Қазақ бұлбұлы Бибігүл Төлегенова 95 жас мерейтойын атап өтті

20 Қараша, 18:00 644

Қазақ халқының, қазақ музыкасының мақтанышы, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы, әлемге әйгілі опера әншісі Бибігүл Төлегенова биыл 95 жасқа толады. Өнер әлеміндегі қайталанбас дара тұлға өзінің сұлу дауысы мен жүрек тебірентер шеберлігі арқылы қазақ мәдениетінің биік шыңға көтерілуіне зор үлес қосты. Бибігүл Ахметқызы тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің ән әлемінде танылған тұлға. Оның өнері бірнеше буынның жүрегін баурап, даусы мен орындаушылық шеберлігі қазақ ұлттық өнерін әлем сахналарында танытты. Әншінің өмір жолы, қиындықтары мен жеңістерінің өріміне айналған нағыз өнер тарихы қазақ халқының мәдениетіне қосқан қомақты үлесі болып қала бермек. 

Балалық шағы және тағдыры

Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келді. Әкесі Ахмет сауатты, өнерге жақын, скрипкада ойнайтын жан болса, анасы Майнұр ән айтатын болған. Ахмет Қатонқарағай ауданында партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Алайда 1937 жылы әкесі «халық жауы» атанып, атылып кетеді. Бұл қайғылы оқиға отбасының тағдырына ауыр соққы болды. Әкесі репрессияға ұшырағаннан кейін, отбасы фамилиясын өзгертіп, Төлегенов болып жазылады.

Майнұр анасы небәрі 25 жасында жеті баламен жалғыз қалып, Қатонқарағайдан Семейге қоныс аударады. Екінші рет тұрмыс құрмаған, балаларын асырап, жеткізу үшін кез келген жұмысты істеп, бар өмірін еңбекпен өткізген. Анасы 91 жасында дүниеден озған.

Соғыс жылдарындағы қиындықтар мен ашаршылық та Бибігүлдің өміріне әсер етті. 14 жасында еңбекке араласып, Семейдегі ет комбинатында жұмыс істей бастады.

Өнерге алғашқы қадамдары

Бибігүл Төлегенованың әншілік жолы көркемөнерпаздар үйірмесінен басталды. Оның ерекше талантын кеңес жазушысы Галина Серебрякова байқап, вокалдан сабақ бере бастаған. Серебрякова Бибігүлдің дауысын құлпыртып, сахна мәдениетін меңгеруіне ықпал етті. 1948 жылы Бибігүл Алматыда өткен республикалық олимпиадада жеңіске жетіп, Қазақ консерваториясына оқуға қабылданады.

Консерватория және алғашқы табыстары

Консерватория қабырғасында жүргенде Бибігүл радиоға жеке әнші болып жұмысқа орналасады. Радио оның шығармашылық дамуына үлкен ықпал етті. Әншіге алғашқы танымалдылық әкелген шығармалар – Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» және Туликовтың «Шаттық вальсі» болды.

1954 жылы консерваторияны бітірген соң, Опера және балет театрына жұмысқа қабылданады. Алайда көп ұзамай филармонияға ауыстырылып, сол жерде өзінің көпқырлы өнерін дамытады.

Ал 1957 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен әншілер байқауында лауреат атанды. Оның репертуары қазақтың халық әндері мен классикалық туындыларды қамтыды. Әншінің орындауындағы «Гауһартас», «Жиырма бес», Л. Хамидидің «Бұлбұлы», Е. Брусиловскийдің «Қос қарлығашы» сынды туындылар халық арасында кеңінен танылды.

1971 жылы Бибігүл қайтадан Опера және балет театрына шақырылды. Осы кезеңде «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Алпамыс» операларында басты рөлдерді сомдады.

1980-2007 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында вокалдан сабақ беріп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Оның өнері мен ұстаздық қызметі қазақ ән өнерінің дамуына зор үлес қосты.

Халықаралық деңгейде танылуы

Бибігүл Төлегенова қазақ өнерін әлемге танытты. Ол Үндістан, Қытай, Египет, Франция, Италия сияқты көптеген елдерде гастрольдік сапармен өнер көрсетті. Оның даусына Нью-Йорк, Лондон, Париж, Токио сынды ірі қалалардың тыңдармандары таңғалды. Кеңес Одағының көрнекті өнер қайраткерлері оның орындаушылық шеберлігін жоғары бағалады.

Кино өнеріндегі орны

Әнші кино өнерінде де өзіндік із қалдырды. Ол «Тақиялы періште», «Дала қызы», «Ән қанаты» сияқты түрлі фильмде рөлдер сомдады.

«Дала қызы» фильмі 1954 жылы Алматы көркем және хроника фильмдер студиясында түсірілген. Режиссерлары – Шәкен Айманов пен Карл Гаккель. Фильм қазақ әйелінің жаңа қоғамға бейімделуі мен кеңес өкіметінің орнауы тақырыбына арналады. Басты рөлді Зәмзәгүл Шәріпова сомдаған, ал фильмде Қапан Бадыров, Шара Жиенқұлова, Нұрмұхан Жантөрин, Елубай Өмірзақов секілді танымал актерлер де ойнаған. Бұл фильмде Бибігүл Төлегенова Қарашаштың рөлін сомдады.

«Біздің сүйікті дәрігер» көркем фильмі 1957 жылы жарыққа шықты. Режиссері – Шәкен Айманов. Фильм Алматы маңындағы шипажайда жұмыс істеп келе жатқан дәрігер Анатолий Лавровтың өмірін баяндайды. Ол 17 жыл бойы адамдарды емдеп, олардың көңілін көтеруге тырысады, өйткені оның ойынша, адамдарды қуантудың өзі аурудан айықтырумен тең. Лавровтың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында шипажай қызметкерлері дәрігер емдеген артистерді шақырып, оған тосын сый жасауға тырысады. Алайда әншілердің бәрі кешке бос болмайтынын айтады. Фильмнің соңында олар бұл кешке дайындалып жүргенін және тосын сыйдың өзі ұйымдастырылғанын білуге болады.

«Тақиялы періште» – Кеңес Одағы кезінде «Қазақфильм» студиясында түсірілген ең танымал музыкалық комедиялардың бірі. Фильм 1969 жылы алғаш рет экранға шықты. Режиссері – Шәкен Айманов. Бұл фильмнің басты кейіпкері – география пәнінің мұғалімі Тайлақ. Ол алып денелі, кеңпейіл адам, анасы сыйлаған тақиясын ешқашан шешпейді. Анасы баласына жар іздеп, Алматыға келіп, оның қасында әрдайым әйелінің болуы қажет екенін айтады.

Фильмде Бибігүл Төлегенова Тананың қызының рөлін сомдайды. Ол «Абзал ана» деген әнді орындай отырып, фильмнің эмоционалдық әсерін арттырады.

«Алдар көсе» – 16 бөлімнен тұратын телехикая. Режиссеры – Дин Махаматдинов. Бұл телехикаяның басты кейіпкері – халық ертегілерінен жақсы таныс Алдар көсе, оның рөлін Дәурен Серғазин сомдайды. Фильмде Алдар көсенің әжесінің рөлін Бибігүл Төлегенова ойнайды. Телехикаяда Алдар көсенің қулығы мен тапқырлығына негізделген көптеген қызықты оқиғалар өрбиді.

«Балалық шағымның аспаны» – 2011 жылы Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық және жастық шағы жайында түсірілген фильм. Режиссері – Рүстем Әбдірашев. Фильм Үшқоңыр жайлауында, Шамалған ауылында, Қаскелеңде және Алматыда түсірілген. Картина сюжеті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Без правых и левых», «Эпицентр мира», «В сердце Евразии» сияқты кітаптарынан алынған. Фильмде Бибігүл Төлегенова бала Нұрсұлтан Назарбаевтың әжесінің рөлін сомдайды.

Сонымен қатар, Бибігүл Төлегенова КСРО халық артисі ретінде «Бұл Шұғылада болған еді», «Жұлдызыңды сақта», «Вокал параллельдері» сияқты фильмдерде де көрініс тапқан.

Марапаттары мен жетістіктері

Бибігүл Төлегенова – Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі, көптеген мемлекеттік сыйлықтардың иегері. Астана, Семей, Алматы және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағын алды. Сонымен қатар ол Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Қазақ КСР Халық әртісі, Ленин орденінің иегері, екінші рет Ленин орденінің иегері мен «Социалистік Еңбек Ері», «Еңбек ардагері» медалі мен «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалінің иегері, «Алтын барыс» атты ҚР Президентінің жеке Алтын белгісімен марапатталған. Оған қоса  ұлттық өнерге қосқан ерекше үлесі үшін Отан орденінің иегері атанды. Ал музыкаға қосқан үлесі үшін «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Қазақстанның музыка өнеріне қосқан үлесі номинациясы бойынша «Жыл адамы» атағын алды. Қазақстан Жұлдыздар аллеясында Жеке жұлдызға ие болды.

Екі мәрте Мәдениет саласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Мемлекеттік стипендиясының иегері, Республиканың мәдениеті мен музыка өнеріне қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері. Аталғандардан бөлек бірнеше Мемлекеттік және Үкіметтік марапаттарға ие.

Мерейтойы қалай тойлануда?

«Астана Опера» 17 қарашада аңызға айналған Бибігүл Төлегеноваға арналған салтанатты концертті өз сахнасында өткізді. Бұл шараға еліміздің ең үздік орындаушылары мен өнер қайраткерлері қатысты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған концерт Бибігүл Төлегеноваға арналған музыкалық тарту болды. Кеште көрермендер залында орын қалмай, оған келген әртістердің өнеріне зор құрмет көрсетілді.

Концерт Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар» жарқын көрінісімен басталды. Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың лауреаттары Расул Жармағамбетов пен Татьяна Вицинская, «Астана Опера» хоры, оркестрі мен балет труппасы дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевтың мәнерлеп оқыған Фариза Оңғарсынованың «Бибігүл – ән» өлеңі кештің көрігін арттырды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забированың орындауындағы Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні Бибігүл Төлегенова шығармашылығының бейресми символы ретінде танылып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Кештің айрықша сәті Бибігүл Төлегенова мен оның шәкірттерінің залда бірге отырған сәті болды, бұл сахнадағы әрбір өнер көрсетудің тарихымен байланысқандай сезілді.

Башқұртстанның халық әртісі Альфия Каримова, танымал балерина Айгерім Бекетаева, және басқа да өнер қайраткерлері өздерінің жарқын өнерлерін паш етті. «Астана Балет» труппасы «Ата толғауы» қазақ биімен, ал «Forte Trio» аспаптық ансамблі қазақ әндерінің попурриімен кештің мәнін ашты. Құттықтау сөздері мен шығармалар арқылы көрермендер Бибігүл Төлегеноваға деген құрмет пен ықыластарын білдірді.

Концерт соңында Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруымен барша өнерпаздар «Көктем туралы ән» шығармасын орындап, Бибігүл Төлегенова өзінің шәкірттерімен бірге қорытынды әнді ұсынды. Бибігүл Төлегенова өзіне арналып ұйымдастырылған шараға алғысын білдіріп, жас дарындарға батасын берді. Кешті аяқтау барысында оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан гүл шоқтары табыс етілді. Көрермендер өз әсерін бөлісіп, бұл шараның өнеріміз үшін үлкен мәні бар екенін атап өтті.

Түйін: Бибігүл Төлегенова 95 жылдық ғұмырында көптеген ұрпаққа шабыт беріп, олардың рухани әлемін байытты. Ешбір теңеу әншінің өнерін толық сипаттай алмайды, себебі ол өзінің даусымен және шеберлігімен қазақ мәдениетінің әлемдік сахнадағы биік тұғырына көтерілген ұлы тұлға. Бибігүл Төлегенованың есімі болашақ ұрпақтың жарқын жолын ашатын шамшырақ болары анық.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: