Қатерлі ісікті емдейтін дәрі-дәрмекті жасанды интеллект көмегімен жасауға болады

6 Тамыз, 14:05 9438

Дәукен Сейітқали – шетелдік нарықта танымал Arlan Biotech компаниясының негізін қалаушы. Аталмыш компания медицина мен фармацевтика саласында көптеген маңызды жаңалықтар ашты. Қатерлі ісік пен аутоиммунды ауруларды диагностикалау мен емдеу үшін қолданылатын наноденелерді дайындаумен айналысады. Ауыр диагноздарды емдейтін наноденелерді жасанды интеллекттің көмегімен жасайды. Қазақстандық стартап әлемнің ең үздік биотехнологиялық компанияларының қатарына қосылуды мақсат еткен. Дәукен Сейітқалидің айтуынша, ата-анасы ұлының хирург болғанын қалаған. Ал Дәукен дәрігерлер мен биотехнологтардың жұмысын жеңілдететін технология ойлап тауып, жасанды интеллект шешімдерін іс-жүзінде жасауды бастап кеткен. Кейіпкеріміз Forbes-тің «30 Under 30» атты жас көшбасшыларының тізіміне енген. Дәукен Сейітқали ғалымдар мен стартаперлерді не біріктіретінін және ғылыми жобалардың әлемдік нарықта неліктен табысты болуы мүмкін екендігі туралы айтып берді.

Назарбаев университетінің «инженер-электроник, электротехник» мамандығы бойынша түлегі Дәукен студенттік жылдары жасанды интеллект тақырыбына ерекше қызығушылық танытып, зерттеуге талпыныспен кіріскен. Бірақ 2016 жылдары жасанды интеллект тақырыбы трендке айналмаған еді. Сондықтан жаңа ғана бакалавр дәрежесін алған түлек үшін жұмысқа тұру қиын соғады. Жас жігіт өз бетімен нейрондық желілер, статистика және машиналық оқыту курстарынан өтіп, мақсатынан бас тартпайды. 2019 жылы Дәукең Cerebra компаниясына бас инженер болып жұмысқа орналасады. Healthtech-стартап жобасында үш жылға жуық уақыт ішінде тәжірибе жинайды.  Кейін канадалық денсаулық сақтау саласындағы стартапта біраз жұмыс істегеннен кейін өз жобасын жасауды ұйғарады.

«Мен әрқашан биология мен жасанды интеллектті біріктіруге қызығушылық танытқанмын. Қазіргі ЖИ көмегімен наноблоктар мен антиденелердің тізбегін жасау жобасында серіктес болған Болат Сұлтанқұловты кездестіріп, сәттілік серік болды деп айта аламын. Маған биология бойынша жақсы білімі бар серіктес керек болды, Болат – өз саласының білгірі, сондықтан біз бірге жоба жасауға қатысты шешім қабылдадық», - дейді Дәукен Сейітқали.

Arlan Biotech адамдар мен жануарлардың ауруларын диагностикалау үшін синтетикалық наноблоктарға негізделген өнімдерді әзірлейді, сонымен қатар белгілі бір ақуыз антигеніне қарсы наноблоктардың тізбегін жасау үшін ЖИ-мен жұмыс істейді. Бұл тәсілді онкологиялық аурулар мен күрделі диагноздарға қарсы препараттарды әзірлеу үшін қолдануға болады.

«Arlan Biotech аминқышқылдарының наноботтар мен антиденелер тізбегін құру үшін ЖИ негізіндегі қызметті ұсынады. Наноботтар қатерлі ісік сияқты аурулармен күресу үшін жаңа препараттарды жасауда қолданылады. Стартапты Болат Сұлтанқұлов 2020 жылы коронавирусты диагностикалауға арналған тесттер әзірлейтін ғылыми-зерттеу жобасы негізінде құрды. 2023 жылы жобаның сынақ жүйелерін жасауда кездесетін күрделі мәселелер жасанды интеллект (AI) көмегімен наноблоктар мен антиденелердің тізбегін жасау бойынша жаңа жобаның идеясы туындады. Жобаның негізгі мақсаты - биофармацевтикалық компаниялар мен ғалымдарға диагностикалық тест-жүйелерді құру үшін наноблоктарды немесе антиденелерді жылдам алуға, сондай-ақ қатерлі ісік пен аутоиммундық ауруларды зерттеу және емдеуге мүмкіндік беру. ЖИ қолдану вирустар мен басқа аурулардың жаңа штаммдарына антиденелерді жасау және бейімдеу процесін айтарлықтай жылдамдатады, бұл технологияны икемді және тиімді етеді», - дейді Дәукен Сейітқали.

Стартапшылар Кремний алқабындағы Stanford StartX бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр.

«Осы уақытта мен жаңа дәрі-дәрмектерді жасау үшін AgzaThera шағын молекулаларды құру стартапын жасадым. Менің негізгі құзыретім ЖИ дамыту болғандықтан, мен биотехнолог серіктес іздеп жүрдім және NURIS акселерация бағдарламасы кезінде AI бойынша серіктес іздеген Болатпен таныстым. Қазақстанда биология бойынша AI стартапын жасайтын екі адам ғана болғандықтан, біз Arlan биотехнологиялық жобасында күш біріктіру туралы шешім қабылдадық. Бірлесіп жұмыс істеген бір жыл ішінде біз өнімнің бірінші нұсқасын шығардық, Қазақстандағы алғашқы тұтынушыларды тарттык, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ ғалымдарымен бірге пилоттық жобаларды іске қостық. Біздің стартаптың басты артықшылығы - бізде ЖИ  жаттығуларына арналған наноботтар мен антиденелер туралы синтетикалық деректердің әлемдегі ең үлкен базасы бар. Сондай-ақ Silkway Google for Startups, MBRIF (Дубай) стартап-акселерациясы өтті. Осы жазда біз Кремний алқабындағы Stanford StartX бағдарламасына қатысамыз», - дейді Дәукен Сейітқали.

Барша стартаперлер қатысуды армандайтын StartX бағдарламасынан қандай нәтиже күтетінін айтып берді.

«Arlan Biotech компаниясы осы бағдарламағаға қатысу үшін екінші рет өтінім жіберді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардан AI-ге тестілеу жүйелеріне ауысқаннан кейін, технологияны дамытуда және нарыққа шығуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгеннен кейін біз екінші рет өтінім бердік. Іріктеудің барлық кезеңдерінен өтіп, StartX бағдарламасының 2024 жылғы жазғы батчына шақыру алдық. StartX-ғылыми зерттеуді қажет ететін, биомедициналық стартаптар үшін ең жақсы акселерациялық бағдарламалардың бірі. Біз үшін бұл тез өсуге, осы саланың көшбасшыларынан тәжірибе алуға таптырмас мүмкіндік. Бұл бағдарламаның негізгі жоспары-ірі фармацевтикалық компаниялармен келісімшарттар жасау және фармацевтика индустриясында тәжірибесі бар шетелдік қорлардан инвестициялар тарту», - дейді ЖИ маманы.

Дәукен Сейітқали адамның қартаю процесін тоқтатуға көмектесетін зерттеу тобына кірген.

«Менің Healthtech стартаптарында жасанды интеллект бойынша тәжірибем болды (мысалы, CerebraAI). Мені әрқашан қартаюға қарсы тақырып қызықтырғандықтан және CerebraAI сияқты жобаларда жұмыс істегеннен кейін, медицина саласындағы ЖИ әзірлеудегі тәжірибем AntiAge бағытында қалай пайдалы болатыны туралы ойлана бастадым. Қандай зерттеулер жүргізіліп жатқанын, қандай жетістіктер мен қиындықтар бар екенін өз бетімше зерттей бастадым. Нәтижесінде жаңа препараттарды жасауда қолданылатын қымбат зерттеулер мен дәстүрлі әдістерін ЖИ көмегімен азайтуға болады деген қорытындыға келдім. Содан кейін біренеше ай өткен соң Hack-Age зерттеу тобына кірдім. Аталмыш жоба негізінде қартаюды тудыратын гликация өнімдерімен күресетін фермент жасалады. Онда мен алғаш рет жасанды интеллект бойынша жұмысымды тәжірибеде қолдандым. Біз тіпті LongeHack-тен криптовалютада 10 000 доллар көлемінде грант тарта алдық», - дейді ол.

Жасанды интелттекттің жетекші маманына айналған ол стартап негіздерін университет қабырғасында жүргенде үйренгенін тілге тиек етті.

«Назарбаев Университеті мен Инженерлік мектебі маған көп нәрсе берді. Мен өз жұмысымда қолданатын барлық нәрселерді осы жерден үйрендім. Бұл – кез келген мәселеге ғылыми көзқарасты қолдану, өз бетінше зерттеу, дамыту, өз ойыңды жеткізе білу. Өз басым НУ маған ауқымды серпінді жобаларды жүзеге асырудан қорықпауды және кәсіпқойлар мен ақылды адамдармен командада жұмыс істеуді үйретті. НУ елдің стартап экожүйесін құруда шешуші рөл атқарады. Мысалы, акселерацияның алғашқы стартапы NURIS-те, өз университетімнің қабырғасында өтті, онда мен стартап жүргізудің негіздерін үйрендім. Сондай-ақ ағылшын тілінде сабақ оқудың және халықаралық оқытушылар құрамының арқасында менде әлемнің кез келген нүктесіндегі кез келген адаммен ғылым саласында тілдесуге мүмкіндік болды», - дейді Дәукен Сейітқали.

Дәукен жасанды интеллект тақырыбы трендке айналмай жатып, осы саланың блолашағы бар екенін білген.

«Футуролог Мичио Каку 2013 жылы университетімізге дәріс оқуға келіп, өзінің қолтаңбасымен «Болашақ физикасы» кітабын сыйға тартты. Мичио Какудың кітабында жасанды интеллект алдағы жылдары қарыштап дамып, өміріміздің барлық саласын қамтитыны туралы пікірі қызықтырды. Содан кейін мен Boston Dynamics компаниясының қалай дамып келе жатқанын, олардың роботтарының қалай секіргенін және жүгіргеніне таңданып, бақылап жүрдім. Кейіннен мен бейне және электронды сенсорлар арқылы егде жастағы адамдардың денсаулығын бақылау үшін нейрондық желілерді пайдалану тақырыбына дипломдық жұмыс алдым», - дейді ол.

Қазақстандық стартаптар шетелдік инвесторлардың көзіне түсіп, табысқа кенеліп жатқаны белгілі. Дегенмен, кейіпкеріміздің айтуынша, технология дамыған алпауыт елдерде стартап жасау мәдениеті қалыптасқан.

«Мен бір ғана шетелдік компанияда жұмыс істегендіктен объективті түрде салыстыра алмаймын. Негізгі айырмашылық – батыс стартаптарында корпоративті мәдениет пен жалақы жоғары. Технологияларды әзірлеу тұрғысынан біздің еліміз кем түспейді, тіпті бір жерден озып кетуі мүмкін. Қазақстаннан шыққан ғылыми саладағы стартаптар үшін ел ішінде де, шетелде де инвестиция тарту қиынырақ. Біздің қорлар "deeptech" жобаларымен тәуекелге барғысы келмейді, ал шетелдік қорлар біздің өңірге аздап күмәнмен қарайды. Бірақ жыл өткен сайын жағдай жақсарып келеді, барлық жаңа қазақстандық стартаптар сыртқы нарыққа шығып, жетістіктерге жетіп жүр. Ал қазақстандық кәсіпкерлер мен қорлар біздің сол шетелдік стартаптардан ешбір жағынан кем түспейтінімізге сенімді», - дейді Дәукен Сейітқали.

Технологияның теңдессіз мүмкіндіктерін медицинамен ұштастыра білген Дәукен алдағы жоспарларына тоқталып өтті.

«Arlan Biotech-тегі біздің басты мақсатымыз-биофарма нарығында әзірленіп жатқан жаңа наноботтарға негізделген дәрі-дәрмектердің көпшілігін біздің AI көмегімен жасау. Осы мақсатқа жету үшін генеративті ЖИ бойынша үздік бестікке еніп, көшбасшы компанияның біріне айналуымыз керек. Осы мақсатқа жету үшін біз жетекші акселерация бағдарламаларына қатысу және биофармацевтикалық препараттардың әлеуетті клиенттерімен кездесулер өткізу арқылы әзірлемелердің технологиялық прогресімен де, жобаның іскерлік бөлігін дамытумен де белсенді жұмыс істейміз. Біз сондай-ақ клиенттерге арналған наноблоктарды өндіру қызметімен шектеліп қалмаймыз, бірақ таяу болашақта ЖИ шешімдері негізінде жеке дәрілерімізді жасау үшін компания ішінде бірнеше жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.

Ол өзінің үздік көшбасшылар тізімінен табылғанына қуанышты екенін және жұмысына деген жауапкершілік күшейгенін атап өтті.

«Мен стартаппен айналысуды бастағанда 30 жасыма дейін нәтиже көрсетуім керек деген мақсат қойдым. Егер өз ойымдағы межені бағындырмасам қалыпты жұмысқа ораламын деп болжам жасадым. Сондықтан мен үшін Forbes Kazakhstan журналының «30U30» жас көшбасшылар тізіміне енгенім еңбегімнің қоғамымызға қажет екенін және осы бағытта одан әрі дамуымыз керек екенін көрсетеді», - деп қорытындылады Дәукен Сейітқали.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: