«Қайрат Нұртасқа рахмет»: Серікбол Сайлаубек көзі көрмей қалғанда кім көмектескенін айтты

3 Қараша 2023, 13:28 24075

«TALKLIKE» бағдарламасына сұхбат берген әнші Серікбол Сайлаубек көзіне операцияны қалай жасатқанын айтты. Талай ақхалаттының алдына барған өнер иесі қазақстандық дәрігерлердің біліктілігіне қатысты да ойын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Басында көзімнің жартысы қараңғы болып тұратын. Алматыдағы Көз аурулары институтына бардым. Ер азамат қабылдап, тексерді де, лазерлік операция жасайтынын, тиісті ақшаны кассаға төлеп келуім керектігін айтты. Операция 10-15 минутқа созылды. Бірақ әлгі қараңғылық 2-3 күннен соңда кетпей қойды. Дәрігерге қайта барсам, ол кісі аздап уақыт керектігін алға тартты. Тағы 2-3 күн өткенде көзімді түгелдей қараңғылық басты. Бұл жолы қатты ашуланып бардым. Соқыр болмай тұрып бардым ғой. Аты институт деп тұр. Көзге қатысты аурудың бәрін әліпби секілді білуі керек қой. Сенімсіздік пайда болды.

Сонан соң Ыстамбұлға тексерілуге бардым. Бірақ ол жақтағы дәрігерлер бір ғана көзім көретін болғандықтан тәуекелге барудан қорықты. Операциядан шаршаған көз ғой. Сондықтан бар көзге шүкіршілік ету керек дегенді айтты. Көпшілік Испания не Оңтүстік Кореяға баруға кеңес берді. Көзіме силикон қойды. Көзіңді судың астында ашсаң қандай сезімде боласың, дәл солай, - деді өнер иесі.

Оқи отырыңыз:

Әнші қиын-қыстау кезеңде өзіне көмектескен жандарға алғысын да жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, күйзеліске түсіп кетпеуіне сахнадағы әріптесі Қайрат Нұртастың көмегі көп болған.

Қайрат Нұртасқа алғысымды жеткіземін. Қасымнан табылып: «Секе досым, жүр, еңсеңді түсірме. Концертке шығайық» деді. Алдансын, қасымда жүрсін деген ниеті ғой. Сонысына көп рахмет. Сегіз ай силиконмен жүрдім, оңай емес екен. Силиконды алған соң көзімде оның қоқымы қалып қалған, - деді әнші.

Өнер иесі жаны қиналғанда шынайы байлық дегеннің не екенін түсінгенін алға тартады.

Силиконды алғандағы сөзімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Байлық дегеннің не екенін сол кезде түсіндім. Көзім ашылғанда күннің сәулесін көрдім, содан басқа ештеңе керек емес еді. Көзіңді аштың – тауды көрдің, күнді, ағашты көрдің. Міне, байлық деген осы. Мен бай екенмін дедім, - деп сырын бөлісті Серікбол Сайлаубек.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: