Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның ірі компания басшыларымен кездесу өткізді

30 Қараша 2022, 07:31 1594

Президент бірнеше саладағы компания басшыларымен өзекті мәселелерді талқылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның ірі компаниялары басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Францияның атом өнеркәсібі, энергетика, өнеркәсіптік газдарды өндіру, көлік және басқа да салалардағы ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесуде атом энергетикасы саласына озық технологияларды енгізу мәселесін талқылады.

Президент қазақстандық мамандар атом энергетикасы саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың озық технологияларын зерттеп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ олар жаңартылатын қуат көздері саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Air Liquide компаниясының президенті Франсуа Жаковты қабылдады.

Президентке Air Liquide компаниясының Қазақстандағы жобаларының жүзеге асырылу барысы және алдағы жоспары жөнінде мәлімет берілді.

Франсуа Жаков Қасым-Жомарт Тоқаевқа техникалық газ өндіру саласына маманданған Air Liquide компаниясы бұған дейін Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын бірнеше жобаны жүзеге асырғанын айтты.

Атап айтқанда, «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» бірлескен кәсіпорны Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарының базасында техникалық газ өндірісін жолға қойып, Атырау облысындағы полипропилен өндіретін KPI.Inc газ-химия кешені үшін сығымдалған ауа мен азот өндіретін қондырғы салған.

«Orano S.A.» компаниясы Директорлар кеңеcінің төрағасы Клод Имовен кездесу барысында атом өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақстанда атқарып жатқан жұмысының қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспары таныстырылды.

Клод Имовен KATCO бірлескен кәсіпорны Қазақстанда бір жылда өндірілетін уранның 15 пайызын және әлемдік өндірістің 7 пайызын өндіретінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Эммануэль Макронмен келіссөз барысында Қазақстан мен Франция арасындағы уран саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Alstom» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Анри Пупар-Лафаржды қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына компанияның инвестициялық жобалары туралы мәлімет берілді.

«Alstom» компаниясы жақын арада жылжымалы құрам мен теміржол инфрақұрылымына арналған электровоздар мен жабдықтар шығару, сервистік қызмет көрсету жобаларын іске асыруға 50 миллион еуро инвестиция салуға ниетті. Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында сервистік орталықтар ашу жоспарланып отыр. Cондай-ақ Анри Пупар-Лафарж компания осы жобаларды жүзеге асыру барысында мыңнан аса жергілікті маманды даярлайтынын жеткізді.

Бұдан кейін Президент «Total Energies» директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуяннемен кездесті.

Мемлекет басшысы Эмманюэль Макронмен келіссөз барысында Total компаниясына айрықша мән берілгенін атап өтіп, компания еліміздің Франциямен стратегиялық серіктестігінде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Патрик Пуянне «Total Energies» компаниясы біздің елімізге 12 млрд доллар инвестиция салғанын айтып, алдағы уақытта да ең ірі инвесторлардың бірі болатынына сенім білдірді.

Олар сондай-ақ Қазақстанның энергетика секторындағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылады. Компания қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуға ниетті. Нысан 2026-2027 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында пайдалануға беріледі. Жобаның болжамды құны – 1,9 миллиард доллар.

EL.KZ
Бөлісу: