Қазалыдағы төбелеске қатысы барлар 5-8 жылға сотталуы мүмкін

11 Сәуір 2023, 10:01 2303

Қызылорда облысы Қазалы ауданында жасөспірімдер арасында орын алған төбелеске қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабына сәйкес тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» брифингінде айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Күдіктілердің қылмысы анықталған жағдайда кінәлілерді 5-8 жыл аралығында темір тордың ар жағында жаза күтіп тұр екен. Сонымен қатар қызметіне салғырттық танытып, жедел іс-әрекеттер жасамағаны үшін және жалған ақпарат берген үшін Қазалы аудандық полиция бөлімінің басшысы Болат Кабизов қызметінен кетті.

Одан бөлек, тағы 10 қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды. Жеткіншектер арасындағы кикілжіңнің не себепті шыққанын тергеу амалдары анықтайтын болады. Бүгінде бұзақылық жасаған үш жасөспірім уақытша ұстау изоляторында. Кәмелет жасына толмаған оқушылардың ата-аналарына да тиісті жаза тағайындалатын болады,деді Қызылорда облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары Шәмшиддин Амитов.

Ал облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, зардап шеккен мектеп оқушысының жағдайын біліп қайтуға барғанын айтты.

Ауданға барғанда жарақат алған оқушының жағдайымен танысу үшін арнайы өзім ауруханаға бардым. Баланың денсаулығы бірқалыпты, ем қабылдауда. Ата-аналарымен де кездесіп, әңгімелестік, - дейді ол.

Орын алған оқиғадан соң Қазалы ауданының әкімі тиісті құзырлы органдарының басшыларымен бірге барлық білім беру ұйымдарының басшыларымен, мектеп директорлары, тәрбие жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, жоғары сынып оқушылары, ата-аналар, мұғалімдермен кездесу өткізген.

Жиында аудандағы ахуал жөнінде, тәрбие және тәртіп мәселесіне байланысты жасөспірімдер арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Білім бөлімі мен білім беру ұйымдарының басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге байланысты балалардың қызығушылығына, сұранысына сай жаңа әдістерді, түрлі тәсілдерді пайдалану керектігі және ата-аналар комитетімен жұмысты күшейту қажеттігі жайлы айтылды, - деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов соққыға жығылған мектеп оқушысының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

Қазіргі таңда баланың жағдайы динамикада жақсарып келеді. Ауруханаға келгеннен бастап барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұған қоса, Теміржол ауруханасына ауысқаннан бері де денсаулығы мамандардың қатаң бақылауында, - деді Олжас Ермекұлы.

Сонымен қатар Мейрамбек Шермағанбет төбелестің орын алуына байланысты аудандағы бірқатар сала басшылары қызметтен босатылғанын мәлімдеді.  

Осы орайда әкімшілік қадағалауды өз деңгейінде үйлестірмеген және кемшіліктерге жол берген Қазалы ауданындағы №70 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жұмыстан босатылып, директорларына қатаң шара қолданылады. Сондай-ақ Қазалы аудандық білім бөлімінің басшына қатаң сөгіс беріліп, басқа да жауапты мамандардың жауапкершілігі қаралатын болады, - деді ол.

Еске сала кетейік, 6 сәуір күні Қазалы ауданында екі адам мектеп оқушысын аямай соққыға жыққан еді. Салдарынан 15 жасар жасөспірім бас сүйек-ми жарақатын алған. Кеше мектеп директорының екі орынбасары қызметінен босатылғанын жазғанбыз.

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: