Қарағандыда «Болашақ медицинасы: жаңа көкжиектер» көшпелі отырысы өтті

9 Қазан, 20:46 353

Қарағанды облысы әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Медицина ғылымын дамыту. Болашақ медицинасы: жаңа көкжиектер» тақырыбындағы көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырысқа ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Әлназарова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ж. Асанова, Қарағанды облысының әкімі Е. Бөлекпаев, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академиктері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, медициналық және қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.Қ. Күрішбаевденсаулық сақтау саласына Президенттің ерекше назар аударатындығына тоқталды:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің денсаулық сақтау жүйесін дамыту, жаңғырту мәселелеріне үнемі ерекше көңіл бөліп, қоғамның үйлесімді дамуы тек халықтың денсаулығын қамтамасыз ету арқылы ғана мүмкін болатындығы туралы идеяны қолдайды».

А. Күрішбаев денсаулық сақтау саласы алдында тұрған өзекті мәселелерге назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі таңда климаттың өзгеруі мен басқа да ғаламдық сын-қатерлердің әсерінен қоршаған ортаның жағдайы күрт нашарлап, экологиялық ахуал ушығып, денсаулық сақтау мәселелері ерекше өзектілікке ие болуда.

Ол сондай-ақ елдің болашағы үшін медицина ғылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

– «Бүгінгі күні отандық медициналық ғылымның белгілі бір жетістіктері бар. Дүниежүзілік медицинаның көптеген табыстары біздің күнделікті тәжірибемізге сәтті енгізілуде. Медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуде де көптеген оң тәжірибе бар. Бұл жетістіктерде Денсаулық сақтау министрлігі, оның қарамағындағы құрылымдар мен ғылыми ұйымдардың, сондай-ақ тиісті жергілікті атқарушы органдардың үлесі зор.

Осы жағдайда Ұлттық ғылым академиясының міндеті денсаулық сақтау министрлігіне саланы ғылыми қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құруға жәрдемдесу және аймақтық Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестері арқылы жергілікті атқарушы органдарға өңірлердегі халыққа медициналық қызмет көрсетудің өзекті мәселелері мен мен міндеттерін ғылыми тұрғыдан шешуге көмектесу» - деді.

Іс-шарада сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіштерінің бірі Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін халықаралық рецензияланатын басылымдардағы зерттеушілердің жарияланымдарының көлемі екенін атап өтті.

«Соңғы 3 жылда біздің зерттеушілеріміздің мақалаларының саны 2 еседен астам өсті, мәселен 2020 жылы 469-дан 2023 жылы 955 мақалаға дейін ұлғайды. Соңғы 3 жылда Хирш индексі бар ғалымдардың үлесінің артуы – 7,7%-дан 15%-ға дейін оң үрдістер байқалуда».

Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда нақты өндірістік міндеттерді шешу үшін ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайту және қолданбалы ғылымды дамыту қажеттілігін атап өтті.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев медицина ғылымын дамытуға арналған іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Ұлттық ғылым академиясына алғысын білдірді. Сондай-ақ, медицинаны дамытудың өзекті мәселелерін талқылаудың маңыздылығын айта келе, Қарағандының медицина мамандарын даярлаудағы тарихи рөлін және Қарағанды медициналық университетінің елдің денсаулық сақтау жүйесіндегі орны ерекше екенін атап өтті.

Көшпелі отырыс жұмысының нәтижесінде резолюция қабылданып, ҚР денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жол картасы әзірленетін болады. Сондай-ақ, медицина ғылымын дамыту, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері бойынша, үкіметке аналитикалық жазба дайындалатын болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: