Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай мәселе көтеріп, Бас прокурор Берік Асылов пен Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазір арзан атақ, жеңіл ақшаның насихаты қатты. Ал шын мәнінде ел ертеңін жарқын ететін жел ақша, жеңіл жұмыс емес екенін ескере отырып, Қоғамға Үндеу жолдаймын! Әуелі, жалпақ жұртқа жалт-жұлт еткен жарнамаға сеніп, арзымас күмәнді дүниеге сенбеңіздерші деп жар салғым келеді. Өйткені айналаның бәрі алаяқ, қазір. Мысалы, менің қолымдағы мына қалам 10 мың теңге тұрады. Осыны біреу Сізге 2 мың теңгеге алып беремін десе, соған малданып опық жеп жатамыз. Арзанның жілігі татымас дейді. Демек, 10 мың теңгелік заттың 2 теңге тұруы мүмкін емес. Оның не пайдалану мерзімі өткен, не сиясы кепкен әйтеуір дүдәмәл дүние. Іс бітті, қу кетті. Болды, - дейді депутат.
Депутат қазақтың ең әлсіз әрі жанды жері баспана екенін атап өтті. Өйткені, үйсіз-күйсіз жүрген адам көп. Солардың жанды жерінен ұстап, тырп еткізбей ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, оңай олжа тапқысы келетін әккі алаяқтардың «Кооперативттік жолмен ипатекаға баспана алыңыз!», – дейтін жарнамасынан көз сүрінеді.
Күні кеше Қаржы мониторингі агенттігінің елдегі ең ірі тұрғын-үй кооперативтерінің бірі «Asar Baspanаны» қаржы пирамидасы деп айыптап, қызметін тоқтатып, ұйымдастырушыларды қамауға алғандығы туралы тараған ақпарат қоғамды дүр сілкіндірді. Компания кеңсесін тінту кезінде 1,2 млрд теңге қолма-қол ақша, премиум класты көліктер тәркіленді. Енді біздің телефонымызда тыныштық жоқ. Өйткені, «Asar baspana»-ның салымшылары өте көп екен. Олардың «үй аламыз» деп жүрген үміттерінің бір күнде күл-паршасы шыға ма деп алаңдаймын. Салы суға кеткен салымшылардың көңілі күпті...Әзірге атағы жер жарған «Asar Baspanaны» алаяқ, қаржы пирамидасы деп біржақты үкім кесуге қақымыз жоқ. Соттың шешімін күтеміз. Салымшылар қоныс тойын тойлап, салған ақшаларын қайтара алса жақсы, әрине. Олай болмаған жағдайда мыңдаған адам тағы да «тұзаққа түсті» дей беріңіз. Даудың көкесін сонда көреміз, - дейді мәжілісмен.
Сондай-ақ, ірі компания мен банктердің атын пайдаланып, аңқау елді ақша салуға үгіттеп жүрген «Тендерная биржа» компаниясының үстінен 11 адам арыз жазып, қылмыстық
іс қозғалды. Мен сіздерге айналасы үш-төрт күнде тіркелген екі фактіні ғана айтып отырмын.
Біздің қоғамда алаяқтар айласын емір-еркін асырып жүр! Былтыр «алаяқтық» бабы бойынша тіркелген қылмыстың саны 45 мыңнан асқан. Сенезсіздер ме? 45 мыңнан асқан! Ал осы қаржы пирамидаларына халық бір жылда 20 млрд теңге салған. Бұл бағытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ақпарат және мәдениет министрлігі, Ұлттық банктен бастап Қаржы мониторингі агенттігіне дейін барлығы жұмыла жұмыс істемесе, қам көңіл қара халықтың арман тілектері әдірам қалып, әккі алаяқтар әлі талайды сан соқтырмақ, - дейді депутат.
Ең басты мәселе – халықтың қаржылық сауатын арттыру. Алаяқтар жиі қолданатын жүйелерді БАҚ, әлеуметтік желі арқылы кеңінен тарату қажет. Елдің бәрі телефонда отыратын заман. Тик-Ток, инстаграмм, фейсбук сияқты желілерді бақылауға алу маңызды. Себебі, алаяқтар көбінде заманауи технологияны пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы халықты алдап-арбап жатыр. Президенттен бастап, танымал миллиардерлердің фотосын, ірі компаниялардың атын жамылып, халықты инвестор болуға шақыратын псевдокомпанияларға бейресми ақпарат бойынша елде 150 мыңнан астам тұрғын тіркеліп үлгерген. Бұның бәрі несие алып, алданып жатқан жерлестеріміз. Ал оның арты үлкен әлеуметтік толқуға әкелетіні сөзсіз. Әсіресе, ипотекамен баспана алуға үгіттейтін тұрғын-үй кооперативтерінің схемасын көпшілік әлі де түсіне бермейді.
Әрине, кооперативтердің жарнамасы үйсіз жүрген адамды елең еткізбей қоймайды. Пайызсыз төлем дейді. Тұрақты табыс сұрамайды. Зейнетақы жинағыңа қарамайды. Кепілге мүлік талап етпейді. Алғашқы жарнасын төлесең болды. Кезегің келгенде үй аласың дейді. Былай қарасаң бәрі керемет. Сізге «Тұтыну кооперативі» туралы заңды көрсетеді. Пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлап жатқандардың бейнеролигін тықпалайды. Кооператив қызметкерлері де мұнтаздай, момын, монтана. Ақ жейде киіп, галстук тағып алып, «біз алдамаймыз» деп айқайлап тұрғандай көрінеді.
Мені мазалайтын қауіп мынада: Алдымен халық салған ақша уақыт өткен сайын құнсызданады. Екіншіден, нарықтағы пәтер бағасы тұрақсыз, тез өседі. Үшіншіден, мемлекет коопертивке кепілдік бере алмайды. Кооператив – банк емес. Компанияның үстінен күндердің-күнінде арыз түсіп, сот басталса, онда үмітіңіз өшіп, пәтерсіз қалдым дей беріңіз. Кооператив төрағасы болса, қолыңнан келсе, қоншынан бас деп тайраңдап жүреді. Ешкім бақыламайды. Сондықтан «бұл неткен батпан құйрық», – дегенді биліктің білетін кезі келді. Бұны халыққа да тиянақты түсіндіру керек, - дейді ол.
Осы депутаттық сауал арқылы үй сатып алу үшін азаматтардың ақшасын тікелей немесе жанама түрде тартатын барлық кооперативтердің қызметін қатаң түрде реттеуді талап етті.