Қайыржан Садықов: Жошы – театрдағы ауқымды рөлдерімнің бірі

29 Маусым 2023, 16:18 1178

Таяуда ғана Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жазушы Думан Рамазанның қаламынан туған «Жошы хан» драмасы халыққа жол тартып еді. Қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов Жошы ханның тарихи тұлғасын сәтті аша білген.

Қойылымға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, театрға ұлттық мәртебесін беру туралы шешім қабылдағанын айтты. Жошы құрған Ұлы мемлекет – бүгінгі Отанымыздың қара шаңырағы. Жошы ұйыстырған қарағаштай қалың ел – бір кіндігінен тараған ата-бабамыз. Жошы көтерген идея – біздің мәңгілік ту етер ұстанымымыз. Жошы хан ордасын тіккен Ұлытаудың қазақ хандығы кезінде де, бүгінде де қастерленуі соның айғағы. Біздің бірлігімізге сына түспей, қаншама қиын тарихи өткелдерден өтіп бүгінге жетсек – ол Жошының ұйытып кеткен ұлысының берік болғанынан. Көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген Жошы хан рөлін сомдаған Қайыржан Садықовпен аз-кем сұхбат құрған едік.

El.kz: Құрметті, Қайыржан мырза! Күні кеше ғана «Жошы хан» тарихи драмасы халыққа жол тартты. Президенттен тартып барша қауым ыстық ықыласын білдіріп жатты. Сәтті аяқталған осы спектакльден кейінгі сіздің және театр ұжымының көңіл-күйі қалай?

Қайыржан Садықов: Театрдың көңіл-күйі өте жақсы. Премьераға Президент келіп қатысты. Ұлттық мәртебе берілгеннен кейін сол күні театрда үлкен мереке болды. Бұл театр күткен, біз күткен зор қуаныш, мейрам және жетістік.

El.kz: Жошы ханның рөлін сомдауға Болат Ұзақов өзіңізді құп көрген екен. Бұл театр сахнасында жүргеніңізден бергі ең үлкен рөлдердің бірі болар?

Қайыржан Садықов:  Иә, бұл театрдағы ең алғашқы ауқымды рөлдерімнің бірі. Бұған дейін де «Кешкі 7» сияқты жақсы спектакльдер болды.  Оны да халық жылы қабылдады.

El.kz: Театрдан тамашаладық. Сізді афишадан алғаш көргенде менің ойыма бірден қытай киногерлері түсірген «Шыңғысхан» оралды. Сондағы Шыңғысханмен (рөлде Басын деген азамат) сіздің бейнеңіз қатты ұқсады. Сіздер киім үлгісін, шаш қою, сәлем беру дағдыларын, сахна көріністеріне қалай дайындалдыңыздар? Бәрі режиссер мен автордың талғамымен бола ма?

Қайыржан Садықов:  Мен Шыңғысханның киноларын да, сериалдарын да көрдім. Бірақ менде оған еліктеушілік болған жоқ. Барлығы процесс барысында сахнада туындады. Қалай болғаны туралы халық бағасын беріп жатыр. Әрине бұл жерде костюм, грим, парик, декорация бар. Олар өте маңызды. Ал кинодағы жағдай бөлек, оның орындалуы басқаша. Театрда әріптестеріңе қарайсың. Олардан үлгі аласың. Өзің бір бөлек әлем болып киноны көріп алуыңа болмайды. Топтық ансамбль болады. Актерлардың өз арасында, режиссер мен актерлердің арасында тандем деген бар. Сондықтан да барлығы осы процесс барысында туындайды.

El.kz: Жошының образынан әлі айыға алмай, ұлы әмірші сияқты сөйлеп, ойланып жүрген боларсыз? Өз өзіңізге тез келе алдыңыз ба?

Қайыржан Садықов:  Ондай сезім болған жоқ. Бұл бір жағы жұмыс, бір жағы спектакль болғаннан кейін барлық сезім сонда қалды. Жошы образынан шыға алмау басқа рөлдеріңе, спектакльдерге салқынын тигізеді. Мен осы қойылымда ғана Жошымын, ал өмірде қарапайым Қайыржанмын.

El.kz: Енді өзіңізбен, өнер жолыңызбен де кеңінен таныса кетсек?

Қайыржан Садықов:  Осы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына келгеніме екі жыл ғана болды. Өнер жолым деп ауыз толтырып ештеңе айта алмайтын шығармын. Енді-енді тәжірибе жинап, рөлдер алып жұмыс істеп жатырмын. Өзім Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіргем. Ұстазым – Тұңғышбай Жаманқұлов. Дария Жүсіп деген екінші мұғалімім бар. Осы кісілердің алдынан өтіп, тәлімін алдық. Академияны бітіргеннен кейін Алматыда «Жас сахна» деген жеке меншік театрда бір жарым жылдай жұмыс істедім. Содан кейін Астандағы Қалибек Қуанышбаев театрында кастинг болады дегенді естіп группаластармен бірге келіп қатыстық. Қазір бәріміз осы театр ұжымында бірлікте жұмыс істеп жатырмыз.

El.kz: Болашақта тарихи тақырыпта фильмге түсуге ұсыныс түссе қабылдар ма едіңіз?

Қайыржан Садықов:  Менің кинодағы тәжірибем аздау. Тарихи кинолар түсіріліп, шақырып жатса, әрине, қабылдаймын. Біріншіден кім түсіретіні, екіншіден сценарийға байланысты. Екеуі де көңіліңнен шығып тұрса неге түспеске?! Актер болғаннан кейін киноғада түскің келеді. Қазір театрда жүргеннен кейін ең басты жұмысым осында. Болашақта киногерлерден ұсыныстар түсіп жатса еш қарсылығым жоқ. Қуана қабылдаймын.

El.kz: Актердің бағы – мінезі мен болмысы үйлесетін рөл сомдауы. Енді қандай кейіпкерді сомдағыңыз келеді?

Қайыржан Садықов: Кейде актерға өз болмысына, мінез-құлқына қарама-қайшы рөлдерге түскені жөн деп ойлаймын. Актердің өсуіне, өзін басқа қырынан көрсетуге мүмкіндік сыйлайды. Менде тарихи рөлдармен ғана кетем немесе Жошыға ұқсас рөлдарды ғана ойнаймын деген ниет жоқ. Басқада рөлдарды сомдап көріп, өзімді өзге қырымнан көргім келеді. Студент кезімде Гамлет сияқты басты рөлдерді ойнасам деп көп армандайтынмын. Театрға келгеннен кейін бұл жердің де өз заңдылығы, жоба-жоспарлары болады. Саған тек қана басты рөл бұйыра бермейді, қосалқы рөлдарға да шығасың. Сондықтан қандай рөл болса да жүрегіңмен сезініп, сәтті алып шығуың керек.

Театрдың астында лаборатория бар. Сол жерде тағы бір режиссер келіп жастармен бірге бізге спектакль қойса екен деген арманымыз да бар.

El.kz: Әңгімеңізге рақмет!  

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: