Қаржылық сауаттылық төмен: «Қарызсыз қоғам» несиеден арылуға қалай көмектеседі

28 Ақпан, 09:50 657

Халықтың шамадан тыс несиеге батуы назар аударылуы қажет мәселелердің бірі. Қазақстандықтарда бірнеше несие мен қарыз бар, тіпті бұл қаражаттың қандай бос қажеттіліктерге жұмсалғанын түсінбейді. Өтелмеген несиелер ажырасуға, отбасылық жанжалдарға, құқықбұзушылықтарға себеп болады. Бұл түйткілді қандай да бір жолмен шешу үшін AMANAT партиясы былтыр «Қарызсыз қоғам» жобасын бастады, ол қарызды төлеп, аяққа тұруға ғана емес, қаржылық қауіпсіздік құралдарын үйренуге де көмектеседі.

Борышкер синдромы: Несиені өтеу үшін жаңа несие алу

Жобаны іске қосудың негізгі себептерінің бірі – қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығының төмендігі. Осылайша қоғамда борышкер синдромы пайда болды. Елде 1 млн 700 мың адамның несие төлеу мерзімі өткен. Бұл адамдарда бірнеше несие бар. Олар алдыңғы несиені жабу үшін жаңа несиеге өтінім береді де қарызға бата түседі. Көптеген адамдар жіберетін ең өрескел қателік – несиені өтеу үшін жаңа несие рәсімдеу.

Несие мәселесі бар қазақстандықтар санатын зерделей келе, көпшілігі міндетті емес қажеттіліктерге несие алған деген қорытындыға келеміз. Тұрғындардың тағы бір санаты негізгі азық-түлік бағасы өсіп, оған табысы жетпегендіктен несие алуға мәжбүр болған. Халықтың несиеге батуының басты себептерінің бірі тұтыну мәдениетінде де жатыр. Адамдар өз шамасынан тыс ақша жұмсайды. Осыған байланысты қолда бар қаражатпен өмір сүру, үнемдеу, жоспарлау секілді қаржылық сауаттылық принципі бұзылады.

 

Қазақстанда әйелдер мен жасөспірімдер жиі несие жиі алады

Әсіресе елімізде несие құрсауында қоғамның осал топтары: әйелдер мен жасөспірімдер көп екені анықталды. Елдегі жастардың 80%-ы несие алған. Бұл негізінен брендтік гаджет сатып алу үшін несие алған студенттер. Жастардың тек 3%-ы ғана бизнес ашуға несие рәсімдесе, қалған 97% бос заттарға қаржы жұмсаған. Бұл тұтыну мәдениетін көрсетеді.

Әйелдерге келсек, олар күйеуінің, ағасының немесе жақын туысының қарыздарын өтеу үшін несие алуға мәжбүр болған. Сондықтан «Қарызсыз қоғам» жобасындағы өтініштердің көпшілігі өзіне, отбасына қандай да бір жолмен көмектескісі келетін және кредиттік берешексіз жаңа өмір бастағысы келетін әйелдерден келіп түсті.

 

«Балық емес, қармақ бер»

Осылайша, «AMANAT» партиясы мәселенің ауқымын түсіне отырып, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында несиесін төлей алмай жүрген қазақстандықтарға, әсіресе әйелдерге көмек қолын созуды ұйғарды. Бес күндік офлайн оқытуда қазақстандықтар қаржылық сауаттылық негіздерін үйренді. Яғни, тәлімгерлер қатысушыларды проблемамен өз бетінше күресуге үйретеді, ол үшін не істеу керегін көрсетеді. Заңгерлер шоттарды бұғаттау, несиелерді қайта құрылымдау, жеке тұлғаларды банкроттыққа беру мәселелері бойынша қолдау көрсетеді. Қаржы нарығын реттеу агенттігімен, банктермен және қаржыгерлер қауымдастығымен қол қойылған меморандум арқылы бұл мәселелер бірлесіп пысықталады.

Жобаның тағы бір жаңашылдығы – еліміздің барлық өңірлерінде заңгерлер, қаржы сарапшылары, банктер, коллекторлар, жеке сот орындаушылары бар өңірлік жобалық кеңселердің ашылуы болды.

 

Жамбылда әйелдерді кәсіпкерлікке оқыту орталығы ашылады

Жобаға қатысушылардың көпшілігі әйелдер екенін ескере отырып, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында әйелдерді қолдау үшін бір уақытта бірнеше жобаны іске қосу жоспарлануда.

Оның біріншісі – Жамбыл облысы Мерке ауданында кәсіпкерлікті оқыту орталығының ашылуы. Өз кезегінде жоба қатысушыларының көпшілігі ауыл әйелдері екені, олардың жұмысқа орналасу үшін таңдауы жоқ екені анықталды. Адамдарға қолданбалы дағдылар бойынша қосымша оқыту қажет. Осы мақсатта Жамбыл облысында әйелдерді кәсіпкерлікке оқыту орталығын пилоттық режимде ашу жоспарлануда. Әйелдер пайдалы дағдыларды үйреніп, күш-жігерін біріктіріп, бір өнім жасай алады. Осылайша, жоба әйелдерге ұжымдық шаруашылық құруға көмектеседі. Әйелдерге А нүктесінен В нүктесіне дейін толық көмек көрсетіледі.

 

Алғаш рет несиеге батқан әйелдер форумы өтеді

2024 жылдың наурыз айында Астанада алғаш рет несие мәселесі бар әйелдер форумы өтеді. Бұл бастаманы Halyk Bank қолдады. Әр өңірдегі кәсіпкер әйелдер тәлімгер ретінде мыңдаған әйелді қамқорлығына алып, оларға кредиттер, гранттар алуға, кооператив ұйымдастыруға көмектесетін жобалар пулын қалыптастыру ұсынылады. Осылайша, әйелдердің бизнесті қалай бастайтынын және қалай тұрақты табысқа жететінін даму траекториясын байқауға болады. Форумды биылғы наурыз айында Астанада өткізу жоспарлануда.

 

Бәрі мектептен басталады

Егер қазақстандықтардың несие алу мәселесіне тереңірек үңілсек, басты себеп – қаржылық сауаттылықтың төмен деңгейі немесе мүлдем болмауы екені анықталады. Сондықтан ересек тұрғындардың үнемі қарыздардан зардап шекпеуі үшін мектеп қабырғасында ақшамен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру ұсынылады. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылықты оқыту бағдарламасы іске қосылады. Қазірдің өзінде әдіснамалық топ құрылды және Финляндия, Ресей және Беларуссия елдерінің тәжірибесі зерттелуде. Оқу жылының соңына дейін барлық дайындық жұмыстарын жүргізіп, жазда педагогтарды оқыту жоспарлануда. Жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру мекемелерінде қаржылық сауат курстары басталады.

 

Қаржылық сауаттылық күні

Сонымен қатар, елде қаржылық сауаттылық күні атап өтілуі мүмкін. Бұл күнге 2 мамырды белгілеу ұсынылып отыр. Бұл күні барлық ұйымдарда, мектептерде, балабақшаларда оқыту семинарлары, ашық дәрістер, шеберлік сыныптары өткізіледі. Бұдан басқа, қаржы құралдары туралы барлық ақпаратты қамтитын онлайн-платформа әзірлеу жоспарлануда.

Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасының бірінші кезеңінде ел өңірлерінде 65 мың адам оқытылды. Ал биыл бір айдың өзінде 10 мың адам білім алды. Оған Мемлекет басшысы қолдау көрсетіп, «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл жобаның қаржылық проблемаларға тап болған көптеген адамдар үшін пайдалы болатынын тағы бір айғақтайды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: