Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік қайта жаңаратын мезгіл.
Еліміз Әз-Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған. Алыстаған ағайын Ұлыс күні татуласып, қайта қауышқан. Жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін айтқан. Көпшілік ортақ дастарханнан дәм татып, қариялар жастарға батасын берген.
Бабаларымыз Наурыз тойын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы», - деді Президент.