Қаржы пирамидасы қазақстандықтарды Африкада алмаз өндірісіне инвестиция салуға үгіттеген

Бүгiн, 12:50 120

Қаржылық мониторинг агенттігі Астанадағы «Sax Invest» қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша адамдар тобына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚМА мәліметінше, компания өзін инвестициялық қор ретінде таныстырған, бірақ уәде етілген дивидендтер (ай сайын 2-3%-дан) қатысушыларға жаңа салымшылардан қаражат тарту арқылы ғана төленген.

Азаматтарға брокерлік қызмет көрсету, бағалы қағаздар нарығындағы сауда және Ангола Республикасында (Африка) алмаз өндіру жобасына инвестициялау бойынша қызметтерді орындауға сендіре отырып, қаражаттарын сенімгерлік басқаруға беру ұсынылған. «Sax Invest» ресми сайтында тіркелу және жеке кабинетке кіру үшін жоба клиентінен сілтеме алу қажет, яғни жобаға кіру шақыру-сілтеме арқылы ғана жүзеге асырылған, - делінген мәліметте.

Бұдан бөлек бонустар жаңа салымшылар тартылған жағдайда өскен, оларды кейіннен компания жүйесі ішінде басқа тұлғаға аудару арқылы қолма-қол ақшаға айналдыруға болатынын айтқан. Дегенмен салымшылардың барлық ақшалай қаражаты компанияның банктік шотына емес, ұйымдастырушының жеке банктік картасына аударылған.

2018 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде компаниядағы ақша айналымы 18 млн АҚШ долларына (9 млрд теңгеге жуық) жетіп, 3 000-нан астам салымшыны құраған, - делінген мәліметте.

ҚМА «Sax Invest» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларының бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын алға тартты. 

Жыл басынан бері қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін 35 адам мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Агенттік сіз және сіздің жақындарыңыз аталған қаржы пирамидасының қызметіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуды сұрайды.

ҚМА адам ақша салғысы келетін компанияны қаржы пирамидасының белгілеріне тексеруге мүмкіндік беретін Телеграм ботты іске қосты.

Сонымен қатар мұндай құқық бұзушылықтар үшін ұсталған барлық жалған жобалардың тізімі агенттіктің сайтында жарияланған.  

Мадина Асылбекова
Бөлісу: