Астанада Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы "Халық үні" жазды. Әсемгүл Даниалова Гүлмира Сатыбалдыдан Алагөзовтің өзіне таққан айыбы туралы сұрап, Алагөзовтің өзімен және бұрынғы әйелімен қалай танысқаны жайлы сұрады.
Алагөзов мен рейдерлік жасады деп айыптап отыр. Ол мені компаниясын тартып алды деді. Моральдық шығынды 135 млрд теңге деп есептеп отыр. Мен мұндай ақша туралы тіпті мемлекеттік бюджетте де естімедім. Мен сияқты Қазақстанның қарапайым азаматында мұндай ақша қайдан болсын? Бұл айыптауға келіспеймін. Мен оның компаниясын тартып алған жоқпын, – деді Гүлмира Сатыбалды.
Сондай-ақ айыпталушы сот процесі барысында Қайрат Сатыбалдымен ажырасқанына 20 жыл болғанын атап өтті.
2002 жылдың желтоқсан айында ажырастық. Бұл күнді жатқа білемін. Себебі ол уақытта мен мемлекеттік органда жұмыс істедім. Қайрат маған айтпай ажырасты. Содан кейін балаларымды алып кетіп қалдым. Менің оған ешқандай ренішім жоқ, – деді ол.
Гүлмира Қайрат Сатыбалдыны президенттің немере інісі болғандықтан, бәрі оның алдында құрдай жорғалайтынын айтты. Ал өзі үнемі екінші орында қалып отырған.
Қайраттың мені әйел ретінде алғанына қатты қуандым. Одан үш бала тудым. Балаларымен мақтанамын. Ол балалар мақтанышыма айналды. Мен оларды лайықты түрде жеткіздім. Одан бала тапқаным үшін дәл осылай саяси қудалауға ұшыраймын деп ешқашан ойламаппын, - деді Сатыбалдының бұрынғы әйелі.
Сотта Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады. Келесі сот отырысы сәуір айының 21-і сағат 15.00-ге қалдырылды.