Мәжілістің Үкімет сағатында өткен жиында «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі бірлескен басқарушы директоры Елжас Отыншиев Qazaq Air сату жөніндегі мәміле туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство басшысының сөзінше, екіжақты негізгі келіссөздер жасау аяқталған.
Көлік министрі Марат Қарабаев Qazaq Air-ді вьетнамдық инвесторға сату туралы мәміле жыл соңына дейін мақұлдануы мүмкін екенін атап өтіп, вьетнамдық Sovico Group инвесторына екі талап қойылатынын айтты.
Жыл соңына дейін «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесі мен Үкімет тарапынан осы мәмілеге қатысты оң шешім қабылданады деп күтеміз, – деді министр Қарабаев.
Министр вьетнамдық инвестор Sovico Group-қа екі талап қойылғанын айтты.
Біріншіден, бұл 2044 жылдың соңына дейін 38,4 млрд теңге мөлшерінде қарызды өтеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестор тарапынан осы мерзімді 2 жылға ұзарту мүмкіндігімен 5 жыл ішінде Boeing немесе Airbus 20 әуе кемесін сатып алуды қамтамасыз ету. Осы талаптарды қамтамасыз ету үшін вьетнамдық Sovico компаниясы кепілдік беруге дайын, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл талаптар Қазақстанның Азаматтық авиациясының дамуына оң әсер етеді.