Қазандықсыз көкпар өткізу дұрыс емес – Сәдібек Түгел

8 Тамыз, 18:47 1347

Жылқы - аңыздарға арқау, ертегілерге үзілмес желі болған ерекше жануар. Олар ат құлағында ойнаған шабандоздардың сенімді серігі, қашса құтылар жүйрігі, баптап бәйгеге қосса көзінің қуанышы болған. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қоғам қайраткері, журналист Сәдібек Түгелмен тілдесіп, жүйріктердің жүйрігі Қазанат жайлы біліп қайтты.

Сәдібек Түгел - ұлттық спорт саласында толағай табысқа қол жеткізген азамат. Ол 1990 жылдары ҚР Ұлттық Ат спорты түрлерінің негізін қалады. Алғашқы ережелерді жазып, жұмысты жетілдірді. Қазақстан атбегілерінің 1995 жылы Алматы қаласында өткен тұңғыш құрылтайының инициаторы болып табылады. Айта кету керек, осы құрылтайда ұлттық ат спортының негізі қаланды.

El.kz: Аға, жақын күндері Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Осындай ауқымды шараның қазақ жерінде ұйымдастырылуы туралы ойыңыз қандай? Бұл шара еліміздің мәртебесін әлемдік аренда асқақтата ала ма? Бұл ойыннан не күтесіз?

Сәдібек Түгел: Бұл – дұрыс бастама. Бұл істің бастауында қырғыз бауырларымыз тұр. Нақтылап айтсақ, көшпенділер ойының авторы және жоба жетекшісі – қырғыз елінің абзал азаматы Асхат  Ақыбаев. Қазір бұл ойындар әлемдік деңгейге көтеріліп отыр. Жобаның мақсатын ұлттық ойындарды ұлттық олимпиада деңгейіне жеткізу деп білемін. Әр халықтың өзіндік ерекшелігі бар. Ерекшеліктеріне сай ұлттық ойындары бар. Өнері бар. Барлығының басын біріктіріп, осы тектес үлкен шара өткізу – жақсылық нышаны. Өз басым, қос қолдап қолдаймын. Көшпенділер ойындарын лайықты дәрежеде өткізу – басты мақсат. Себебі ол туристерді қызықтыруға арналған шоу емес. Заман талабына сай, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру, ата-бабалардан қалған мұраны құрметтеу мақсатында ұйымдастырылса жөні бөлек. Барлығы сәтті өтеді деген ниетте отырмыз. Халқымыз ұлттық өнерге, ат ойындарының түрлеріне бай. Кезінде марқұм этнограф Жағда Бабалықұлы «Сәдібек, мен саған ұлттық спорттың   200-ден  астам түрін айтып бере аламын» деп айтушы еді. Менің зерттеуіме сүйенсек, ұлттық спорт  4 кезеңді бастан кешірді. Біріншісі - 6-ғасырдан 13-14 ғасырға дейінгі қазақ хандығы құрылғанға дейінгі аралық. Ұлттық  спорттың қалыптасу  кезеңі болды. Екінші - Ресей қарамағында бодан болған тұсымыздағы даму, байтал тұғыр  бас  қайғы  болған  заман.  Келесі кезең - Кеңес одағы кезінде 74 жыл ұлттық  спорттың көлеңкеде өскен шөп сияқты даму кезеңі. Соңғысы - 1991 жылы 16 желтоқсанынан бастап, тәуелсіз мемлекет ретінде жұлдызымыз жарқ еткен кезең. Осы күнге жеткенімізге, шүкір.

El.kz: Жасыратыны жоқ, ұлттық спорт түрлерін өткізетін спорт кешендері мен ипподромдар көп емес. Бұл еліміздегі ат спортының дамуына кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?

Сәдібек Түгел: Ипподромдардың аздығы ұлттық спорттың дамуына, бәйгеге қолбайлау болып отыр. Бұл – ащы болса да, шындық. Тәуелсіздік алған жылдары ипподром мәселесі көтерілді. Үлкен үндеу жасалды. Жылқы шаруашылығын және ұлттық спорт ойындарын дамыту мақсаты тұрды. Арнайы хат жазылып, ұсыныс айтылды. Осы мәселе Алматы қаласындағы қазақ атбегілерінің тұңғыш құрылтайында да көтерілді. Сон соң жергілікті жерлерде ипподромдар ашыла бастады. Сонда да олардың саны әлі де жеткіліксіз. Бұрын әрбір Бәйгетөбеде ипподром болатын. Сол жерде жарыс өткізілетін еді. Бүгінде көбісі жекеменшік қолдарға кетті. Ипподромдардың орнына тұрғын үй кешендерінің, коммерциялық, сауда орталықтарының салынуына жол бермеуіміз керек. Ипподромдардың барлығын қайта қалпына келтіру қажет. Латифундистерден тартып алып, ат жарысын өткізетін орындар мен алаңдарға айналдыру керек. Сол жерлерде аламан бәйге, топ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, қыз жарыс, көкпар өткізілгені дұрыс. Көкпардың арнайы алаңдары болса, керемет болар еді. Елге - қызық, жастарға үлгі болар еді. Қыз қуу ойындарын өткізетін орындар болса деген ниет те бар. Бұл мәселені үкіметтің алдына қоямыз. Жұмыла көтерсе, жүк жеңіл. Осы мәселені қолға алсақ, ипподромдардың да саны жеткілікті болады.

El.kz: Ұлттық спорт түрлерін дамыту жолында қандай шешімін таппаған мәселелер бар деп ойлайсыз?

Сәдібек Түгел: Мәселелер көп. Мысалы, көкпардың керемет дамыған түрі - қазандығы бар спорттық көкпар.  2001 жылы Қырғызстанда Қазақстан,  Өзбекстан, Тәжікстан  және Қырғызстан 4 мемлекет басшыларының қолдауымен көкпардың қазандығы бар спорттық көкпар өмірге келді. Қазақстан делегациясын сол кездегі Спорт министрі бастап барды. Басқа да үлкен тұлғалар болды. Өзбекстанның спорт министрі, Тәжікстаннан да спортшылар жиналды. Қырғыздар да болды. Түркітілдес мемлекеттің адамдары бас қосты. Сөйтіп үлкен шешім қабылданып, қазандық іске асты. Сол сәттен бастап көкпар ойыны лезде жанданып, өсіп-өркендеп  кетті. Дым  білместердің  кесірінен 2017 жылы біздің елде түсініксіз жағдайда  қазандықпен  ойналатын  көкпар  жабылды. Не үшін қазандықты алып тастағанын әлі де түсіне алар емеспін. Содан бері біздің көкпар нашарлап кетті. Қазандықты қайтадан іске қосу керек. Қазандықсыз ойнау дұрыс емес. Қазандықты алып тастау - көкпар ойынын 50 жылға шегеріп тастағанмен пара-пар. Бұл мәселе жөнінде белгілі көкпаршы, көкпар спортының ұйымдастырушысы Талас Бегалиев деген азамат «Қазақ бауырлар, сендерге не болды? Өзбектердің ырқына жығылып, ойынды неге бере салдыңдар? Бұл не масқара? Ұят қайда?» деп ашынған еді. Сол себепті, қазандықтар жаппай қайтадан орнына келуі керек. Қазандық - көкпардың заман талабына сай, прогрессивті түрлерінің бірі де бірегейі. Қырғыз елінің бастауымен чемпионаттар өткізілуде. Бұл – басты мәселе. Екінші түйткіл - кадр мәселесі. Білікті мамандар жоқ. Бүгінде өмірін ұлттық спортқа арнап, ыстығы мен суығына төзген адамдарды табу оңай емес. Ойын түрлерінде олқылықтар өте көп. Арнайы адамдарды тарту қажет. Өз басым 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан арнайы Алматыға көшіп келіп, жігіттердің басын біріктірдім. «Ұлттық спорт кенже қалып жатыр» деп ашынып, сол кездегі спорт және жастар ісінің министріне хат жазып едім. Басқа спорт түрлерімен қатар, осы спорт түріне көңіл бөлінсе деген тілегім ғана болды. Сөйтіп ол қағаз Елсияр Қанағатов деген қазақтың мықты азаматының қолына түсті. Содан бір топ азамат боп бірігіп, көз майын тамыза ережелер жазып шықтық. Оны Қазақ атбегірлерінің тұңғыш құрылтайында бекіткен болатынбыз. Сонда стратегиясын жасақтап, қазақ халқына үндеу жасаған едік. Білікті кадр тапшылығы жайлы 1996 жылдан бері қарай айтып келемін. Колледж ашу керек деп те талай мәрте айтылды. Ұлттық спорт мамандарын даярлайтын арнайы колледж ашылса, ұлттық спортқа көп үлес қосқан азаматтар көбейіп, жастарға үлгі болар еді.  Осы мәселені  мықтап қолға алу керек. 1990 жылдың басынан-ақ,  үкіметтен бір тиын сұрамай, үкімет қаражатынсыз жұмыс істедік. Барлығы содан бізді «жалаңтөстер» деп атап кетті. Өзімізге ғана сендік. Патриоттық және фанаттық сезіммен ұлттық спорттың жанашылары бас қосып, жұмыстан кейін жиналатынбыз. Демалуды білмейтін едік. Әр жерде жарыстар ұйымдастырып, бір тынбайтынбыз. Елдің  ұсынысымен 90 жылдардың басында Наурыз тойлана бастады. Кейіннен Наурызда ұлттық спорт түрлерін өткізуді сұрап, арнайы хат та жаздық. Осылайша, Наурыз мерекесі ұлттық спорттың бәйге, аударыспақ, көкпарымен басталатын еді. Мұны халықтың, мемлекеттің, қоғамның тарапыннан қолдау деп есептеймін. Соның арқасында дамып кетті. Облыс әкімдерін облыстық ат спорты федерациясын құрметті төрағасы етіп сайладық. «Қолдарыңыздан көп нәрсе келеді, күш-жігеріңіз жетеді» деп сендірдік. Облыс әкімі құрметті төраға болған соң, ұлттық спорт өз деңгейінде жүргізілді. Атбегілердің құрылтай жиналысын, одан кейін 1999-2001 жылдары екі сьезд өткіздік. Талқылау 1 емес 2 күн, тіпті 3 күнге дейін созылды. Әр қайсысы секция-секция болып, көкпар бөлек, бәйге бөлек, аударыспақ бөлек, теңге алу бөлек ұйымдастырылды. Сол кезде ұлттық спорттың негізін қалап, 2001 жылғы екінші сьезде федерациялар болып бөлініп шықтық. 2004 жылы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылды. Бүгінде ұлттық спортымыз өз деңгейіне ешбір қаражатсыз-ақ жетті. Ұлттық спортқа бірден бір қолдау көрсеткен жан - Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев. Ол өзінің жарлығымен 20 наурызды Ұлттық спорт күні деп жариялады. Бұдан асқан қандай қолдау қажет?! «Ұлттық спорт өсіп-өркендей берсін!» дегім келеді.

El.kz: Арнайы жылқы институтын ашу туралы ұсыныс айтқан едіңіз. Ұсынысыңыз қолдау тапты ма?

Сәдібек Түгел: Жылқы институтын ашу туралы алғаш рет өзім қолқа тастап едім. Бізде жылқы институтынан басқа, барлығы бар. Көбелектер институты, қой институты бар. Төрт түліктің төресі, ер қанаты болған Қазанат инситутының болмауы - ұят. Кезінде Нұрлан Балғымбаев қолдау білдіріп, «Бараев интитуты бос тұр, сол орынға жайғасыңдар» деп еді. Сол беті үкімет ауысып, мәселе жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Жылқы институты ашылса, ұлттық спорттың бағы жанып, жұлдызы жарқырайтыны хақ. Негізі ұлттық ойындардың 90 пайызы атпен үстінде ойналады. Сол себепті жылқыны сұрыптау, дайындау керек. Жылқы институтының қажеттігі осы тұста айқын байқалады. Әлемде жылқының 200 түрі бар. Бүгінде ағылшынның таза қанды жылқылары әлем бойынша 1-орында. Екінші орында - араб жылқылары.  Үшінші - Германия, одан кейін - Америка жылқысы. Арасында Чехияның жылқылары, орыстың орловтары, қырғыздың жылқылары, сондай-ақ, түркімендердің ақалтекелері бар. Элиталы жылқылардың ішінде қазақтың Қазанаты бірінші болып тұру керек. Виктор Зайберт, Зайнолла Самашев сынды ағаларымыз атақты әлемдік ғалымдармен бірлесіп, Ботай-Берел қорымдарындағы жәдігерлер арқылы дәлелдеп шықты. Әлемдік ғұлама ғалымдардың өздері дәлелдеді. «Әлемде ең алғаш жылқыны қолға үйреткен – көшпенділер» деп мойындады. Ботай қорымының өзінен 80 мың бас жылқының мүрдесі табылды. Ата-бабаларымыз алты жарым мың жыл бұрын ауыздықты, жүгенді, айылды, ертоқымды, үзеңгіні ойлап тауып, адамзат дамуында өркениеттік революция жасады. Мұны әлем мойындағанымен, өзіміз әлі мойындамай отырмыз. Көшпенділер ойыны тарихымызды әлемге паш етіп, қазақтар бірінші болып жылқыны қолға үйреткенін айқындап беретін  болады. Осыны айтудан әлі де тынбай келемін. Естір құлаққа жетеді деп ойлаймын. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының елімізде өткізілейін деп отыр. Бұл – оңай шаруа емес. Оған көп қаражат қажет. Осы бағытта Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, қауымдастық  басшысы  Исламбек  Салжановтар та көп жұмыс атқаруда. Сол себепті институт ашу ауадай қажет дер едім. Атауы сөзсіз «Қазанат» болу керек. Қазанат - жеңіс жылқысы. Ол - жауынгер жылқы. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыдада жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деп аталарымыз шегелеп тұрып айтып кеткен еді. Осы сөз барлық жерде жазылып тұруы керек. Қазанат туралы айтып келе жатқаныма 30 жылдан асты. Бірде Еуразия университетіне келгенімде, Ақселеу Сейдімбекке кезігіп қалдым. Ол мені «Түгел» дейтін. «Түгел, бері келші. Саған әңгіме айтамын. Қазанатты айтып жүргеніңе көп болды. Бұл аттар туралы ата-бабаларымыз айтып кеткен. Одан кейін Махамбет те, Бұқар жырау да сөз еткен. Ағаларымыздың мінген аттарының бәрі Қазанат болды. Осы тақырыпты көтеріп жүрген, бауырым, жолың болсын!» деп қолымды қысқан еді.  Қазанат тұқымын әлемдік деңгейге жеткізу керек. Жаһан әлем мойындап, бас иіп отырған ағылшын таза қанды жылқыларының бойында біздің Қазанаттың қаны бар. Ресей империясы заманында байығандар пойызбен жылқыларды, айғырларды, байталдарды, тайларды алып, бәрін будандастырған. Сөйтіп бүкіл әлемді жаулап отыр. Қазанаттың мәртебесін көтеретін болсақ, әлемнің бәрі сөзсіз мойындайды. Латын Америкасы да біздің жылқыларды мінетін еді. Арабтар бізге түйемен келіп, жылқымен қайтқан еді. Барлығы - Қазанаттар. Ұлттық құндылығымыз болып табылатын тұлпар, арғымақ, жылқы және қазанаттарды ардақтайық! Көшпенділер ойынын пайдаланайық. Институт ашайық. Осы мақсатта  дүние-мүлкімді сатып, Құлагерге ескерткіш арнаған едім. Қазір елімізде сондай 14 ескерткіш бар. Еліміздің 20 өңірінде де тұруы керек. Сонда кім екенімізді айқын көрсете аламыз. Ойым осы.

El.kz: Әлемде мақтаулы жылқылар аз емес. Солардан біздің қазақы жылқының қандай ерекшелігі бар?

Сәдібек Түгел: Бірінші ерекшелігі – өте төзімді. Менің Youtube-та «Мыңбасы аталған Жамбас айғыр хикаялары» атты әңгімем бар. Сонда Әлібек деген жігіт «Аға, боранды күні жолға шыққанымда, айғырым, жарықтық, бір қынқ етпеді ғой. Өрге де шапты, қарды да мұзжарғыш секілді бұрқыратып жарды» деген жылқы иесінің аузынан жазып алған сөзін айтып еді. Осыдан-ақ, қазақ жылқыларының мықтылығын байқауға болады.

El.kz: Бүгінде қалталы азаматтардың жылқыға қызығушылығы ерекше. Бұл шын мәнісінде жылқыға деген қызығушылық па, әлде атақ пен ақшаға қызығу ма?

Сәдібек Түгел: Адамдардың жылқыға қызығушылық танытуы - дұрыс нәрсе. Ол біздің қанымызда бар. «Қазақ жылқыдан жаратылған» дейді. Асқар Сүлейменов ағамыздың «Басқа халық маймылдан жаралса да шатағым жоқ, ал қазақ арғымақтан, тұлпардан, қазанаттардан жаратылған» деген еді. Біз - жылқы мінезді қазақпыз. Өр мінезді қазақ болған соң, осындай азаматтар сурылып шығып, жан-жақтан асыл тұқымды жылқылар әкеліп жатыр. Соның арқасында еліміздегі жылқы шаруашылығында үлкен леп, серпін байқалады. Абай облысы Ақсуат ауданында Баделхан Камалханұлы деген азамат бар. Ол - жылқы шаруашылығына зор көңіл бөлген азамат. Бар жиған-тергенін осы жолға салып, бірнеше жыл қатарынан жарыс, үлкен марафондарды өткізді. 140 шақырым қашықтыққа созылған марафонның куәсі болдым. Таңғы бесте шығып, күндізгі сағат 11-ге дейін 5,5 сағат жүріп келген аттардың тың болғанын көріп, қатты таң қалған едім. Қазақтың Қазанатының мықтылығын аңғардым. Десе де, атақ үшін, ақша үшін пайда табуды көздейтін азаматтар да жоқ емес.  

El.kz: Соңғы жылдары елімізде жорық марафондары өтіп жүр. Қашықтық шамамен мың шақырымның үстінде. Мұндай қашықтыққа шабу жылқыларды зорықтырмайды ма?

Сәдібек Түгел: Жорық бұрыннан бар. Сонау түркі қағанаты кезінде, Күшілік хан, кейіннен Шыңғыс ханның заманында жорықтарға жиі шығып тұрған. Кейіннен спорт түріне ауысып, әлемге тараған болатын. Мұндай жарыстар Моңғолияда көп өткізіледі. Түркімен ағайындар Ақалтекелерін жарысқа салады. Дегенмен аттарды зорықтырмау керек. Жылқыларға аса мейірімділікпен қараған жөн. Аталарымыз «Тұлпарға қиянат қылғанның тұқымы құриды» дейді. Осыны ұмытпаған дұрыс. Дубайдың шейхі бұл жорық марафондарын жоғары деңгейде өткізіп жүр. Осы марафондарда жақсы нәтиже көрсетіп, елге танылған адайлық азаматтар мен адай тұқымды жылқылар бар. 2000 жылдары Ақ қанат деп аталатын адай жылқылары бүкіл Ресейді таңғалдырып, атағы Францияға дейін жеткен еді.

El.kz: Әлем шабандоздарының сан түрлі фестивальдеріне қатысып, қазақтың атын танытуға үлес қосқаныңыз хақ. Осы дүбірлі додалардың арасында есіңізде ұмытылмастай қалғаны бар ма? Мұндай жарыстарға қатысудың біздің спортшылар үшін маңызы қандай?

Сәдібек Түгел: Әлемдік деңгейде өткізілетін талай жарыстарда болдым. 4 үлкен жарыста  біреунде  делегация  басшысының    орынбасары,   қалған   үшеуінде   басшы  болдым. Төртеуінде де үлкен жеңіске жетіп, қазақтың ұлттық спортын әлемге таныттық. Соның ең алғашқысы - 1996 жылдың 18-26 қыркүйек аралығында Венгрияның Кечкемет деген қаласында өткен әлем шабандоздарының бірінші фестивалі. Ол фестиваль мажарлар мемлекетінің 1100 жылдығына арналып өткізілді. Оған 25 мемлекеттен делегациялар келіп, жарысқа қатысты. Солардың ішінде біз де болдық. Біз көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге алуды көрсеттік. Ұлттық киімдерімізді киіп барып, ұлттық тағамдарымыздан ауыз тигіздік. Еуропаны таң-тамаша қылдырып, бағымыз жанып, 25 мемлекеттен басып оздық. Фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алдық. Іс-шара аяқталған соң, бізге мажарлардың атбегілері шықты. Олар «Біздің гусарларды әлемде ешкім аттан құлатқан емес. Ат үстіндегі жарыс өткізіп, бәскеге түсейік?!» деп қолқалады. Сөйтіп, қол алыстық. Бізден Сайып Жаныс бауырымыз ортаға атып шықты. Ол қазір бапкерлікпен айналысады. Ат үстіндегі тартыс бастылып кетті. Әп-сәтте Сайып Жаныс Венгрия сайыскерін топ еткізіп, жерге түсірді. Тартысқа дайын тұрған аласа бойлы, мығым денелі Шадияр Шаханов та өзінің мықтылығын дәлелдеді. Бар болғаны 80 келі шабандозымыз, 120 келі гусармен сайысқа түсіп, қарсыласын тізе бүктірді. Жаныма сол кездегі ҚР Венгриядағы төтенше өкілетті елшісі Төлеутай Сүлейменов келіп, бірге тұрып тамашаладық. Біздің жігіттердің мықтылығы сондай, 120 келі жігітті ат үстінен жұлып алып, жерге қадады. Осылайша мәртебемізді бір көтеріліп тастады. Қуанышы қойнына сыймаған Төлеутай Сүлейменов орнынан атып тұрып, «аудармақ, аудармақ» деп қуана жөнелді. Оны «Аудармақ емес, аға. Аударыспақ» деп түзетіп мен әлекпін. «Қайдан білейін?! Маған қатты ұнады» деп қояды. «Жеңілген күреске тоймайды» дейді. Әлгі ұйымдастырушы венгр азаматы: «Ер тоқымнан мықты екенсіңдер. Жайдақпен күрессек қайтеді?!»,-деп тағы бір мәрте ұсыныс тастайды. Бұл ұсынысқа да келісім беріп, көкпарға үлес қосқан азамат Қаһар Қиянтаев шығуға бел буады. Тақымымызды қысып, қобалжып тұрмыз. Бір мезетте қарулы Қаһар қарсыласын аттан жұлып алып, жерге «дүңк» еткізгенде шаң бұрқ ете түсті. Біздің қуанышымызда шек жоқ. Бір-бірімізді құшақтап, құттықтап тұрмыз. Осындай оқиға болды. Енді бірде 2012 жылы Түркия президенті Ердоғанның шақыруымен Денизли қаласында Дүниежүзілік ұлттық спорт ойындарының форумы өтті. Оған көкпарды апардық. Жарыста Қазақстан көкпар ойындарынан қырғыздар мен түркия командаларын ойсырата жеңді. Осылайша, үлкен жеңіспен елге оралдық. Денизли қаласының губернаторымен әңгімелесіп тұрғанда, «Министр келеді» деген сыбыс естілді. Анкарадан Түркияның Спорт министрі арнайы осы шараны көруге келмек болыпты. Бір уақытта костюм-шалбар киген, мойнында галстугі бар азамат мүгедектер арбасын ұстап келе жатыр екен. «Министр осы» дейді айналадағылар. Сөйтсек, арбада отырған 82 жасар шал 1951 жылдары Осман империясындағы спортты зерттеп, ережесін шығаруға атсалысқан азамат екен. Ердоғанның тапсырмасымен үлкен ауылдан іздеп тауып, министрдің өзі алып жүр екен. Сыйластық деп осыны айт! Министрдің қолын алып, «Министр болсаңыз да, ұлттық спортқа еңбегі сіңген адамдарды осылай ұлықтауыңыз, құрмет көрсетуіңіз - үлкен тәрбие, азаматтық» дедім. Сонда министр «Иә, бізді Ердоған осыған үйретті» деп қайырды. Түркі бауырларымыздан үлгі алуымыз керек. 2008 жылы Лондонда Дүниежүзілік бүркітшілердің дода жарысы ұйымдастырылды. Ол жарысқа 28 мемлекеттің мықтылары қатысты. Біз де бүркітшілердің командасын апарып, тағы да жеңіспен оралдық. Содан Қазақстан туралы, еліміздің мәдениеті туралы айтыла бастады. Барлығы «Бізді келемеждеп, мазақтап кеткен Боратты шаң қаптырдыңыздар» деп таңдай қағысқан еді. Сол кезде өзіміздің тоғыз қанатты киіз үйімізді Түркияның музейіне тапсырып кеткен болатынбыз. Қырғызстанға да, Өзбекстанға да бірнеше мәрте баруға жол түсті. Өз өнеріміздің көрсетіп, сол жарыстарда Көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқыратқан едік.

El.kz: Аға, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: