Мемлекет басшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтап, бауырлас Тәжікстанды дамыту жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне табыс пен бақ-береке тіледі.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға Тәжікстан Презиентінің қосқан жеке үлесі туралы жоғары пікір білдірді.
Тараптар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Душанбеге және Эмомали Рахмонның Астанаға жасаған сапарларының қорытындыларын оң бағалады. Бұл сапарлар қазақ-тәжік қатынастарының ерекше сипатқа ие екенін көрсетті.
Бұдан бөлек, президенттер өңірлік күн тәртібін, сондай-ақ трансшекаралық су көздерін пайдалану және сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері жөніндегі уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады.