Тәуелсіздік күніне орай Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ұжымы Хельсинкиде «Ұлы дала дауысы» атты концерт берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Еліміздің Финляндиядағы елшілігі ұйымдастырған шараға саясаткерлер, дипломатиялық және академиялық корпус өкілдері мен қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.
Астана әкімдігіне қарасты мемлекеттік академиялық филармония ұжымының бұл Финляндиядағы алғашқы концерті. Бұған дейін «Карнеги хол, Торонто мен Бастилия» сахналарын бағындырған қазақстандық музыканттарды көруге көпшілік Хельсинкиден 300, 400 шақырым қашықтықтағы қалалардан, көршілес Эстониядан жиналған. Залда ине шаншар жер жоқ. Филармония құрамындағы «Қорқыт» этно-ансамблі «фин полькасын» ұлттық аспаптармен орындап, ә дегеннен-ақ, көптің ыстық ықыласына бөленді.
Мен концерттен керемет әсер алдым. Қазақстандық оркестрдің мұндай концертін бұрын-соңды көрмеп едім. Ұлы даланың әуені ғажап. Осындай концерттер жиі болып, мәдени қатынасымыз нығая берсін. Тәуелсіздік мерекелеріңіз құтты болсын, - дейді Финляндия Парламентінің депутаты Сакари Пуисто.
Талғамы биік көрерменге музыканттар Дәулеткерейдің «Көрұғлысын»күмбірлетіп, қазақтың күй өнерінің құдіретін сезіндірді. Халық әндері мен операны итальян тілінде шырқаған әншілердің шеберлігі де жұртты тәнті етті. Опера жұлдызы Сүндет Байғожин сазгер Ренат Гайсиннің сүйемелдеуімен «Айттым сәлем, Қаламқасты» орындап, көпшілікке ұлы Абайды таныстырды.
Атақты скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиев те жерлестеріне қолдау көрсету үшін Франциядан арнайы келді. Виртуозды музыкант әлемдік классика жауһарларын құйқылжыта орындады. Екі сағатқа созылған концертті көрермен тік тұрып тамашалап, өнерпаздарға тік тұрып қошамет көрсетті.
Концерт аншлаг боп өтті. Елімізге, мемлекетімізге барып қайтқандай болдық. Көзімізге жас алып, рақмет осындай концерт ұйымдастырғандарыңыз үшін, - дейді Финляндиядағы қазақ диаспорасының өкілі Гүлнәз Тілеубердиева.
Музыканттардың кәсіби шеберлігіне тәнті болған Финляндия жұрты таланттарға қошаметті жаудырды. Ұлы даланың ғажайып сарынын естіп, қазақ еліне виртуалды саяхат жасаған еуропалықтар енді Қазақстанға, Астанаға арнайы барамыз деп отыр.
Концерт қатты ұнады. Сүндет Байғожин, Ренат Гайсинді көргеніме қуаныштымын. Димаштың арқасында оларды жақсы танимын. Қазақтың музыкасын, Қазақстанды жақсы көрем, - дейді Хельсинки қаласының тұрғыны Яна Пелдола.