Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасын қабылдады

22 Ақпан, 19:18 692

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады. Қабылдау барысында басқарма төрағасы Президентке былтыр 213 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізгенін баяндады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Президентке ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысының есебі беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды. Сонымен қатар ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы, Қашаған газын өңдеудің жаңа бағыттары, сондай-ақ газ саласына 12 миллиард доллар көлемінде инвестиция тарту мәселесі жөнінде баяндалды.

Санжар Жаркешовтің айтуынша, «QazaqGaz» компаниялар тобы өңірлерді дамыту үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар ірі газ құбырларын тартып, іске қосқан. Олардың құны 400 миллиард теңгеден асады.

Бұдан өзге Мемлекет басшысына елімізді газбен қамту жұмыстары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, 11 өңірдегі 112 елдімекен газға қосылды. Нәтижесінде қосымша 213 мың тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілді. Компания былтыр ішкі нарықтағы газ бағасын субсидиялауға 175 миллиард теңге бөлді. Сонымен қатар «QazaqGaz» ҰК» акционерлік қоғамы табиғи газды экспорттау және тасымалдау жөніндегі міндеттемелерін толық орындап отыр.

Президентке жаңа «Анабай» газ кен орнын пайдалануға беру, сондай-ақ газдың ресурстық базасын дамыту жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Қабылданған шаралардың арқасында еліміздің ішкі нарығына газ жеткізу көлемі 19 пайызға ұлғайды.

Ұлттық компания ауа райы күрт суытып, газ тасымалдау жүйесіне шектен тыс жүктеме түскен кезде ішкі нарықтың сұранысын толықтай өтеп, тұрғындарды көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз еткен.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы газ саласын кешенді түрде дамытуға, соның ішінде ішкі нарықты газбен тұрақты түрде қамтуға, ресурстық базаны кеңейтуге, аталған саланың өзекті мәселелерін шешуге және оның инвестициялық тартымдылығын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Оқи отырыңыз: 

Баян Әжмұхан
Бөлісу: