Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президентін қабылдады

5 Қыркүйек, 19:22 518

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Әңгімелесу барысында ел экономикасының өсімін ынталандыру мақсатында өзара тиімді ынтымақтастық құру перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысы Ислам даму банкі Қазақстанның орнықты дамуға ұмтылысы жолында сенімді серіктес болып келе жатқанына назар аударды.

Айта кетсек, банкпен ынтымақтаса жұмыс істеген жылдар ішінде жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтайтын 70-тен астам бірлескен жоба жүзеге асырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған банкпен арадағы Стратегиялық негізгі келісімнің жаңаруын құптады. Оның аясында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және индустриялық жобаны жүзеге асыру үшін қосымша қаржылай қолдау шарттары қарастырылған. Өз кезегінде Мұхаммед Сулейман әл-Джассер бірлескен жобалардың жүзеге асырылуын оң бағалап, Қазақстан экономикасын әртараптандыру ісіне одан әрі атсалысуға дайын екенін жеткізді.

Перизат Саденова
Бөлісу: