ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі қарызға қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдардың жауабын жария етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қарызды «кешірдім» деп айтса, борышкердің мойнынан түсе ме?
Жауап: Шариғатта қарызды кешіріп жіберуге рұқсат етіледі. Өйткені ол қарыз берушінің мүлкі, оны өз қалауы бойынша жұмсауға құқылы. Қаласа борышкерге берген қарызын кешіріп жібереді немесе қарызды негізгі сомасынан азайта алады. Егер қарыз беруші қарызды кешірсе, онда борышкердің мойнынан ол міндеттеме түседі.
Али Хайдар «Дурәру әл-хуккәм шәрху мәжәлләти әл-әхкәм» атты кітапта: «51-бап: Мойыннан түсірген нәрсе қайтарылмайды. Яғни біреу өзінің мойнынан түсіруге рұқсат етілген құқықтың бірін кешірсе, онда ол құқық мойнынан түседі. Оны мойнынан түсіргеннен кейін қайтарып алмайды», – деп келтірген.
Қарызды қайтара алмай жүрген адамды кешірген дұрыс па?
Жауап: Жалпы мұсылман адам өз ақысын талап етуге құқылы. Алайда қарыз алған адам қиын жағдайда болса, алған ақшасын қайтаруға мүмкіндігі болмаса, оған уақыт беру қажет. Егер кешіріп жіберсе сауапқа кенеледі. Алла Тағала Құранда былай дейді:
«Ал егер (қарыз алушы) қиын жағдайда болса, (жағдайы) жеңілдегенше мұрсат (беріңдер). Һәм садақа қылғандарың өздерің үшін қайырлы, егер білген болсаңдар».
Тағы бір аятта:
«Сондай-ақ ашу-ызаларын тежегіш, адамдарға кешірімшіл (тақуалар үшін) (әзірленген жұмаққа кіреді). Алла мұхсиндерді жақсы көреді!», – дейді.
Сондықтан қарыз алған адам қатты қиындыққа тап болған болса оны кешірген абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір кісі адамдарға қарыз беріп, өзінің ұлына былай дейді: «Егер қатты қиындыққа тап болған адам болса оны кешіріп жібер. Мүмкін Алла біздің күнәмізді кешірер» дейді. Алланың құзырына барғанда, Ұлы Жаратушы оны жарылқайды», – деген.
Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Нужәйм былай дейді: «Парыз нәпіл құлшылықтан абзал. Тек мына мәселелерде нәпілді бірінші орындаған жақсырақ:
Қарызды уақытында қайтармау күнә санала ма?
Жауап: Жалпы қарыз алғаннан кейін оны уақытылы өтеу керек. Қарызды өтеуге мүмкіндігі бола тұра кешіктіруге болмайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Қарызды өтеу мүмкіндігі бола тұра кейінге қалдыру – зұлымдық», – деген.
Имам Нәуауи: «Дәулетті кісінің қарызды кешіктіруі зұлымдық әрі харам. Ал кедейдің үзірі болғандықтан қарызды кешіктіруі зұлымдық та, харам да емес. Бұны хадистің мазмұнынан түсінуге болады. Егер бай адамның (сол сәтте) дүниесі болмауы немесе басқа себептерге байланысты қарызды өтеуге мүмкіндігі болмаса, онда оған қарызды кешіктіріп беруіне болады», – дейді.
Сондықтан қарызды өтеуге шамасы келе тұра уақытынан кешіктіру күнә саналады.
Қарыз иесін таппаса, оны қалай өтеуге болады?
Жауап: Борышкер қарызға ақша алған болса оны иесіне тездетіп қайтаруға асыққан жөн. Хатим әл-Асам былай дейді: «Асығыстық шайтаннан, тек бес нәрсеге асығу керек. Ол – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті: мұқтаж адамды тамақтандыру, мәйітті жерлеу, бойдақты үйлендіру, қарызды өтеу және тәубеге келу».
Сондықтан кім біреуден қарыз алса оны иесіне тез қайтару керек. Егер қарызды өтейтін уақытта қарыз берген адамды таба алмаса, бірақ жолығып қалармын деген үмітте болса, онда оны тапқанша күтеді. Ал үміті үзілсе, онда мұрагерлерін танитын болса соларға береді. Егер оларды да білмесе, сол елдің немесе аймақтың тұрғындарына оның атынан садақа етеді. Егер оны да білмесе мұсылман кедейлерге оның атынан садақа етеді. Осыдан кейін қарыз берген адам табыла қалса, оған болған жағдайды түсіндіріп, оның атынан садақа еткенін айтады. Мұндай жағдайда қарыз беруші берген қарызын садақа деп санап, борышкерге кешірім етуге немесе қарызын қайтарып беруді талап етуге құқығы бар. Егер қарызды қайтар десе оны өтеуі тиіс.