Қаржылық тәуелсіздікке жетудің қарапайым жолдары

26 Сәуір 2023, 09:40 1813

Қазір қоғамда қаржылық сауатын жетілдіргісі келетіндер қатары көбейіп келеді. Ақшаның құны құбылып тұрған нарықтық заманда әр тапқан табысты жүйелеп жұмсамасаң берекесі кетеді. Ол үшін сала мамандарының кеңесіне құлақ түре жүрген дұрыс.

El.kz: Мақсат мырза, қаржылық тәуелсіздікке қалай жетуге болады?

Мақсат Халық: Қаржылық жағынан тәуелсіз адамға айналу үшін ең бірінші қаржының негіздерін біліп алған дұрыс. Оның қарапайым ғана заңдылықтары бар. Әрбір табысыңыздың 20%-ынан арнайы резерв қор құрыңыз. Осы маңызды. Осыған көңіл бөлуге тырысу керек. Қазақстандағы халықтың табыс деңгейі жоғары емес. Табысының 20%-ы қомақты қаражат. Мысалы шартты түрде 200 мың теңге жалақыны қарастырайықшы. Еңбекақының 40 мың теңгесін ай сайын бөлек салып отыруға қаншалықты мүмкіндігі келеді? Өйткені қазір азық-түлік қымбат, балалардың балабақшасы бар, жол шығындары бар. Осылардың бәріне бөлген кезде 20%-ын жинау қиын болып қалады. Сондықтан ең болмаса 10%-ын болса да жинауға үйренуі керек. Бұл тек қана тұрақты табыстан ғана емес. Қандай табыс тапсаңыз да сол табысыңыздың барлығынан аударуыңыз керек. Мәселен, кейде бір бонус түсуі немесе жобаларға тапсырыс түсуі мүмкін. 100 мың, 50 мың болсын. Қосымша табысты көбісі даладан келген ақша екен деп жұмсай салатын кездер болады. Оның да 10%-ын жинау керек. Әрбір табыстан жинасаңыз, қауіпсіздік қор жинақталуына септігін тигізеді. Мәселен, аяқ астынан табысыңыздан айырылып қалсаңыз, қауіпсіздік қорын пайдаланасыз. Сізді содан алып шығуға үлесін қосады. Үлкен бір сума жинай алмасаңыз да ақша жинауға дағдыланасыз.

El.kz: Үнемдеудің жолдары қандай?

Мақсат Халық: Енді жұмыс істеп бастаған кезде барынша үнемдеген дұрыс. Кіріс-шығыстарыңызды үнемі жазып отыру маңызды. Ең көп шығыстар – азық-түлікке кетеді. Азық-түліктен бөлек балабақша шығындары бар. Балаларға қосымша білім беру, той-томалақ, ойын-сауық шығындары. Осы шығындардың бәрін жазып жүрсеңіз, артық шығындардан арылуға болады. Мәселен, бір кафеге бардыңыз да ақшаны шаша салдыңыз. Бұлар есеп жүргізгенде, орынсыз шығындар екені анықталады. Тура сол сияқты керек емес дәрумен ала салуыңыз мүмкін. Бұл да үнемдеудің жолы. Магнумға, әсіресе, азық-түлік алуға барғанда, аш бармаңыз. Сосын тізім жасап бару керек. Тізімде не бар, соны ғана алу керек. Мысалы кейде акциямен тұрған заттарды аламын деп, артық зат алып қоюыңыз мүмкін. Мәселен, бесеуін алсаңыз, алтыншысы тегін деген сияқты. Былай қарасаңыз, бесеуі керек те емес. Тек біреуі ғана керек болуы мүмкін. Осындай артық шығындар болады. Мәселен, кейде көп ақша табудан да оны жинау маңызды болады. Өйткені кейбір адамдар ай сайын миллион теңге табыс табады. Екінші адам 200 мың табыс табады. Миллион теңге тапқан адам тапқан миллион теңгесінің бәрін жұмсап тастайды. Ал 200 мың теңге тапқан адам 10 мың теңгеден жинап отырса, 200 мың тапқан адам тез табысқа шығады. Қай адам байырақ? Ұзақ мерзімде плюске шығып отырған азамат байи алады.

El.kz: Тез баюға ұмтылу дұрыс па?

Мақсат Халық: Тез деген сөзден мен өзім қорқамын. Тез баюға ұмтылу қаржы пирамидаларының арбауына түсуге итермелейді. Тез баю қаржы пирамидаларының сипатына жақын. Солардың жарнамасында көп кездесетін түсінік. Алаяқтықпен айналысып қана тез баюға болатын шығар. Біліміңізді жетілдіру арқылы, құлшынысыңызды арттыру арқылы баюға болады. Байлық – адамның басына беретін бақ. Егер мамандығыңызды жақсы көрсеңіз, ынта-ықласыңызбен жасасаңыз, бір байып кетпесеңіз де, өз қалауыңызға қол жеткізе аласыз.  

El.kz: Көп азаматтар ақшаға қатысты ырым-тыйымдарды қатаң ұстанады. Экономистер де осындай ырымдарға сене ме?

Мақсат Халық: Ақшаға деген қарым-қатынасты дұрыстау керек. Бізде ақшаға деген дұрыс көзқарас қалыптаспаған. Негативті пікірлер көп. Мысалы «періште алтын көрсе, жолдан таяды» дейміз. «Ақша қолдың кірі» деген сияқты. Осындай мәселелердің барлығы балалардың сана-сезімінде бір ойды қалыптастырады. Ақша жақсы дүние емес деген. Ақшаға кішкене жақын болсаңыз немесе жинақтай бастасаңыз, сізді дүниеқоңыз деп айтады. «Мен ондай емеспін» деп адамдар белгілі бір дәрежеде ақшаға деген көзқарасты негативті қалыптастырады. Көп азаматтарымыздың бай болмай жатуының бір себебі осы деп айтар едім. Қарапайым мысал келтіретін болсақ, мен математикадан сабақ беремін. Математикада есепті жақсы көрмеген адам шығара алмайды. Есепке ықыласпен қараса, ол да сізді қуантады. Қолма-қол ақша болса, оны реттілікпен ұстап, мыжымай, махаббатыңызды білдіруіңіз керек. Сіз оған қандай қарым-қатынас жасасаңыз, ол да сізге сондай қарым-қатынас жасайды. Сондықтан да бұл жердегі негізгі идея мынада болуы керек. «Егер де ақылды адам байыса, дүние-мүлкін пұл етеді. Ақымақ адам байыса, дүниеге өзін құл етеді» дейді. Сондықтан сіз байысаңыз, сіз дүниені құл етіп жұмсайсыз. Не істейсіз? Ата-анаңызды Меккеге жібересіз. Оларға көлік сыйлайсыз. Бауырларыңызға сыйлық жасайсыз. Осының барлығы сіздің жомарттығыңыздың белгісі болады. Ақша осындай миссияда, осындай мақсатта керек. Бай болудан қорықпау керек. Ол –мүмкіндік.

El.kz: Инвестиция салуды қалай үйренуге болады?

Мақсат Халық: Инвестиция салуды үйренуге келетін болсақ, қауіпсіздік қорын құрасыз. Сол қауіпсіздік қоры бірінші, екінші жылы қауіпсіздік қоры болып тұрады. Содан кейін оны инвестицияға саласыз. Өйткені деваливация ақшаны жеп қояды. Сол үшін депозитке немесе қандай да бір салаға инвестиция жасайсыз. Инфляцияның деңгейінде немесе инфляциядан сәл жоғары болса да сізге кіріс түседі. Сондықтан қаражатты банкте ұстаған дұрыс. Сонымен бірге бір ескеретін жайт бар. Әр банктың өз сақтандыру қоры бар. Әр банкте ереже әртүрлі. Біреулері 10 миллион теңгеге дейінгі қаражатты ғана сақтандырады. Бұл деген сөз алда жалда банк банкрот бола қалса, 10 миллион теңгеңізді ғана қайтарып береді деген сөз. Осы жағын ескеріп, толық ақпараттану керек. Доллармен сақтасаңыз, 5 миллион теңгеңізді ғана қайтара аласыз. Осылардың бәрін зерттеп барып, ақша жинаған дұрыс. Егер сізде 30 миллион теңге болса, онда қаражатыңызды үшке бөліп, үш банкте сақтаған дұрыс. Сондай-ақ әр банктың шарттары әртүрлі. Үстіне қосылатын үстемақысы да әртүрлі.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: