Қарулы Күштерде әскерилендірілген кростың жеңімпаздары анықталды

23 Сәуір 2023, 15:34 950

Чемпионатқа 17 команда қатысты

Ақмола облысының Щучинск қаласында Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубының базасында әскерилендірілген кростан чемпионат аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. 

Жарыс Қарулы Күштердің ХХ Спартакиадасы аясында өткен болатын. Оған Қарулы күштердің барлық түрлерінен, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардан 70 спортшыдан тұратын 17 команда қатысты.

Командалық есепте "алтынды" Әуе қорғанысы күштерінің спортшылары, "күмісті" Десанттық-шабуылдау әскерлері, "қоланы" 32039 әскери бөлімінің спортшылары жеңіп алды. 

Ерлер арасында жеке есепте қатардағы жауынгер Руслан Бекешов чемпион атанды. Күміс жүлде 3-сыныпты сержант Жігер Нұршабаевта. Екі жауынгер де десанттық-шабуылдау әскерлерінің қызметшілері. "Қолаға" Әуе қорғанысы күштері құрамасының сапында өнер көрсеткен сержант Олжас Рашитов ие болды.

Әйелдер арасында Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшісі сержант Рене Леоноваға тең келер ешкім болмады. Күміс жүлдені "Астана" өңірлік қолбасшылығының спортшысы кіші сержант Людмила Губарева, қола жүлдені әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің ефрейторы Данагүл Өмірзақова иеленді. 

Чемпионат қорытындысы бойынша әскерилендірілген кростан Қазақстан Қарулы күштерінің құрама командасы жасақталатын болады. Қазақстандық спортшылар ТМД әскери қызметшілері арасында өтетін халықаралық жарыстарда өнер көрсетеді. Жарыс ағымдағы жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында өтеді.

EL.KZ
Бөлісу: