Қазақтың дәстүрлі ұлттық сусыны ретінде қымыз, шұбат, көже, айран, қымырандарды атағанымызбен шайымыз да дәстүрлі сусын ретінде өміріміздің бір бөлшегімізге еніп үлгергелі ұзақ уақыт болды. Мысалы Кенен Әзірбайұлының «Ойжайлау» әнінің қайрмасында:
Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап,
Отырса қыз-бозбала күліп-ойнап, десе
әйгілі «Аңшының әнінде»:
Самаурын ақ шәйнекпен тұрса қайнап,
Отырса бір сұлу қыз көзі жайнап, деген жолдар кезіксе, ақылдың ақыны болған Қадыр Мырза-Әлі:
...Ақ дастарқан – Ақ ниетің, Ырысың.
Ақ көңілмен айтасың сен дұрысын.
Қаймақ қатқан күрең шайдан жазылар
Қайдағы бір құрысың мен тырысың.
Ерлік жайлы айтылған сөз әлгіде
Есіңізде қалады енді мәңгіге.
Шайдың көркі – қаймақ емес, шынында,
Шайдың көркі — қызғылықты әңгіме, деп төгілтеді.
Ал осы шәй ішу қазақтарға қай уақытта келді, қайдан келді? Ал әлемдегі шайдың алатын орыны қандай? Мәдениетіне қалай ықпал етті? Бұл туралы айтпас бұрын әуелі шайдың тарихына назар аударып көрелік.
Шайдың пайда болуы...
Әлқисса, шәйдің алғаш шыққан жері Қытай деседі. Аңыз бойынша б.з.д. 2500 жылдары Қытай императоры Шен Йонг ем ретінде суды қайнатып ыстықтай ішкен екен. Жаздың шіліңгір ыстығында қызметшілері дайындаған қайнаған суына желмен ұшып келген бірнеше шай жапырағы түседі. Сусын өзінің дәмімен және қош иісімен билеушіні қатты қызықтырып, сол күннен бастап ол өзінің қол астындағыларға да шай демдеп, оны ішуді бұйырады.
Осылайша жел ұшырған шәй жапырақтары адамзат өміріне жаңа сусынның мәдениетін әкеледі. Аңыз осылай дейді.
Қытайлықтар алдымен шай бұталарын отырғызып, хош иісті сусын шығара бастады. Бұл мәдениеттің пайда болуы туралы көптеген теориялар бар. Ең алғашқы шай жапырақтарын археологтар қабірлерден 2400 жылдан астам уақыт бұрынғы соғысушы патшалықтар кезеңінен тапқан деседі. Ал жуырда Қытайда шай тарихы бұрын пайымдалып жүргеннен гөрі едәуір ертеде басталған, деген жаңалық шықты. «Чайна дейли» газетінің хабарлауынша, жергілікті ғалымдардың соңғы ашылымдары қазіргі ҚХР аумағында шай бұталарын өсіру кемінде 6 мың жыл бұрын басталғанын дәлелдейді. Чжэцзян мәдени құндылықтар мен археология зерттеу орталығының мамандары Нинбо қалалық округіндегі (Чжэцзян провинциясы, Шығыс Қытай) Тяньло тауы маңындағы Хэмуду неолит мәдениеті қазбаларын талдай келіп, осындай қорытындыға келді. Ғалымдардың назарын 6 мың жыл болған деп бағаланған шай бұтасының тамырлары өздеріне аударған. «Тамырлар төңірегіндегі топырақта ауыл шаруашылығы өңдеу жұмыстарының ізі сақталған. Бұл өсімдіктің өзі табиғи түрде өспегенін, адамдар қолымен отырғызылғанын байқатады», - деп атап өтеді археолог Сунь Гопин.
Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Шайды зерттеу институтының бұрынғы директоры Яэн Цикуньнің пікірінше, қазу жұмыстары кезінде табылған керамикалық бұйымдар ежелгі адамдардың шай қайнатуды білгенін көрсетеді. «Археологтар шәйнекке ұқсас затты тауып алды. Оның тұтқасы мен шүмегі бар», - деп әңгімеледі ол. Бұған дейін тарихшылар шайды тұтыну бұдан 3 мың жыл бұрын басталды, деген пікірде болып келген еді.
Батыс Хан әулеті кезінде адамдарда сусынның әсері туралы алдын-ала түсініктер болған. Сол кезде адамдар шәй туралы «жан тыныштығына қол жеткізуге және қуат беруге, суыққа төзімділікті қамтамасыз етуге, аштықты қанағаттандыруға және қартаюды бәсеңдетуге көмектесетін нәрсе» деп бағалаған екен. Осы қасиеттердің арқасында халық өсімдікке көбірек көңіл бөле бастап, қоғамда өндіріс пен тұтынуға байланысты көптеген әдет-ғұрыптар қалыптасып, орныға бастайды. Таң әулетінің билігі шәй мәдениетінің өркендеуіне жол ашып, тиісті рәсімдермен толығып, танымалдылығын арттырды. Адамдар шәй жапырақтарын өңдеуге бел шеше кірісті. Оның технологияларын дамытып, өндіру мен сақтаудың әртүрлі формалары пайда болды. Сонымен бірге шай туралы ғылыми еңбектер пайда болып, Сун әулетінде де бұл қарқын үдей түсті. Бұл уақытта шәй адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Шәй жазушылар мен ақындардың, каллиграфтардың және суретшілердің шығармашылығындағы маңызды тақырыпқа айналды. Кейіннен валюта деңгейіне көтеріліп, Ұлы Жібек жолы арқылы бүкіл әлемге таралып, жібек пен фарформен бірге Орта патшалықтың үш негізгі экспортының біріне айналды. Осылайша, Сианнан басталып, Шыңжаңдағы Тяньшуй, Ланьчжоу және Хэси дәлізі, сондай-ақ Персияға, Үндістанға және Римге Конглин таулары арқылы өтетін шай жолы пайда болды. Шәй экспортының негізгі бағыты Жапония, Персия, Арабия және Үндістанға бағытталды, онда ол орта патшалықтың Оңтүстік-Шығыс теңіз аймақтарынан жеткізілді. Камелияның танымалдылығын Марко Поло да жақсы сипаттап, ежелгі қытайлықтардың шай мәдениеті әртүрлі этникалық топтарға әсер еткенін атап өтті.
Ұлы Жібек жолымен...
Осылайша Ұлы Жібек жолы арқылы шәй әлемнің түкпір-түкпіріне жол тартты. Мысалы, Моңғолия мен Ресейде сығылған жапырақтарды қайнатуға негізделген шай дәстүрінің моделі қалыптасты. Шығыс Азия елдерінде – Жапония мен Кореяда шәй ішу дәстүрі жоғары дәрежеде дамып, шай ішу рәсіміне жол ашып, қарапайым адамдар үшін күнделікті сусынға айналды. Сондай-ақ, ағылшындардың осы мәдениеттің таралуына қосқан үлесі айту кеткеніміз жөн. Тұманды Альбион тұрғындарының шәймен танысуы Х ғасырдың бірінші жартысынан басталады және бұл процесте голландиялықтар маңызды рөл атқарды делінеді дерек көздерінде. Олар теңіздегі Ұлы Жібек жолы арқылы Қытаймен шәй саудасын бірінші болып бастап, өнімді басқа мемлекеттерге тасымалдап саудалайды. Англия солардың бірі болды. Шәй алдымен кофеханаларда сатылғанымен жергілікті тұрғындар бұл өнім туралы көп білмеді. Екінші Екатерина патшайым билік еткен жылдары британдық өмірге шәй ішу стилін енгізген деседі. Кейінірек алдымен Англияда, содан кейін бүкіл Еуропада дворяндардан бастап қарапайым адамдарға тұрақты тұтынатын сусынға айналды. Еуропаға шәйді венециялық саудагрелер алып барған деген де дерек бар. Ал шәйды нарыққа еңгізіп, кеңінен саудалануына португалдық көпестердің тигізген әсері зор болған. Сол кезеңдерде шәй өте бағалы болғандықтан, тек дәріханаларда сатылып, оны байлар ғана қолданатын. Ағылшындар Үндістан мен Цейлондағы коллонияларында шәй өсіріп, Қытайдың монополиясына бәсекелестік тудырып, шәй нарығында көш бастай бастады. Шәй XVI ғасырдың бас кезінде Ресей, Орта Азия және монғол халқы достық қарым-қатынас жасап тұрған уақытта Ресейге 1638 жылы келіпті. Россия патшасы Михаил Романов 1638 жылы монғол ханына сыйлық жібереді. Орыс елшісі Стариков Мәскеу патшасына Монғол ханның сыйлыққа берген шәйын әкеліп береді. Патшадан келген бағалы сыйлыққа жауап ретінде монғол ханы оған 200 қорап шай жөнелткен. Алғашқыда патша бұндай сыйлыққа қатты ашуланыпты. Бірақ кейін жаңа сусын патшаның да көңілінен шыға бастайды.Әуелгі кезде шайды дәрі орнына қолданып, кейіннен сусын ретінде ішу басталған. Ресей патшасы орыс көпестерін шай алып келу үшін 1669 жылы Пекинге әдейілеп жіберген.
Америка құрама штаттары шайдың арқасында құрылды деген де дерек бар. 1721 жылдан бастап Лондон колония тұрғындарына шетелдік компаниялардан шай алуға тыйым салып, оларды тек ағылшын өндірісін пайдалануға мәжбүрледі. Бірақ, ағылшын шайына қосымша 25% салық салынатын. Тұтынушылар үшін бұл қымбат еді. Сол себепті, ағылшындықтар өздері тығылып, заңсыз жолмен шай сатып алған. Сол себепті The East India Company тасымалдаушы компаниясы біраз шығынға батады. 1767 аяғына таман билік заңсыз әрекетті тоқтатып, табыс табу үшін Британиядағы салықты азайтады. Есесіне колонистерге қосымша салық қосады. Бұл америкалықтарға ұнай қойған жоқ. Колонистердің ағылшын парламентінде өз депутаттары жоқ еді, сондықтан Британия оларға қатысты шешім шығара алмайды деп қарсы шығады. Ол үшін олардың колониялық жиындары өтетін. Лондон жеңілдік жасағанымен, америкалықтардың қойған талаптарын елей қоймады. 1773 ағылшын билікі Шығыс Үндістан компаниясына өте арзан бағада колонияларға тікелей сатуға болатын "Шай заңын" шығарады. Бұл контрабандисттердің наразылығын оятады. 1773 жылдың 16 желтоқсанында Бостонның үштен бір бөлігі көтеріліске шығып, арзан ағылшын шайын тасымалдайтын кемеге жүкті жағаға жүктеуге кедергі келтіреді. Көтерілістен кейін кемеге басып кіріп, теңізге 342 қорап шайды лақтырып жібереді. Бұндай батыл әрекеттері Лондондағы билік өкілдерін таңғалдырмай қоймайды. Жаза ретінде британ билігі Массачусетс колониясына қатаң салықтар салып, оларды қыспаққа алады. Лондон Массачусетстің билік құрылымына араласа бастайды. Бұл 13 колонияның бірігуіне себеп болады. 1774 жылы метрополия күшті талаптар қойып, колониялардағы саудаға қарсы тыйым салған Алғашқы Континенттік конгресс өтеді. Бір жылдан соң 8 жылға созылып, нәтижесінде Америка Құрама штаттары қалыптасқан соғыс басталды. Дерек осылай дейді.
Түркияның шайға құрметі
Бүгінде тек алып шай тұтынушы емес, сонымен қатар жылына 1,5 миллион тонна шай өндіретін әлемде бірінші орында болған Түркия мемлекетінің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің шәйға қосқан үлесі зор екенін айта кеткен жөн. Ол қолға алған алғашқы өзгерістердің бірі шай реформасы еді. Түріктер ғасырлар бойына кофе ішкен. Алғашқы кофейня 1550 жылдары Осман империясында пайда болған. Алғашқы Дүниежүзілік соғыстан кейін кофе саудасы тоқтайды. Стамбул кофе өндіретін елдермен байланысты жоғалтып алады. Жетіспеушілік әсерінен ол қарапайым халық үшін қымбат сусындардың біріне айналады. Ататүрік шайға назар аударады: ол арзанырақ және оны Түркияда өсіруге болады. 1920-жылдары шай өндірісі қарқынды дами бастайды. Алғашқы шай зауыты 1947 жылы Ризада ашылады, 1965 жылы Түркия толықтай ішкі сұранысты қанағаттандыра біледі. Уақыт өте күшті қара шай түрік тұрмысының айналмас бөлшегіне айналады.
Бүгінде Түркияның қай жеріне барсаңыз да бір кесе түрік шайы сізді қарсы алады. Түрік мәдениетінде шайдың кең таралғаны сонша, онсыз бір күн де өмір сүру мүмкін емес. Таңғы астан кешкі асқа дейін шай түрік өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады. Шайдың маңызды және терең тамыры бар мәдени құрамдас бөлігі болғаны сонша, түрік шайы Түркия мен Әзірбайжанның бірлескен өтінішінен кейін 2022 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді.
Түркияда шай жылына үш рет жиналады: мамырдан маусымға дейін, шілдеден тамызға дейін және қыркүйектен қазанға дейін. Бұл Түркияның Шығыс Қара теңіз провинцияларындағы мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Бүгінгі таңда Түркиядағы шайдың 70% Ризе провинциясында өндіріледі, одан кейін Шығыс Қара теңіздегі Артвин, Трабзон және Орду провинциялары және Гиресунның кейбір аймақтары келеді. Кейде аймақта «жасыл алтын» деп аталатын Ризе шайы әлемдегі «ең табиғи шай» ретінде де белгілі — бұл өсіп келе жатқан жапырақтарға қар жауатын жалғыз аймақ.
Қазақтың қара шайы қашан келді?
Бұл сұраққа Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің экскурсия жүргізушісі Мира Кутушева былай дейді: «ХVІІІ ғасырда Еділ мен Жайық арасында пайда Ішкі қазақ ордасында, яғни Бөкейлікте 1832 жылдан бастап «Хан жәр-меңкесі» ұйымдастырыла бастады. Жәрмеңкенің арқа-сында Хан ордасы тоғыз жолдың түйіскен торабына айналып, Ресейдің орталық қалаларынан, Хиуа, Бұхар хандықтары мен Қырымнан ірі саудагер-көпестер ағылды. Қазақтардың төрт түлік малы айырбас саудаға салынып, түйе, қой жүні, мал терісі, ешкінің түбіті, әсіресе, мал өнімдері, қымыз шұбат, құрт, ірімшік, қазы-қарта т.б тағамдары үлкен сұранысқа ие болса, орыс, татар саудагерлері өнеркәсіп өнімдерінің алуан түрлерін әкеліп, сауданы қыздырды.
Ал осы хан жәрмеңкесінде сауда-саттықпен айналысқан татар саудагерлері мен орыс көпестерінің қазақ өміріне әкелген жаңалығының бірі шәй еді. Олар шәй сатумен бірге оны дайындайтын ыдыс-аяқты, шәй ішетін дәмді-тәттілерін де әкелген. Бірақ бұл тауарлардың қымбаттығына байланысты кез келгеннің қолы жетпеген. Тек ауқаттылардың дастарқанында болған. Оған мысал – Бөкей ордасында 1844 жылы болған барон Бюлер старшын Ақболат Саңғырықовтың үйі-нен шай ішкен кезде алғашқы кесе шәйін қантпен ішкені, кейінгілеріне қант жетпей қалғаны туралы баяндайды. Ғалым-этнограф, орыс географиялық қоғамының мүшесі Мұхамед-Салық Бабажановтың 1861 жылы «Северная пчела» басылымында шыққан «Қазақтың қазақтар жөніндегі жаз-балары» деген мақаласында: «Жәңгір хан саудамен және қандай да болмасын бір кәсіп түрімен айналысқан адамдарға айрықша рақымды болып, ілтипат жасап отырды. Негізінен, саудамен орыстар, татарлар айналысты. Олардың үлгісімен бірен-саран қазақтар да ептеп саудамен шұғылданатын бол-ды. Татарлардың қазақтарға таратқан тағы бір әдеті бар – ол шәйді едәуір көп пайдалану. Қазір Орда халқының жар-тысынан көбі шәй ішеді. Оның өзі көптеген адамның қолына түсе бермейді. Қарттар іздеп таппай, амал қанша, «үйреніп қалдық, бас ауырады» деп қатты қапаланады. Көңіл аударуға тұратын бір жағдай – Астрахан губерниясы Қызылжар уезіндегі Екінші Каспий жағалауы өлкесінің қазақтары тақта шәй ішеді. Бұл әдетті олар сол маңдағы көшіп-қонып жүретін Күн-дария және Астрахан татарларынан үйренген, олар үшін шәй өте қажет сусын және тағам болып есептеледі» - деп жазады. Ал жаратылыстану ғылымдарының докторы, профессор Модест Яковлевич Киттары «Ішкі Қазақ Ордасындағы Хан Ставкасы» деп аталатын еңбегінде Хан жәрмеңкесінде сатылған шәй мен қанттың басты тауарлар қатарына кіргенін айтады. Шәй қазақ халқының өміріне ХІХ ғасырда енген. Әдетте шығыс халқының көне қолжазбаларында шәй туралы: «Шәй – ғажап сусын, ішсең рухың көтеріледі, шаршасаң тынығасың, бойың жеңілдейді, басыңа жаңа ой келеді, өмірде кездесетін қиыншылықты жеңетін қуат береді» деп жазылған». Ал орыс ғалымы М.Я.Киттара ХІХ ғасырдың ортасында қазақтар «уақыт пен жерді талдамайды» шай ішеді деп жазады.
Ал Асылбек Байтанұлы «Қазақтардың шайды сусын ретінде қолдана бастағаны туралы деректер, әсіресе, ХҮІІІ ғасырдағы орыс, қытай құжаттарында жиі кездеседі», дейді. «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері яғни Қытай патшалық дәуірінің мұрағат құжаттары атты кітаптың екінші томында (қытай тілінен аударған Бақыт Еженханұлы: «...Тайпа-тайпаға бөлінетін қазақтар әр жерде тұрады... Ішкі Қытайдан шығатын шайды олар аса ұнатпайды, сондықтан ондай шайларды оларға апарудың қажеті жоқ...», - деп анықтап жазады. 1758-жылы 8-сәуірде тиісті лауазымды орындарға жолданған бұл құжаттан қазақтардың шайға деген сұранысы мен талғамын аңғарамыз. Бұл – Жоңғария құлағаннан кейін Үрімжіге қазақтардың Мәнжі-Шың үкіметімен айырбас сауда жасай бастаған кезеңі. Демек, дәл осы кезеңнен, яғни бірнеше ғасыр бойы Қытаймен ортада буфер болып, саяси-экономикалық тұрғыда Орта Азияны ықпалында ұстаған Жоңғария жойылған кезден бастап қазақтарда шай ішу дәстүрі қарқын ала бастады деп айтуымызға болады. Ресейде де бұл кезеңде шай танымал сусынға айналып үлгерген еді. Ресейге шай мен оны қайнататын ыдыс самаурынның етене болуына екі түрлі жағдай әсер етсе керек. Біріншіден, «Еуропаға терезе ашқан» Петр І патша үлгі-өнеге алған мемлекет Голландия – қытай шайын батыс әлеміне жеткізуші ел болғандығы. Екіншіден, ұланбайтақ Сібірді жаулаған бойы Тынық мұхитқа барып тірелген Ресейдің қытай мәдениетімен бетпе бет келуі. Қазіргі Ресей-Монғолия шекарасындағы Қияқты (Кяхта) қаласы – орыс-қытай шай саудасының орталығы ретінде осы кезеңде даңқы өрлеп тұрды.
Кейбір тарихи құжаттарға қарағанда, қазақ қоғамына шайды мейлінше таратып, экономикалық тәуелді болдыруға Патшалық Ресей мүдделілік танытып, жүйелі жұмыс жүргізген. Мұны Орынбор облыстық Мемлекеттік архивте Орынбор өлкесі әскери губернаторы граф П.К.Эссенге 1829 жылы граф, вице-канцлер Нессельродтың жолдаған хатынан айқын көреміз. Онда мынадай ой айтылады: «Орал тауының ар жағында өмір сүретін көшпелі халықтар (қазақтар мен башқұрттар) арасында кірпіш шайды тұтыну әдетін енгізу керек және бұл Ресей мемлекетінің Қытаймен, оның ішінде Қияқты кедені арқылы жасалатын сауда-саттықта мол кіріс әкелуге тиіс.» Қалай болғанда да ХҮІІІ ғасырдың соңғы бөлігі мен ХІХ ғасырдың басында қазақтар шайды көптеп тұтынатын халыққа айнала бастайды. Бірақ, бұл Бірақ, бұл – әлі де болса ауқатты тұрғындардың ғана қолы жететін игілік дәстүрі еді. Шай ішу дәстүрі Ресей тарапынан келді деуге тағы бір дәлел – орыс мәдениетімен алғаш ықпалдасқан батыс пен солтүстік қазақтары арасында шайға қатысты тарихи деректер мен әдеби фрагменттер ХІХ ғасырдың ортасынан бастап ұшыраса бастайды.
Бұл ақпараттарға сенсек, демек шайдың біздің өмірімізге ХІХ ғасырда мықтап енгенін білеміз.
Шайхана мен шай рәсімі
«Қабылдау үлкен бөлмеде шай ішу рәсімімен басталды. Кунг-Фу шайы. Бәрі қамыс төсеніш үстінде отыр. Қоңыр лакпен сырланған төрт бұрышты бамбук үстелдер. Бір шетте шоғы қып-қызыл пеш. Одан әріректе бүйіріне тырналар суреті салынған фарфор вазалар. Қызметшілер тұтқасыз, бірақ қақпағы бар, қақпақ астында тостаған, - патнас көтеріп кірді. Үй иесі рәсім барысына ақырын түсініктеме беріп отыр. — Тұтқасыз ыдыс – жер; қақпағы оның қорғанышы, яғни аспан; тостаған – қорғанышының астында аяғымен жер басып нық тұрған адам. Тағы бір қызметші жалпақ ағаш тақтай алып келді. Тақтай үстінде күлгін балшықтан жасалған исинь шәйнегі, ыстық су құйылған шағын қазан, шай қорабы, арнайы қысқыштар, бамбук және фарфор қасықтар. Ауада ақжұпар иісі аңқиды, құстардың сайрағаны, жеңіл музыка әуені естіліп тұр. Бүкіл рәсім жеті кезеңнен тұрады: шәйнекті қыздыру, шай жапырақтарын көрсету, шайды бұқтыру, бұқтырылған шайды ыстық сумен шаю, фарфор қасықпен шайдың көбігін алу, шайды қайта бұқтыру, сосын тағы бір рет шайып алу. Шайды үй иесінің өзі құйды. Ол шай ішуді «аспанның жұпарға шомылуы» деп атап, адамның одан алатын рахаты туралы әңгімелей келіп, қонақтарына өсіп өркендеңдер, бай-бақуатты, бақытты болыңдар деп ақ тілегін білдірді...». Бұл жазушы Өтен Ахметтің қытайдың шәй рәсімін суреттеген жазбасы. Бүгінде әр елдің шәй ішу рәсімі бар. Бұл ретте қытай мен жапон жұртының мәдениеті ерек көрініп тұрады. Әсіресе әлемдегі шай дәстүрі жақсы дамыған ел - Қытай. Бұған қатысты қытайлықтардың «үйге кіре салысымен 7 нәрсенің қамын ойла: отын, күріш, май, тұз, соя соусы, сірке су және шай» деген сөзі де бар. Қытайлықтар үшін шай – өмірдің таптырмас бөлігі. Онда тек үздік сұрыптағы шай мен арнайы ыдыс пайдаланылады. Арнайы ыдысқа шайды сақтауға арналған ыдыс, суға арналға шай тақтайы, шайды қайнатуға арналған жанарғы, шай жапырақтарына арналған шынаяқ жатады.
Қытайда алғашқы шайханалар Тан әулеті кезінде пайда болды (618-907). Сун дәуірінде (960-1279) олар елдің әр түкпірінде танымал болды. Суретші Чжан Цзэдуанның әйгілі «Хуанхэ өзеніндегі Цинминг мерекесі» картинасында өзен жағасында шарап сататын дүкендер мен шайханаларды көруге болады. Қазіргі Қытай шайханалары әлі күнге дейін өте танымал. Онда көбінесе іскерлік келіссөздер үшін кездеседі, отбасылар жиналады, тіпті үйлену тойларын өткізеді. Қытайдағы бүгінгі шайханалар Сун әулеті дәуіріндегілерге өте ұқсас. Бірнеше ғасыр бұрынғыдай, шайханалар келушілерге өздерінің мәдени бағдарламаларын ұсынады: эстрада әртістерінің, әңгімешілердің, әншілер мен өнерпаздардың қойылымдарын қояды. Шайханада әрқашан дәстүрлі үстел ойындары бар. Сун әулеті кезінде шайханаларда жыл сайын жаңа шай жинағаннан кейін жарыстар ұйымдастырылды. Жаңа шайдың сапасы мен әртүрлілігі шай жапырағының суға қаншалықты жылдамдықпен батырылатындығымен анықталды. Мұндай жарыстар шай рәсімдерінің прототипі болды деп саналады. Мысалы «Лао Шэ» шай үйі Қытай астанасындағы ең танымал шай мекемелерінің бірі. Ол Бейжіңнің қақ ортасында, Цяньмень көшесінде, Тяньаньмэнь алаңының оңтүстігінде орналасқан. Шайхананың кіреберісінде қызметшілер әрқашан қоңырау шалып сыпайы түрде қонаққа шақырады. «Лао Шэ» шайханасын 1988 жылы Бейжіңде кәсіпкер Инь Шэньсин ашты. Ол әйгілі жазушы Лао Шэнің есімімен аталды. Ол ескі Бейжің дәстүрінің білгірі және халық шайханаларын жақсы көретін. Бірте-бірте «Лао Ше» шай үйі Бейжіңнің танымал брендіне айналды, бұл қала тұрғындарының ғана емес, Қытай астанасының қонақтарының да демалар орны болды. Шайхананың үш қабаты бір-біріне ұқсамайды. Әдеттегідей, мейрамханада осында болған атақты адамдардың көптеген суреттері бар. «Лао Шэ» шайханасына Джордж Буш, Генри Киссенджер, Джеки Чан және барлық мемлекет басшыларының суреттерін көруге болады. Мұнда шет мемлекеттердің 100 басшысы қабылданған. Қазір «Лао Шэ» шай үйінде 200-ден астам адам жұмыс істейді. Әр кеш сайын адамдар шайханаға ағылады, барлығы керемет шай ішіп, әртістердің ерекше қойылымдарын тамашалайды. Концерт және шай залы 3-қабатта орналасқан, ол 330 орынға арналған. Шай рәсімімен біріктірілген кешкі шоуларға билеттер күні бойы сатылады. Билетті интернет арқылы тапсырыс беруге де болады.
2022 жылдың 29 қараша күні «Қытайдың дәстүрлі шай дайындау дағдылары және оған қатысты әдет-ғұрыптар» Марокконың Рабат қаласында өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің 17-нші кезекті сессиясында тексеріліп, ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы өкілдік жұмыстарының тізіміне кірді.
Қытайдың дәстүрлі шай дайындау дағдылары және оған қатысты әдет-ғұрыптар - шай бақшасын басқаруға, шай жинауға, шайды қолдан әзірлеуге, шай ішуге және бөлісуге байланысты білім, дағдылар мен тәжірибелер. Ежелгі заманнан бастап қытайлықтар шай өсіруге, шай жинауға, шай қайнатуға және шай ішуге баса мән берген. Олар дами келе жасыл шай, сары шай, қара шай, ақ шай, улон шайы және қызыл шай сияқты алты негізгі шай түрі мен гүлді шай сияқты қайта өңделген шайларды әзірлеген. Сондай-ақ 2000-нан астам түрді қосып, көпшіліктің шайдың дәмін татып, шайдан ләззат алуына мүмкіндік берді.
Дәстүрлі шай дайындау дағдылары негізінен Цинлин тауы, Хуайхэ өзенінің оңтүстігі мен Цинхай-Тибет үстіртінің шығысында орналасқан Янцзы өзенінің оңтүстік-солтүстігі, Оңтүстік Қытай мен оңтүстік-батыс Қытай сынды төрт негізгі шай аймағында шоғырланған. Осыған байланысты шайға қатысты әдет-ғұрыптар бүкіл елге кең таралған және бұл әдет-ғұрыптар көптеген этникалық топтарға ортақ. Шай дайындаудың жетілген және дамыған дәстүрлі дағдылары мен олардың кең де кемелді әлеуметтік тәжірибелері Қытай ұлтының шығармашылығы мен мәдени әртүрлілігін көрсетеді. Сонымен бірге шай мен аспан асты, кеңпейілділік пен ортақ өмір сүру дәстүрін жалғастырып келеді.
Ұлы Жібек жолы, ежелгі шай жолы т. б. жолдардың арқасында шай бүкіл тарихты қамтып, ұлттық шекараны кесіп өтіп, әлем халықтарының ықыласына бөленді. Сөйтіп шай дәстүрі Қытай мен бүкіл әлем елдерінің бір-бірін тануының маңызды құралына айналды. Сол сияқты Қытай өркениеті мен әлемдегі басқа өркениеттер алмасуының дәнекері, адамзат өркениетінің ортақ байлығы деп танылды.
Шай өндірісі
Соңғы қырық жылда қытай шәйі керемет экономикалық жетістіктерге жетті. Әсіресе «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шәйге жаңа мүмкіндіктер ашты. Бүгінгі таңда Қытайда жүзден астам ықпалды шәй брендтері бар. 2022 жылы өнімнің экспорты 375,200 тоннаны құрап, 126 ел мен аймаққа таралды.
Ал биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қытайдың шай экспорты 2,2%-ға ұлғайып, 196,4 мың тоннаға жетті. Тиісті ақпаратты Қытайдың халықаралық ауылшаруашылық ынтымақтастығын ілгерілету қауымдастығы жанындағы шай өнеркәсібі комитеті таратты. Өз кезегінде ҚХР-ға шай импорты 41,5%-ға артып, 24,4 мың тонна болды. Синьхуа агенттігінің дерегінше, құны бойынша ол 10,1%-ға өсті. Шай өнеркәсібі комитетінің басшысы Вэй Юдің сөзінше, "Бір белдеу, бір жол" бастамасына қатысушы елдер алты айда шай саудасы бойынша негізгі серіктестер болған. Қытайдың аталмыш мемлекеттермен өзара тауар айналымы тиісті кезеңде 168,4 мың тоннаға жуықтады. Бірінші жартыжылдықта әріптес елдермен саудадағы экспорттың дені жасыл шай болды, оның үлесіне жалпы жеткізілім көлемінің 92,35%-ы тиесілі.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 99% -ы күн сайын шай ішеді, ал адамдардың жартысы бұл сусынның күніне төрт шыныаяқтан көп ішетінін мойындайды. Шайдың көп бөлігі Қазақстанға Үндістаннан, Шри-Ланкадан және Қытайдан келеді, бірақ республикада жоғары сапалы және өте қол жетімді өнімдер шығаратын өзінің шай өндіретін зауыттары да бар.
Еліміз өткен жылдың бірінші жарты жыл ішінде 40,4 млн АҚШ доллары сомасына 13,4 мың тонна шай импорттаған екен. Негізгі жеткізушілер Кения – 4,8 мың тонна, Үндістан – 4,7 мың тонна, сондай-ақ Қытай мен Ресей – әрқайсысы 1,1 мың тоннадан. Оған қоса шай өнімі Вьетнам, Иран, Шри-Ланка және Грузиядан да келеді. Өз кезегінде Қазақстан шайды Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Түрікменстанға, Тәжікстанға, Моңғолияға және Түркияға экспорттады.