Қазақ анимациясы бәсекеге қабілетсіз бе?

18 Мамыр 2023, 16:03 2121

Елімізде АҚШ, Ұлыбритания, Жапон, Қытай, Ресей елдердің анимациялық фильмдері көп көрсетіледі. «Disney», «Warner Bros», «Pixar», «DreamWorks» студияларының туындылары кеңінен таралып, әрқайсысы қазақ аудиториясын өзінің идеалогиясымен, дүниетанымымен, көзқарасымен және менталитетімен толтырып отыр. Сондықтан, ұлттық телеарналарда, кинотеатрларда қазақ ұлтының болмысын көрсете алып,  дәуір тынысын ашатын кішкентай көрермен үшін тағылымды дүниелерге назар аудару керек екендігі белгілі.  

Қазіргі таңда кино өнерінде ең бір күрделі деген мәселелердің бірі – заманауи фильмнің сюжеттеріндегі рухани әрі ұлттық ізденістер, тақырыбының тереңдігі, бүгінгі заман кейіпкерлерінің бейнесін көрсете алатын көркем дүние мен үлгі боларлықтай қаһармандарды табу, патриотизм сезіміне баулу сияқты тақырыптар басты тұғырға көтерілді. Ал анимация саласындағы басты мәселелер туралы анимациялық фильмдердің режиссері, сценаристі, қоюшы суретшісі Жәкен Дәненов, анимациялық кинодағы компьютерлік графика саласындағы маман Берік Жүнісбек, анимациялық фильмдердің режиссері, көптеген жобалардың авторы Жәнібек Нұрбекұлы және «Көксерек», «Ит», «Сәби» атты анимциялық фильмдердің режиссері Мейіржан Сандыбаймен замануи қазақ анимация өнерінің көкейкесті мәселелері мен ұстанған бағытын қарастырып көрдік. 

El.kz: Қазіргі уақытта қазақ мультипликациясында қандай мәселелер бар? Сіздерді не толғандырып жүр? 

Жәкен Дәненов: Біріншіден, біздің өндірісіміз әлсіз. Фильмдер аз шығады, режиссерлер де аз. Олар көбейгенде туындылар көбейеді, тақырыптардың ауқымы да көбейетіні сөзсіз.

Екіншіден, ең бастысы жеке анимация киностудиясы ашылуы қажет. Біз бір жылда бір сағаттық фильм шығарамыз. Ал жұмыс тоқтамай конвеер сияқты тұрақты түсірілуі керек. Осы себептен дамымай жатырмыз. Мысалға, Ресей жылына 200 сағаттық фильм шығарса, Қытайда 3000 сағаттай мультипликациялық фильмдер түсіріледі. Соның өзінде Ресей өзінің фильмдер санына риза болмай жатыр. 

Үшіншіден,  анимациялық сценаристер мәселесі өткір, жетіспейді. Көбінесе  режиссерлер сценарийді өздері жазады. Өйткені, ондай мамандық жоқ. Анимациялық сценаристтердің балалар психологиясына сай фильмдер түсіру үшін білімі терең, ерекше көзқарас  пен дүниетаным иесі болуы шарт.

Берік Жүнісбек: Біріншіден, өзіміздің ұлттық сана-сезімімізді түсінуіміз қажет. Мифологиямыз болсын, салт-дәстүріміз болсын ұлттық дүниемізді толықтай танып, ізденіп, үлгі болатындай көркем дүниелер жасауымыз қажет. 

Екіншіден, еліктеуден арылуымыз керек. Әйтпесе, басқа халықтардың фильмдеріне еліктеп, өзіміздің мәдениетіміз бен төл қасиеттерімізден айрылып қалуымыз ықтимал. 

Үшіншіден, өнерде жүрген әріптестер бір-бірімізді қолдап, бағалай білуіміз керек деп ойлаймын. Біздің басты кемшілігіміз - ауызбіршілігіміздің жоқтығы.

Жәнібек Нұрбекұлы: Мемлекет тарапынан қолдау болмаса, анимациялық кино ешқашан дамымайды. Мысалы, әр ата-ана өзінің баласы жан-жақты жетілуі үшін ештеңесін аямайды. Сол сияқты, өсіп келе жатқан ұрпақтың жетілуі үшін анимация саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, оны қамқорлыққа алып, ұрпақ тәрбиесіне мән беретін фильмдердің түсіріліміне демеу болуы керек.

El.kz:  Фильмдеріңізге сценарийді неліктен өздеріңіз жазасыздар?

Берік Жүнісбек: Әрбір өнер адамы әр қырлы, жан-жақты болады. Меніңше, анимация  режиссерлері сценарийді тақырыбына, қойған мақсатына байланысты өзі жазуы керек. Мысалы, студент кезімізде Әмен Қайдаровтың бастамасымен қазақ этнографиясын тереңірек тану үшін Едіге Тұрсынов, Бек Ибраев, музыка өнерін тану үшін Төлеген Мұхамеджанов, актерлік шеберлікті меңгеру үшін Мәлік Бәйдібеков сияқты мамандарды шақырып, дәріс берілетін. Ол кезде Қазақфильмде өтетін лекцияларды қалдырмай, үнемі жаңа бағыттарды меңгердік. Тарихшы-этнограф мамандарының арқасында ұлттық мүдделерімізді, стилистикамызды, ұлттық қолтаңбамызды таптық.

Мейіржан Сандыбай:  Бізде көркем фильм сценаристері баршылық. Алғашқы туындыларым «Көксеректі», «Итті» түсірген кезде анимациялық фильм сценаристерін таба алмадым. Сондықтан, менің ойымша оларды арнайы дайындау керек сияқты. Әрине, сценарийдің құрылымы,  жүйесі бірдей болғанымен, анимациялық фильмнің сценарийінде өзгешеліктер көп.

El.kz: Қазіргі жаһандану заманында анимацияда қандай тақырыптар қозғалуы  керек?

Жәкен Дәненов: Бізде керемет эпостар, ертегілер, батырлар бар. Жоғарыда айтып өткендей, өндіріс көбейгенде туындылар көбейеді, тақырыптардың ауқымы да көбейіп, кейіпкерлер де көбейетіндігі сөзсіз. Не түсірсе де режиссерлердің біліміне, ойына, мақсаттары мен дүниетанымына байланысты. 

Берік Жүнісбек: Анимациялық фильмдер балалар арасында үлкен сұранысқа ие. Туындылар өскелең ұрпақты тәрбиелеуде шешуші рөл атқарады. Сол себепті дұрыс бағыт-бағдар беретін, ұят пен намысқа тәрбиелейтін  туындылар көп болуы қажет.

Жәнібек Нұрбек:  Біз бала кезімізде естіген ұшпа кілем, барлық әлемді көрсететін шар сияқты ертегілер қазіргі заманның балалары үшін қызықты болады дегенге сене бермеймін. Өйткені, бүгінгі таңда оның барлығы мүмкін дүние екендігі белгілі. Қазіргі балалардың көпшілігі ғарышқа, атыс-шабысқа құрылған фильмдердің қаhармандарына еліктейді. Сондықтан, өзіміздің мифологиямызды, эпостық жырларымызды, ондағы батырларымызды заман талабына сай жаңғырту керек. Яғни, балалар еліктейтіндей «бренд» дүние жасаумыз қажет.

Мейіржан Сандыбай:  «Біз бұл әлемді жақсы жаққа өзгертіп, өшпес із қалдыру үшін келгенбіз» дейді әлемге әйгілі Стив Джобс. Әр маман өзі жасаған еңбегіне зор жауапкершілікпен қарап, тек өзінің ғана емес, адамзаттың пайдасы үшін қызмет жасайтын дүниелер жасауы керек деп ойлаймын. Сол себепті қазіргі таңда, болашақ ұрпақты адамгершілікке, отбасы құндылықтарына, мейірімділікке  жалпы бар жақсы қасиетке тәрбиелейтін анимациялық не болмаса көркем суретті фильмдер түсірген жөн.

El.kz: Қазір бізде шетел студияларының туындылары кеңінен таралып, көрермен көңілінен шығып отыр. Отандық өнімге көрермен назарын бұру үшін қандай қадам жасау керек?

Берік Жүнісбек: Көрермен назарын ұлттық туындыларға аудару үшін көптеген отандық туындылар жасалуы қажет. Бұл дегеніміз кинотеатрлар мен арналарды 99% отандық дүниелерге толтыру керек деген сөз. «Кең» боламыз деп «кем» болып қалдық. Осындай бағытты ұстанып келген Қытай мен Украин халқы дамып, ұлттық мүдделерін сақтай алды.

Мейіржан Сандыбай: Сол студиялармен сапасы жағынан да, техникасы жағынан да, бәсекелестікке түсе алатын туындылар жасау керек деп ойлаймын. Өйткені, көрермен жоғары сапалы фильмдерді көріп үйреніп қалғандықтан,  бірсарынды  фильмдерді қабылдау оларға қиын келеді. Мысалы, француздардың, үнділердің түсіріп жүрген туындылары «Disney», «Pixar» студияларының фильмдеріне жетпейді.  Сонымен қатар, балаларға ұнайтын, олар еліктейтін жаңа  кейіпкерлер (қаһармандар) керек. Кейіпкердің мінезі, тарихы,  миссиясы, артықшылығы мен кемшілігі болуы керек. Қатты айтты дерсіз, бірақ, бізде түсіріліп жүрген фильмдер жансыз құр сурет, оларды кейіпкер ретінде қабылдай алмайсың.  «Disney» алғашында ханзада мен ханшайым махаббаты, олардың бірге болу жолындағы сан алуан қиындықтары жайлы, жалпы қиял-ғажайыпқа толы ертегілерді  түсіргендігін білеміз. Және фильм түсіру барысында олар сюжеттің тарихтан немесе әдебиеттен алынғанына қарамастан оқиғаларды балалар психологиясына бейімдеп өзгертіп отырған. Сол сияқты неге «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастанын алып, керемет махаббат туралы фильм түсірмеске?  Бізде тарихты өзгертпеу  керек деген қатаң қағида бар. Ал неге осы баршаға мәлім кейіпкерлерді  қосып,  балаларға нағыз махаббатың қандай болуы керек екенін көрсететіндей фильм түсірмеске?!

Әдемі ҚАПАР
Бөлісу: