Қазақ баспасөзі мемлекеттің қолдауына зәру - сарапшылар

26 Қаңтар 2023, 11:27 1204

Өңірлік мерзімді басылымдардың әлеуетін көтеруге бағытталған форумның кезекті отырысы басталды

Сессияда ақпараттық кеңістікте жұмыс істейтін мамандарға жақсы жағдай жасау туралы мәселе көтерілді. Жалақы мен қаламақыны көтеру ғана емес, сонымен қатар олардың лауазымын көтеру керек деген дискуссия болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Билік өкілдері мен журналистер арасындағы түсініспеушіліктерді көріп жатамыз. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін, мамандардың этикасы мен оларға арналған заңдарды қайта қарастыру керек. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы «аккредитация» ұғымы қайта қарастыруды қажет етеді», - дейді Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямерген.

Айтуынша, бір журналистің бойында бірнеше саланы дамытып, "конвергенттік журналистиканы дамыту керек" деген талап қоймастан бұрын жалақыны көтеру керек.

Өңірден келген редакторлар газетке жазылу және оқу бүгінгі таңда трагедияға айналды деген пікір білдірді. Ал сарапшылар алдағы уақытта басылымдарды үлкен трансформация күтіп тұрғанын алға тартты.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС бас директорының орынбасары Әскер Пириев әлемдік тенденцияға сай контентпен жұмыс істеуді әдетке айналдыру керек екенін атап өтті.

«БАҚ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл ретте басылымдардың рөлі ерекше. Пандемия кезінде әлеуметтік желі мен сайттарға қарағанда газеттер сұранысқа ие болды. Себебі, жалған ақпараттар көбейіп кетті. Ал газет беттеріне шығарылған жазбалар уақыт өте зерттеліп зерделеніп жазылды. Бірақ осы уақыттан кейін әлемде түрлі жағдайлар орын алып елге қағаз алдыру мәселесі қиындап кетті. Ресей мен Қытайдан келетін тауарлардың көлемі азайып, бірнеше басылымдардың жабылуына әкеп соқты», - дейді ол.

Форумға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысып жатыр. Сессия соңында төртінші билік өкілдерінің сұрақтарына жауап беруге дайын екендігін білдірді.

Еске сала кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрі журналистерге жауап бермейтін мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылатынын айтты. Алдағы уақытта журналистердің этика мәселесі бойынша да заңнама қайта талқылауға түседі.

Айым Даниярқызы
Бөлісу: