Қаржы пирамидасына алданатын 10 адамның 8-і әйелдер

28 Шілде, 14:39 600

Интернет күн сайын біздің өмірімізді жеңілдетіп отырғанымен, одан келетін қауіп-қатер де артып отыр. Соның ішінде қаржы пирамидаларының жарнамасы ғаламторда ашықтан ашық жарияланып, салдарын мыңдаған адам сан соғып келеді. Қаржы пирамидалармен күресуші ведомство өкілдерінің айтуынша, бізде оңай жолмен олжалы боламын деп, бірақ соңында бар ақшасынан айырылып қалатын 10 адамның 8-і әйел азаматтарын құрайды екен. Олардың көбі мұғалімдер мен медицина қызметкерлері, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұндай мәліметті Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері айтты.

Департаменттің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Камилхан Исмаиловтың мәліметінше, жыл басынан бері қалада қаржы пирамидасына қатысты үш қылмыстық іс қозғалған. Оның біреуі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталып, сотқа жолданған, екі қылмыстық іс өндірісте. Ал былтыр қалада бес қылмыстық іс қозғалған. Төртеуі сотқа өтсе, бір іс Алматы қаласына жолданыпты. Екі іс бойынша сот үкімі шығып, заңды күшіне енген. Атап айтқанда, «Ақ үй арман» қаржы пирамидасының басшысы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек GAP қаржы пирамидасын құрған басшысына 6 жыл 8 айға мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Біз жалпы қаржылық пирамидалар бойынша салымшылар санын зерттеп шыққанбыз. 2023 жылы 960 салымшысы болса, 2024 жылы 690 адамды құраған. Келтірілген залал көлемі 2023 жылы 720 миллион теңге болса, 2024 жылы 432 миллион теңгені құрап отыр. Біздің жұмыс - тек қана қаржы пирамидасының салдарымен күрес, яғни қылмыс қозғап, кінәлі тұлғаны жауапкершілікке тарту емес, одан бөлек олардың алдын алу және болдырмау. Орысша айтқанда, «принятие превентивных мер», яғни алдын алу шараларын қабылдау,-деді Камилхан Исмаилов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Спикердің айтуынша, интернет дамыған заманда қаржы пирмадиларын насихаттайтын әртүрлі заңсыз сайттар және парақшалар пайда болуда. Қаржылық мониторинг агенттігі күмән тудыратын аталған сайттарды бұғаттау жұмыстарын жалғастыруда.

Әлеуметтік желілерде өздеріңіз білетіндей, заңсыз қызметтер орын алуда. Пирамида және лудомания жарнамалары көп кездесуде. Бұл бағытта біздің агенттіктің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижесінде заңсыз веб-сайттарды және парақшаларды бұғаттау мүмкіндігі берілген. Бұл заңсыз ойын бизнесі және қаржылық пирамида саласына қатысты. Бұл мүмкіндік бізде "Кибербақылау" жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Осы жұмыс нәтижесінде жыл басынан бері 450-ден астам қаржылық пирамида жарнамалайтын веб-сайттар және әлеуметтік желілердегі парақшалар бұғатталды. Whats App және Telegram арналарында 10 топ жабылды. Аталған бағытта жұмыстар жалғасуда. Бұл бізге берілген негізінде үлкен мүмкіндік. Яғни, интернет жүйесінде қаржылық пирамидалық туралы ақпарат анықталған жағдайда біз онлайн режимде тосқауыл қоя аламыз. Былайша айтқанда, бұғаттаймыз. Егер сіздерде де бұл бойынша ақпарат болған жағдайда бізге жолдауға мүмкіндік бар. Дереу шешім қабылданатын болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде қаржы пирамидаларының саны және қылмыстық істер саны бойынша бүгінде төмендеу тендециясы бар,-деді ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы.

Камилхан Исмаилов осыдан үш-төрт жыл бұрын қаржы пирамидаларын Ішкі істер министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігі бірлесе тергеу жүргізіп келген болса, қазіргі таңда бұл істерге тек агенттік тергеу жүргізетінін атап өтті. Мысалға, 2022 жылы Шымкент қалалық Экономикалық тергеу-тексеру департаментінің қызметкерлері 21 қылмыстық іске тергеу жүргізген болса, ал Полиция департаментінің өндірісінде 10 қылмыстық іс болған.  2023 жылы Экономикалық тергеу-тексеру департаментінде 5 іс, Полиция департаментінде 3 қылмыстық іс өндірісте болған.

Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері арнайы зерттеу жүргізіп, қаржы пирамидаларының құрбаны болатындардың көбі әйел азаматтары екенін анықтаған. Яғни, ресми дерекке сүйенсек, тез мол қаржыға кенелемін деп сан соғып қалатын 10 адамның 8-і әйелдер екен. Соның ішінде олардың  басым көпшілігі мұғалімдер мен балабақша қызметкерлері және медбикелер. Мамандардың айтуынша, бір рет құрбан болған жәбірленуші көп ұзамай екінші, үшінші рет сан соғып қалып жататын кездер де тіркеліпті.

Спикер халықты қаржылық пирамидалардың құрбаны болудың алдын алу мақсатында Қаржылық мониторинг агенттігінде тиісті жұмыстар атқарылып отырғанын алға тартты. Атап айтқанда, агенттіктің ресми сайтында бүгінгі таңда қаржылық пирамидалар бойынша қандай қылмыстық істер тергеліп жатқаны және компаниялардың атаулары жарияланған. Бұл ақпарат кез келген азамат үшін қолжетімді.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Одан бөлек Telegram-арнасында бүгінгі таңда «Байқа пирамида», АФМ инсайдер телеграм боттары бар. Бұл арқылы кез келген азамат белгілі бір жобаға ақша салудың алдын оның қаржылық пирамида белгілері бар-жоқтығын тексеру мүмкіндігі бар. Мысалға, сізді қызығушылық тудырып отырған компанияның бизнес сәйкестендіру нөмірін енгізесіз. Яғни, БИН нөмерін теріп, онлайн түрде сұрау тексеріліп, егер де компанияда қаржылық пирамидалық белгілері немесе қылмыстық істер тіркелген болса, сізге тиісті хабарлама келеді,-деді қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы.

Қаржылық пирамидалардың құрбаны болмаудың негізгі жолы – тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Аталған бағытта агенттік Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, 2022 жылдан бастап қаржылық сауаттылықты көтеру мақсатында жоғары және орта білім беру мекемелерінің білім алушыларына алғашқы қаржылық сауаттылық негіздері туралы сабақтар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, қала аумағында 9-11 сынып оқушылары арасында ұзақтығы 15-20 минуттық қаржылық қауіпсіздік негіздері атты оқу, ақпараттандру сабақтары 86  мектепте жүргізілді. Қамтылған оқушылар саны 18 мыңнан асып отыр.  

Аталған жұмыстар өзінің оң әсерін беруде. Бұл тақырып оқушылар мен мұғалімдер арасында қызу талқыланып, белсенді қызығушылық бар екенін көрсетті. Осыған байланысты осы жылы қаржылық қауіпсіздік негіздері сабақтарын жекеменшік мектептерде өткізу жоспарда бар. Одан бөлек, осы жылдың 4 маусым күні агенттіктің ұйымдастыруымен Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Alayaq.net» республикалық жастар қозғалысының қолдауымен «АФМ онлайн» атты үлкен іс-шара өткізілді. Іс-шараның мақсаты - қаржы пирамидаларымен күрес. Әлеуметтік желідегі тәртіп, интернет алаяқтықпен күрес тақырыбында сарапшылардың қатысуымен үлкен жиналыс болды. Қаламызда аталған іс-шараға екі университеттің 200-ден астам белсенді студенттері, әкімдік қызметкерлері және құқық қорғау органдары, 2 миллионнан астам оқырмандары бар сегіз блогер шақыртылып, тікелей эфир жүргізілді,-деді спикер.

Сонымен қатар биыл халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу департамент бастығының тікелей бақылауына алынып, қалада орналасқан 4 жоғары оқу орнында студенттермен кездесулер өткізілген. Кездесулер барысында қаржылық сауаттылық, пирамидалардың негізгі белгілері, жаңа превентивті іс-шаралар туралы семинар сабақтар ұйымдастырылған. Бұдан өзге қала тұрғындары көп шоғырланатын орындарда, көшелерде «Абайлаңыз, қаржылық пирамида!» атты ақпараттық баннерлер ілінген. 

Одан бөлек, жол бойында орналасқан 10-нан астам LED-экранда бейнероликтер жарияланған. Қала аумағындағы ойын-сауық, сауда үйлерінде, кинотеатрларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, екінші деңгейлі банктерде, автобустарда қаржылық пирамидалардың алдын алу мақсатында бейнероликтер көрсетілді. Аталған жұмысты ары қарай жалғастыру мақсатында біздің департамент қаланың ішкі саясат басқармасы арқылы тиісті дәрежедегі қысқа метражды фильм түсіріп, оны әрбір кинотеартға жолдап, ондағы әрбір сеанс басталар алдын көрермендерге көрсету ұсынылады,-деді  Камилхан Исмаилов.

Спикердің айтуынша, халықты құлақтандыруға арналған бейнероликтерді кинотеатрларда көрсету жұмыстары былтыр да жүзеге асқан. Бірақ қаладағы тек бір кинотеатр департамент ұсынысына қолдау көсреткен. Қалғандары түрлі сылтаулармен эфир уақыты ақылы болғандықтан бас тартыпты.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет болып отырғанда ақша мәселесін көтеру орынсыз деп санаймыз,-деді спикер.

Бұдан өзге Экономикалық тергеп-тексеру департаментіндегілер халық көп жиналатын Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионындағы экранды ауыстырып, орнына  заманауи экран орнатып, матч басында  халыққа қаржы пирамидасы, лудомания және тағы мәселелер туралы бейнероликтер жариялауды әкімдікке ұсыныпты. Себебі профилактиканың ең тиімді жолы -  халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және насихаттау. Бұл ұсыныс қала әкімдігі тарапынан қолдау тауып отыр екен. Сондай-ақ ведомство бастамасымен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына ұсыныс жолданып, жұма намазы кезінде қаржылық пирамидалардың зияны туралы уағыз айту мәселесі қолдау тапқан. Нәтижесінде өткен жылдың қараша айында бүкіл республикадағы мешіттерде осы тақырып бойынша имамдармен түсіндірме-насихаттау жұмыстары жүргізілген.

Агенттіктің өңірлік департамент өкілдері бұл жұмыстарды ары қарай жалғастыру мақсатында  қалалық дін істері басқармасы арқылы жергілікті имамдардың қаржылық сауатын арттыру үшін семинарлар өткізіп, кейін дін өкілдері алған білімдерін мешіттерде халыққа жеткізсе деген ұсыныс тастағанын айтты. Дін басқармасындағылар да бұл ұсынысқа қолдау білдірген.

Брифингте спикер қаржы пирамидаларының зияны туралы және олардың құрбаны болмау үшін насихат жұмыстарын қаладағы зиялы қауым, танымал тұлғалар, белгілі спортсмендер, блогерлер арқылы әлеуметтік желілерде, оның ішінде бүгінгі таңда дамып отырған TikTok пен Instagram желілері арқылы халық назарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуді маңызды екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда қаржылық пирамидаларды жарнамалайтындарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын айтып өткен жөн. Қаржылық пирамидаларды жарнамалау, яғни залал келтіре отырып, ақпаратты жария түрде, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпараттық ресурстарын пайдалана отырып, адамдарды оған тартуға алып келген жеке және тікелей тарату  бұл қылмыс болып табылады. Сонымен қатар мүлкі тәркіленіп, 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерде айыппұлдан бастап, 4 жылға дейін мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл мәселені де біздің қаладағы блогерлер, жарнама жасап жүрген тұлғалар назарына жеткізу қажет деп санаймыз. Себебі бұндай деректер бізде жоқ емес. Айқын мысал ретінде өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласында белгілі вайнерлерге осы қылмысты жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды,-деді спикер.  

Брифинг соңында департамент өкілі халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында жоспарланып отырған жұмыстар мен ұсыныстарын атап өтті. Олар:

- Ішкі саясат басқармасы арқылы бейнероликтер, қысқа метражды кино түсіру. Бұл бейнероликтерді кинотеатрларда әрбір кино басталар алдын көрермен назарына ұсыну;

- Қала аумағында қаржы пирамидасы бойынша билборд санын арттыру;

- Дін істері басқармасы арқылы лудомания, қаржылық пирамида, алкоголь өнімдерінің зияны туралы мешіттерде халықтың назарын үнемі жеткізу;

- Білім басқармасы арқылы қаржылық сауаттылық бойынша мектеп оқушылар арасында Олимпиада өткізіп, жүлделі орын алған оқушыларды ынталандыру;

- Бұқаралық ақпарат құралы арқылы «Байқа пирамида», «AFM Insider»  Telegram-боттарының мүмкіндіктерін кеңінен таратып, халыққа жеткізу және түсіндіру.

Айта кетейік, тәуелсіз сарапшылардың 2023 жылғы статистикалық дерегіне сүйенсек, елімізде қаржы пирамидаларының құрбаны болғандар саны үш есеге артқан. Оңай жолмен ақшаға кенелемін деп ойлайтындардың көбі 30-49 жас аралығындағылар екен.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: