадық», - деді ол.

Сонымен қатар, Қытай шекарасында пандемияға байланысты көлік құралдарын өткізу әлі де шектеулі, осыған байланысты жүргізушілер өз кезегін апталап күтетіндігін айтты.

Миражан Махан
Бөлісу: