Қазақ әншісі «Өзбекстан дауысына» қабылданды

26 Мамыр, 21:09 979

Еліміздегі дәстүрлі ән өнеріне жаңа серпін әкелген әнші деп бағаланып жүрген Асқар Мұқият «Өзбекстан дауысы» жобасына қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Өзбекстан аталған жобаны көрсету құқығына ие болған 76-ші ел атанды. «Дауыс» сөзі өзбекше «Овоз» деп аталады. Қазақстаннан бұл жобаға дәстүрлі әнші Асқар Мұқият қатысып жатыр. Ол «Көрмей тыңдау» кезеңінде қазылар алқасын таңқалдырды.

Астана қаласынан келдім. Қазақ ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінде оқығанмын. Көптеген байқаулардың жеңімпазымын, - деді әнші.

Кезінде Кеңес одағында атағы шыққан «Ялла» тобының солисі Фаррух Закиров бастаған қазылар алқасы қазақстандық әншіге жоғары бағасын берді.

Асқар ән айтқанда көз алдымызға кең байтақ Қазақстан даласы келді. Биік таулары елестеді. Дауысың керемет, - деді Фаррух Закиров.

Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Севара Назархан қазақ әншісі шырқағанда көзіне жас келгенін айтты.

Айтпақшы, Қазақстанға да жиі келетін Фаррух Закиров отандасымызбен бірге Тұманғали Молдағалиев сөзін жазған Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әнінен а капелла орындады.

«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, бара жатыр, бара жатыр құс қайтып», деп басталатын әннің бір куплетін қосылып орындады.

Көрмей таңдау кезінде Асқар Мұқият Өзбекстанның халық артисі әрі Мәдениет министрі Озодбек Назарбековты таңдады. Енді соның тобында болады.

«Овоз» жобасы тамыз айында мәреге жетеді.

Зарина Арман
Бөлісу: