Қазақ философиясында дүниетанымдық маңызды сұрақтар қойылған – Толғанай Мұстафина

Кеше, 19:35 240

Бүгін – Әлемдік философия күні. Философия саласына қызығушылық танытатындар да, бұл саланың тұңғиығына батып, өмірлік сұрақтарына жауап іздейтіндер де жетерлік. Осы орайда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Толғанай Мұстафинамен сұхбаттасып, философия саласына қатысты қызықты сұрақтарымызға жауап алдық.

El.kz: Философия деген не? Біз нені түсінбей жүрміз? Көпшіліктің философия туралы түсінігі қандай?

Толғанай Мұстафина:  Философия деген ұғымға берілген анықтамалар көп. Философия туралы түсініктер жетерлік. Философияғы қызығу бір бөлек, философиямен айналысу бір бөлек, философияны түсіндіру бір бөлек, философияны түсіну бір бөлек. Қарап отырсақ, бір «философия» деген ұғым аясында сан алуан интерпретациялар бар. Бұның бәріне, сәйкесінше, сан алуан пікірлер де бар. Бірақ барлығын тізіп жатпай, бүгін философияға қатысы бар және философияға қызығушылық танытатындардың барлығын Әлемдік философия күнімен құттықтаймын!

Әлемдік философия күні жыл сайын қараша айының үшінші бейсенбісінде атап өтіледі. Бұл күнді ЮНЕСКО 2002 жылы бекіткен және 2005 жылдан бері ресми түрде халықаралық деңгейде аталып келеді.  Бұл күннің мақсаты – философияның қоғамдағы маңыздылығын көрсету, сыни ойлау мен диалог мәдениетін насихаттау, адамзаттың жаһандық мәселелерін талқылауға ықпал ету. Философия күні адамдарды терең ойлауға, өмірдің мәні туралы сұрақтар қоюға және интеллектуалдық пікір алмасуға шақырады.

Әртүрлі университеттер, институттар, білім-ғылым орындары бұл күнді әртүрлі форматта атап өтеді. Біздің кафедрамызда да жыл сайын әртүрлі іс-шаралар өткен болатын.

«Философия дегеніміз не?» деген сұрақ сонау ежелгі философтарды толғандырған сұрақ, оған ғасырлар бойы жауап беріп келе жатырмыз. Бірақ бұл сұрақ бүгінгі таңда 21 ғасырда өзектілігін жоғалтпай, тіпті керісінше соңғы кездегі цифрлық технологиялардың дамуы, бұрын қолданыста болмаған жасанды интеллект секілді құбылыстардың өмірімізге енуі және жалпы дүние, әлем туралы көзқарасымызды түбегейлі өзгеруі қайтадан бүгінгі таңда «философия дегеніміз не?» және «біз нені біліп келдік?», «нені білмей жатырмыз?» деген сұрақтарды қайта өзектендірді. Сондықтан «философия немен айналысады?» дегенде, негізінен философия көп жағдайда сұрақ қоюмен айналысады деп айтуға болады. Осыны ескеруіміз керек. Біз философиядан нақты жауаптарды күтеміз, бірақ, философия әрдайым нақты жауап бере бермейді. Оның негізгі табиғаты – сұрақ қоюда. Бірақ қандай сұрақ қою керек? Күнделікті қарапайым әдеттегі тіршіліктің сұрақтары емес, дүниетанымды түбегейлі өзгертетін, біздің өмірімізге бір жаңа леп әкелетін сұрақтарды қоя білуде. Мысалы, бүгінгі таңда ондай сұрақтар біздің өмірімізге жасанды интеллектің енуімен тығыз байланысты болмақ. Енді әрі қарай өмір сүреміз? Адам қалай өмір сүру керек? Ежелгі дәуірде, антика, ежелгі үнді-қытай қоғамында «Философия дегеніміз не? Әлем қалай жаратылды? Қалай қалыптасты?» деген сұрақтар қойылып, алғашқы ежелгі философтар ілімдерін жүйелей бастаған. Сол уақыттағы философтар осы сұраққа жауап іздеді. Бүгін 21 ғасырда біз қайтадан «Әлем дегеніміз не? Оның бас-аяғы қайда? Адамның ойлай, ойлану мүмкіндіктері қандай? Ойлау иесі адам ғана ма? Адам қалай өмір сүру керек?» деген сұрақтарды бүгінгі заманауи шындық шеңберінде қойып отырмыз. Осы сынды сұрақтарға зерделі адамның рефлексия жасағаны жөн.

El.kz: Философия адам өмірін өзгертеді ме? Қазіргі қоғамда философияның рөлі қандай? Ол адамдардың ойлау жүйесін қалай жаңғыртады?

Толғанай Мұстафина:  Философия адам өмірін өзгертуі мүмкін.  Мәселе, біз философияны қалай қабылдаймыз? Философия бізге өмірдің барлық жауаптарын дайындап бермейді. Ол бізді толғандырады, ойландырады, бұл өте қызықты, бірақ күрделі процес. Тұрпайы сұрақтар адамның көңілін басқа жаққа аудартып та кетуі мүмкін.

Бірақ философия әлемінде туындаған сұрақтар адамды әртүрлі ізденістерге жетелейтіні сөзсіз. Ізденістер белгілі бір өзгерістерге, трансформацияларға әкелуі мүмкін. Мысалы, адамдар мына дүние қалай қалыптасты деген сұрақтар табиғат заңдылықтарын ашуға, ғылымның, оның ішінде жаратылыстану ғылымдарының қаншама жаңалықтарды ашып, бүгінгі технологиялардың ашылуына септігін тигізген болатын. Айталық, «Адам дегеніміз кім?» деген сұрақ толғандырып, ғылыми тұрғыда, психология, биология, химия, анатомия сияқты ғылымдардың дамып, бізге адамды ашық кітап ретінде көруге мүмкіндіктерін туғызды. Яғни, философияның негізгі функциясы – сұрақ қою. Ол сұрақтардың жауаптарын белгілі бір шеңберде нақты ғылымдар ұсына алады. Дін, өнер сияқты салалар өз тараптарынан тағы жауаптарды ұсынады. Философия сұрақты қойып, шеттен бақылап отырған сияқты. Негізгі табиғаты сұрақ қою екенін түсінсек, қандай сұрақ қою қажет екенін де түсінетін сияқтымыз.

El.kz: Қазақ қоғамында философияның рөлі қандай? Моральдық-этикалық мәселелерді шешуде ұлттық философиялық мұра қалай көмектеседі?

Толғанай Мұстафина:  Кез келген халықтың өзінің философтары болған, бар және бола береді. Қазақ философиясы ғылыми тұрғыда әлемдік философияда әлі де болса жас түсінік. Өйткені, ұзақ уақыт бойы қазақ философиясы өзі жеке дара ілім, жүйе ретінде мойындалмай келген. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде нағыз қазақ дүниетанымын зерттеуге мүмкіндік қалыптасты деуге болады. Осы қазақ философиясы туралы кешенді көзқарастардың қалыптасуына академик Ғарифолла Есімнің үлесі зор деп айта аламыз.

Қазақ философиясында дүниетанымдық маңызды сұрақтар қойылған, оған белгілі бір деңгейде жауаптар берілген. Ілімдер қалыптасқан. Енді оның ерекшелігі ұзақ уақыт бойы қазақ мәдениеті көшпелі болғандықтан және дүниетанымдық негіздері ауызекі түрде сақталғандықтан, әрине, дер кезінде жазба еңбектері жазылмаған болатын. Бірақ қазақи ойлау дүниетанымы қазақтың ауыз әдебиетінде, әдет-ғұрыптарында, құндылықтар жүйесінде, тілінде, ділінде, діни дүниетанымында, салт-дәстүрлерінде сақталып келген. Осының негізінде қазақ халқы өзінің мәдениетін қалыптастырып, сақтап, өзіне тән дүниетанымдық жүйені құрған болатын.

Бүгінгі таңда әдетімізге айналып кеткен барлық ғұрыптар, құндылықтардың  астарында терең мән бар екені анық. Мән дегеніміз – философияның негізі.

Қазақ дүниетанымының, яғни, философиясының негіздерін ұғыну жолы, біздің кім екендігімізді, қалай өмір сүрген жөн, қандай әрекеттерді жасап, қандай нәрселерден аулақ болған жөн деген сияқты сүнделікті, бірақ үнемі өзекті сұрақтардың жауабына жақындауға болады. Ол жауаптарды, әрине, бүгінгі таңда орын алып жатқан трансформациялар тұрғысынан бағамдай алу қажет.

El.kz: Философия заманауи технологиялармен қалай бейімделіп жатыр? Жасанды интеллект философиялық сұрақтарға жауап бере ала ма?

Толғанай Мұстафина: Жасанды интеллект – алгоритмдерге негізделген компьютерлік жетілген бағдарлама екендігін білеміз. Жасанды интеллектке біз тез арада қанша сұрақ қойсақ ол миллиондаған гигабайт ақпараттарды тез арада өңдеп, бізге жауаптар беруі мүмкін. Бастапқы кезде қарайтын болсақ ол сұрақтар өте бір мәнді, мазмұнды болып көрінуі мүмкін. Бірақ, ешқандай жасанды интеллект нағыз философиялық сұрақты қоя да алмайды деген ойдамын. Осы туралы академик Жабайхан Әбдилдин «адам ғана шығармашылық ойлау қабілетті» екендігін өз еңбектерінде тарқатып жазады. Адам креативті ойлана алады.

Бүгінде жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, шын мәнінде, көпшілікті алаңдатуда. Өйткені, ол адам істеп келген көптеген жұмыстарды тез арада жүзеге асыра алады. Бірақ жасанды интеллект – машина. Оның өздігінен ойлануға қабілеті жоқ. Ойлану қабілеті, оның ішінде терең ойлану, шығармашылық ойлану қабілеті – адамға тиесілі қабілет екендігін ескеру қажет. Мәнді, өзектілігін жоғалтпайтын, рефлексия туғызатын сұрақтар. Осындай сұрақтарды қоя алатын адам сыни ойлануға дағдылы болады.

El.kz: Философия саласындағы зерттеуші, философия пәнінің оқытушысы ретінде Әлемдік философия күнінде қандай ойыңызбен сұхбатымызды түйіндер едіңіз?

Толғанай Мұстафина: Адамның таң қалуға деген, қызықты сұрақтарды қоюда, олар бойынша ізденуге деген құлшынысы арта берсін. Сау рефлексия адамды үнемі білгенінен білмегені көп екендігіне көзін жеткізеді. Бірақ білмеуімізді мойындау әлсіздігіміз емес, бізге, яғни, адамға ғана тән ерекше қабілет.

Философиямен кәсіби түрде айланысатын мамандарға еңбектің жемісті болуын, философияғы қызығушылық танытатындардың барлығына философия әлемі күрделі емес, қызықты, тартымды болып қала беруіне тілектеспін.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: