Қайырымдылық саласының үздіктері марапатталды

21 Қазан 2022, 15:25 2157

Байқауға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың өкілдері қатысты

Елордада Республика күні қарсанында қайырымдылық саласындағы үздік меценаттар мен филантроптар үшін «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz.

Байқауға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың өкілдері қатысты. Марапттау рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Қадыров құттықтау сөз сөйлеп, «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарына ерекше ілтипат білдірді.

“Елімізде қайырымды іспен айналысып жүрген жандар бар. Олардың әрбірі еліміздің ертеңі үшін елеулі үлес қосып келеді. Қайырымдылық – азаматтық қоғамның жетілуінің белгісі. Елімізде қайырымдылық ұйымдарымен қатар, ізгі іспен айналысуды өмірінің мәні деп санайтын жандар да жетерлік. Меценаттар аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға, мүгедектерге, балалар үйлеріне кешенді қайырымдылық көмек көрсетуде. Тек биылғы жылдың өзінде сіздердің бастамаларыңызбен елімізде көмекке мұқтаж азаматтар мен туған өлкені дамытуға 2,7 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл - үлкен жетістік”,- деді Данияр Қадыров.

«Жомарт жүрек» сыйлығын 50 адам иеленді. «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша Қызылорда облысының «Ер-Әли» ШҚ басшысы Әліби Бекжанов, «Жыл меценаты» номинациясы бойынша Түркістан облысының атынан қатысқан «Күлтөбе» ЖШС директоры Шәріпбек Саурықов, «Туған өлке» номинациясымен марапатталғандардың арасында Ақтөбе облысының "Динар-Электромаш" ЖШС директоры Сергей Вишняк, «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясы жеңімпаздарының арасында Ақмола облысының «Балбөбек 2014» ЖШС басшысы Жанар Науханқызы Хасенова және тағы басқалары марапатталды.

Миражан Махан
Бөлісу: