Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық

5 Мамыр 2023, 13:19 1718

Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы және Жеңіс күнімен құттықтап, жыл сайын қатар атап өтілетін қос мереке Отан үшін от кешкен аға буын мен егемен елдің сарбаздары арасындағы сабақтастықты білдіретініне назар аударды.

Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық. Біз ұлан-ғайыр жерін жауға бастырмаған батыр елдің ұрпағымыз. Алапат соғыста жеңіске жеткен қаһарман ерлердің ізбасарымыз. Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Сондай-ақ өмір жолын әскери қызметке арнаған мамандардың кәсіби міндеті. Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз барлық елдермен достық қатынас орнаттық. Мемлекеттер арасындағы кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу керек деп санаймыз. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Барлық жағдайға сақадай сай болуымыз айрықша маңызды. Еліміздің қорғаныс  және қауіпсіздік саласын күшейту – басты міндеттің бірі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету еліміздің мызғымас басымдықтары екенін атап өтті.

Мемлекет күштік құрылымдарға көрсетілетін қолдауды дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Инфрақұрылым, материалдық-техникалық тұрғыда жабдықтау мәселелері кезең-кезеңмен жақсарып, еңбекақы мен әлеуметтік жеңілдіктер артып келеді. Әскери қызметшілер, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, күштік құрылымдардың ардагерлері әрдайым мемлекеттің көмегі мен қамқорлығына сенуіне болады. Отан қорғау – әрбір азамат үшін биік мәртебе. Сондай-ақ бұл – туған елдің, болашақ ұрпақтың алдындағы үлкен жауапкершілік. Сіздер еліміздегі бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып жүрсіздер. Өз ісінің нағыз шебері атанып, мінсіз қызмет атқарып келесіздер. Ортамызда антына адал болып, ел қауіпсіздігі үшін басын қатерге тіккен бейбіт күннің батырлары бар. Олардың ерлігі, шын мәнінде, барша халыққа, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорытындылай келе, ел тыныштығын, мемлекет қауіпсіздігін қорғауға атсалысып жүрген барша азаматқа алғыс айтты.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы ерлігімен және еңбегімен дара шыққан бірқатар азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. Сондай-ақ әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырды.

Құрметті офицерлер мен сарбаздар! Марапаттарыңыз бен атақ-шендеріңіз  құтты болсын! Антқа адал болып, мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін қызмет етейік. Бұл  – парыз әрі  зор мәртебе, – деді  Президент сөзінің соңында.

EL.KZ
Бөлісу: