Қазақ күресінен Маңғыстау облыстық федерациясының президенті тағайындалды

21 Сәуір, 14:06 1116

Маңғыстау облысы бойынша Қазақ күресі федерациясының президенті болып Сағынғали Қылышбаев тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңадан басшылыққа келген Сағынғали Амангелдіұлы осыған дейін өңірдегі қазақ күресі қоғамдық бірлестігінің басшысы болған Дәурен Мұратбайды алмастырып отыр.

Жиынға Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Жамбыл Бисенқұлов, атқарушы директор Қайрат Борбасов, Маңғыстау облыстық қазақ күресі және дзюдо бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қабыл Бисенқұлы, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші Елубай Кенжебай мен өңірдегі спорт мектептеріндегі қазақ күресі бөлімінің бапкерлері қатысты.

Соңғы 2-3 жыл көлемінде өңірде қазақ күресі бойынша атқарылған жұмыстар туралы Қайрат Борбасов есеп берді. Оның ішінде төл күресіміз төңірегінде Маңғыстау облысының жетістігі, дамуы жайлы айтылды.

Еңбек жолын мұнай-газ кешенінен бастап, бүгінде кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп жүрген федерациясы басшысы ендігі жұмысын ұлттық күресті дамытуға арнауды көздейді. Жауапты міндетке кіріскен Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Сағынғали Қылышбаев қолдау білдірген алқалы топқа алғысын жеткізді.

Қазақ күресі - біздің төл спортымыз. Ұлттық күрестің Маңғыстау өңірінде дамуына федерация президенті ретінде бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмыс істеймін деген сенімдемін. Бар күш-жігерімді салып, дамытуға ат салысуды өзімнің парызым деп санаймын. Маңғыстауда қазақ күресі спортында еңбек етіп жүрген білікті мамандардың бұл мен үшін орны бөлек. Өскелең ұрпақтың аталған спортқа деген қызығушылығын арттыруда өздеріңізбен бірлесе отырып, нәтижелі іс атқарамыз деп ойлаймын, - деді Сағынғали Қылышбаев.

Федерацияның кезектен тыс басқосуында Маңғыстау облысында қазақ күресінен бапкер болып еңбек етіп жүрген мамандардың ұсынысы тыңдалды. Облысқа қарасты екі қала мен бес аудандағы спорт мектептерінде жаттықтырушылық қызмет атқарып жүрген мамандар идеяларын айтып, келелі мәселелерді көтерді.

Жоғары ұлттық дәрежедегі төреші Кенжебай Елубай федерацияның жаңа басшылығына табыс тілей отырып, өңірде қазақ күресін дамытудың тың ұсынысын жеткізді.

Бірінші мәселе - қазақ күресі федерациясының аудан орталықтарындағы филиалдарын ашу қажет. Сол мәселені күн тәртібінде қарастырып, аудандардағы қазақ күресінің деңгейін көтеруіміз керек. Негізінен мықты балуандардың дені ауылда жүр. Ауыл балаларын қолдаумен қатар, демеушілік көрсетіп, олардың үлкен жарыстарда жарқырауына жол ашуға тиіспіз. Бізде жасөпірімдер санатында балалар жақсы күрескенімен, жастар құрамасына келгенде іркіліп қалады. Ал ересектер құрамасында күресетін балуандарды көбіне таппай қаламыз. Осы орайда жастарға еңбекақы төлеп, оларға ықпал жасай ататындай мүмкіндік қарастырылса дейміз, - деді қазақ күресінен белгілі төреші Кенжебай Елубай.

Сондай-ақ, Кенжебай Елубай әкімшілік тарапынан бекітілетін жалақы көлемін 200 мың теңгеге дейін көтеруді де айта кетті. 

Осындай ұсынысты атқарушы орындарға дайындау ұсыну кезегін күттірмейтін мәселе. Қазір ересектер бойынша Маңғыстау облысында құрама команда жоқ. Жарыс кезінде қазақ күресінен сынға түсетін балуан іздеп кетеміз. Жасөспірімдер құрамасында жақсы нәтиже көрсеткен балалар ересектерге ауысқанда еңбекақы болмағандықтан басқа спорт ауысады я спортты қойып кетеді. Осы мәселенің шешімін тапсақ, облыстағы қазақ күресінің болашағына сенім артуға болады, - деді Кенжебай Елубай.

Аудан орталықтарында бапкерлік қызмет етіп жүрген жаттықтырушылар 2012-2013 жылдан бері туған балалар арасында қазақ күресінен өтетін жарыстардың өте аз екенін алға тартты. Олардың айтуынша, кіші жасөспірімдер арасында жарыс болмаған соң баланың спорттағы бабын ашудың қиынға соғатынын атады. Дегенмен, федерация өкілдері кіші жасөспірімдер арасындағы тек ел чемпионаты өтетін жас санаттарына рұқсат ететінін жеткізді. Бұдан бөлек, өңірдегі қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Жамбыл Бисенқұлов кіші жасөспірімдер бойынша Маңғыстау облысында өтетін маңызды 4 жарысқа қосуға болатынын айтты. Тек оларға спорт шеберлігіне үміткер атағы берілмейтіні ескертілді. 

Күрес бойынша спорттық жарыс 10 жастағы жасөспірімдерден басталады. 2014 жылы туған жасөспірімдер арасындағы жарысты жергілік атқару орындар қолдаса алса, өткізуге болады. Осы орайда федерация 2013-2014 жылы туған балалар арасында 2024 жылдың соңына дейін бір турнирді ұйымдастыру мәселесін қолға алады, - деді Жамбыл Бисенқұлов.

Жиын барысында Маңғыстау облысы бойынша жасөспірімдер арасында разряд беру бойынша қаулыға өзгеріс енгізу мәселесі де ұсынылды. Сонымен бірге, федерация отырысында облыстағы қазақ күресі секциялары арасында тұрақты жарыстар өткізу мәселесі де қозғалды. Жарыстар ұйымдастыруда төрешілік жағының әділ болуы да ұсыныс ретінде қаперге алынды. Бүгінде Маңғыстау облысында қазақ күресінен халықаралық, ұлттық дәрежедегі төрешілерді дайындау мәселесі кемшін түсіп отыр. Сала мамандары жаңа басшылықтан осы мәселеге бей-жай қарамай, алда аймақта қазақ күресінен төрешілік ететін мамандардың біліктілік санатынын артуына ықпал етуді сұрады. Сонымен қатар, облыстық іріктеу жарыстарын аудан орталықтарында өткізу жайы да әңгімеге тиек болды. Ұлттық күрес саласында еңбек етіп жүрген мамандармен басқосуда федерация басшылығына келген Сағынғали Қылышбаев келелі пікір айтып, жаңа идеяларын алға тартқан әріптестердің әр ұсынысы ескерусіз қалмайтынына уәде берді.

Бүгіннен бастап жоспарымызды құрып, сіздермен бірге қоян-қолтық тығыз жұмыс істейміз. Бірінші мәселе - сіздердің тараптан айтылған ұсыныстың барлығын ескеріп, сол бойынша дамытуды қолға аламыз. Өздеріңізбен бірге қазақ күресін Маңғыстау облысында дамыту біздің қолымызда, - деді жиын соңында Сағынғали Амангелдіұлы.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: