Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Ақсақалдар тағылымы – адал қоғамның кепілі» атты Ақсақалдар кеңесінің республикалық слеті өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шара қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, этностарды азаматтық бірегейлік қағидаттарына сүйеніп ұйыстыру, ҚХА-ның «Адал азамат» жобасының іске асырылу барысын және ҚХА-ның 30 жылдығына арналған іс-шараларды талқылауға бағытталған.
Жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ғылыми зиялы қауым өкілдері, өңірлердегі Ақсақалдар кеңесінің төрағалары, ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, жастар және басқа да қоғам қайраткерлері қатысты.
Сонымен қатар аталған іс-шара барысында Ақсақалдар кеңесінің «Адал азамат – қоғам бірлігінің негізі» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті, онда әртүрлі қызмет салаларынан спикерлер сөз сөйледі, ҚХА жұмысын жетілдірудің тиімді жолдарын талқылады, - делінген мәліметте.
Сондай-ақ профессорлар мен академиктер ұлт құрылысы тетігінің құралдарын, қазақстандық қоғам мен ұлт бірлігін нығайтудың тарихи негіздерін түсіндірді.
Отырыс аясында қатысушылар өңірлік этномәдени бірлестік мүшелерімен кездесті.