Қазан қаласында Мұхтар Әуезовтің татар тіліндегі кітабы жарық көрді

2 Наурыз 2023, 11:45 1225

Татарстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің татар тіліндегі кітабының жарық көруіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулдығына сілтеме жасап.

Жазушының туғанына 125 жыл толуына орай шығарылған жинаққа «Көксерек», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» атты үш шығармасы енген.

Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов бұл кітаптың тарихи мұраны сақтау және елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық, тарихи-мәдени қарым-қатынасты дамыту мақсатында шығарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мұхтар Әуезов ХХ ғасырдың кәсіби өнері мен әдебиетінің қалыптасуының қиын жылдарында бүкіл саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған, демократиялық әдебиет пен прогресшіл ойдың дамуына үлес қосқан, Татарстанның белгілі жазушыларымен тығыз байланыста болған.

Шараға өзінің 80 жылдық мерейтойын тойлап отқан классиктің ұлы Мұрат Әуезов қатысты. Белгілі мәдениеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері әкесінің өмірі мен қызметі, татар мәдениетінің көрнекті өкілдерімен достығы, педагог, публицист, ағартушы, қазақ мәдениетінің үш көрнекті өкілі Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров және Мұхтар Әуезовтің жары болған анасы Фатима Ғабитова туралы айтты. Мұрат Әуезов әкесінің шығармаларын өзге тілде түсіну қиын екенін айта келе, олардың татар тіліне тамаша аударылғанына ризашылығын білдірді.

 

EL.KZ
Бөлісу: