Қаржы пирамидасын құрған атыраулық 5 жылға сотталды

26 Қараша 2023, 14:54 675

Атырауда қаржы пирамидасын құрған адам 5 жылға сотталып кетті. Ал зейнет жасындағы сотталушы жазасын шартты түрде өтейтін болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Атырау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өңірде аса ірі мөлшерде ақша тартып, қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық жасаған адамға ҚР Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылғаны белгілі болды

Сотталушы Т. Ресей Федерациясының азаматы Д-ның „The Finiko“ компаниясын құрғанын біліп, бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, оған қосылуға және компания атынан әрекет жасауға шешім қабылдаған. Өзінің қылмыстық жоспарын жүзеге асыру мақсатында әрекетінің заңсыздығын біле тұра ақпараттық механизмді іске қосқан. Әлеуметтік желі арқылы өзіне жақын адамдар арасынан компанияға салымшыларды тартуға бағытталған әрекетін жүзеге асырған. Ол Қазақстан Республикасының аумағында „The Finiko“ компаниясының халықпен жұмыс істеу тәжірибесі бар екеніне көз жеткізіп, компанияның құрылымдық бөлімшесін басқаруға шешім қабылдаған, - деп жазылған соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Сотталушы компанияға 19 жәбірленушіні тартып, оларға 108 млн теңгеден асқан қаржылық залал келтіргені айтылды. 

Алайда, күдікті тергеу сатысында 93 млн теңге залалдың орнын толтырған. Өтелмеген залал сомасы — шамамен 15 млн теңге болып отыр. 

Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, оған қаржылық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазым атқару құқығынан 7 жылға, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушының зейнет жасында екенін және залалдың ішінара өтелгенін ескеріп, сот Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, жазаны шартты түрде тағайындады, - деді соттың баспасөз қызметіндегілер. 

Асқар Таудай
Бөлісу: