Арабтанушы Ықтияр Палтөре 31 қаңтарда Катар Мемлекетінің астанасы Доха қаласында араб тілінен қазақ тіліне аударған еңбектері үшін Шейх Хамад атындағы аударма және халықаралық өзара түсіністік жөніндегі жүлдені жеңіп алды. Атап айтқанда, оның әл-Фарабидің «Бір және бірлік» трактатының қазақ тіліне аудармасы жоғары бағаланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ықтияр Палтөре Нұр-Мүбарак египет ислам мәдениеті университетінің Ғылым және инновация департаментінің директоры. Бұған дейін әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің Шығыстану факультетінің деканы болған фарабитанушы ғылым докторы.
Жыл сайын берілетін бұл жүлдеге 200-ден астам үміткер қатысқанымен Ықтияр Палтөре өзінің араб тілінен қазақ тіліне аударған еңбектерімен жүлденің барлық талаптарына сәйкес келіп, жеңімпаз атанды.
Шейх Хамад атындағы аударма жәнехалықаралық өзара түсіністік жөніндегі жүлде 2015 жылы Доха қаласында араб және халықаралық қатынастар форумымен бірлесіп құрылды. Жүлденің тәуелсіз Қамқоршылар кеңесі, бейтарап Қазылар алқасы және кәсіби басқару комитеті бар халықаралық марапат болып табылады.
Сыйлықтың мақсаты - аудармашылардың еңбегін қадірлеу, олардың әлемдегі ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін бағалау, ерекше жетістіктері үшін марапаттау, шығармашылықты ынталандыру, жоғары құндылықтарды насихаттау және әртүрлілікті, плюрализм мен ашықтықты тарату болып табылады. Ол сондай-ақ білім мен диалог мәдениетін нығайтуға, араб және ислам мәдениетін таратуға, халықаралық түсіністікті дамытуға және аударма арқылы араб тілі мен әлемнің басқа тілдері арасындағы байланыстарды ынталандыруға, араб кітапханасын әлемдік мәдениеттің, әдебиеттің, өнер мен ғылымның маңызды туындыларымен байыту, сондай-ақ әлемдік мұраны араб және ислам мәдениетінің туындыларымен байытуға бағытталған.
Жүлде Қатар Мемлекетінің 1995-2013 жылдар арасындғы басшысы Шейх Хамадтың атымен аталады. Ол елдің көркеюіне сүбелі үлес қосқан тарихи тұлға. Шейх Хамад тарихи тұлға дейтін себеп ол 1995 жылы «сарай төңкеріс» арқылы әкесін биліктен аластатып, елдің гүлденуінің алғышарттарын қамтамасыз еткен соң әке алдындағы кінәсін шайғандай 2013 жылы өз еркімен биліктен кетіп, үлкен ұлы шейх Таммимге билікті тапсырған.
Қатар Мемлекеті жер аумағы жағынан Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан бес есе кіші екендігіне қарамастан, араб әлеміндегі ең бай және «ақпараттық алып мемлекет» болып табылады. Ең бай араб мемлекеті деген себебіміз, Қатар табиғи газ қоры бойынша әлемдік жетекші елдердің үштігіне, оны өндіру жағынан төрттігіне кіреді. Қатардың ЖІӨ-сі (жалпы ішкі өнім) адам басына шаққанда 88 мың АҚШ долларынан келеді .
Ал Қатар елін «ақпараттық алып мемлекет» дәрежесіне көтерген әлемге әйгілі «әл-Джазира» телеарнасы болып табылады. Аймақ елдеріндегі дәстүрлі жабық қоғам жағдайында бұл канал аймақтағы ірі елдердің іргесін шайқалтқан бұл мемлекеттің сыртқы саясатының құралы болды. Сарапшылар осы каналды 2011 жылы бұрқ ете қалған «араб көктемінің» отына май құюшы деп те санайды.
2017 жылы Сауд Арабиясы бастаған араб елдері Катар Мемлекетін «Ислам мемлекеті»секілді және басқа да террористік ұйымдарды қолдайды деген желеумен бұл елге дипломатиялық қоқан-лоққы жасап, «әл-Джазира» телеарнасын жабуды, Иран, Түркиямен байланыстарын үзуді талап етті. Дағдарыс 3,5 жылға созылып, 2020 жылы Қатар мен Сауд Арабиясының татуласуымен аяқталды. Бір атап өтерлігі, Қатар ұстамдылық пен сабыр сақтап, өзінің ұстанымдарынан айнымады, бас тартпады.
«Әл-Джазира» телеарнасы «мемлекет ішіндегі мемлекет» секілді Қатар үкіметінің қаржыландыруына қарамастан елдің ішкі өмірі туралы хабар бермейді, халықаралық ақпараттық канал ретінде әрекет етеді. Осы тұрғыдан алғанда «әл-Джазира» телеарнасыжүлдені жеңіп алған Қазақстаннан келген арабтанушы Ықтияр Палтөрені өзінің «һаза ас-сабах» бағдарламасына шақырып сұхбат алғандығы тосын, бірақ лайықты оқиға болды.
Телесұхбат барысында Шейх Хамадатындағы аударма және халықаралық өзара түсіністік жөніндегі жүлде басқару комитетінің кеңесшісі доктор Ханан әл-Файад Ықтияр Палтөренің кәсіби және адами деңгейін жоғары бағалады. Ықтияр Палтөре де жатық әдеби араб тілінде сұрақтарға мазмұнды жауап беріп, қазақ арабтанушыларының деңгейін көрсете білді.