Қарағандыда бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды

1 Тамыз 2023, 11:58 1727

Қарағандылық полицейлер бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөліміне 56 жастағы жеке кәсіпкер арызбен шағымданған. Айтуынша, оған сатып алушы келіп, сауда жасап, ақшасын телефондағы банк қосымшасы арқылы төлеген. Алайда телефоннан көрсетілген чек жалған болып шыққан.

Келтірілген шығын көлемі 12 мың теңгені құрады. Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы азамат ұсталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін берді, - делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері кезінде ұсталған азаматтың осыған ұқсас тағы да екі қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Равиль Ашығали
Бөлісу: