Қарағандыда 94 ауылы мектебі Starlink спутниктік жүйесіне қосылды

27 Маусым, 16:29 884

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек жұмыс сапары аясында Қарағанды облысында халықпен кездесу және азаматтарды қабылдау өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға мемлекеттік көрсетәлетін қызметтер комитетінің және министрліктің телекоммуникациялар комитетінің басшылығы, ұялы байланыс операторларының өкілдері, «Азаматтарға арналған үкімет» ҰАҚ және облыс әкімдігі қатысты.

Вице-министр өз сөзінде ХҚО-лардың жұмысы, мемлекеттік қызметтер көрсету, ел мен өңірдегі телеком және IT саласының дамуы туралы айтты.

Асхат Оразбектің айтуынша, облыстың халыққа қызмет көрсету инфрақұрылымы 21 ХҚО бөлімі, 43 бэк-офис, 92 Connection Point қолжетімділік нүктесі және 1 арнайы ХҚО-дан тұрады. Биылғы жылдың алғашқы бес айында ХҚО-ларда 374 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 6,3 млн. отбасы деректері цифрландырылған. Бұл қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтауға және 25 әлеуметтік маңызды қызметтерді көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған адамдарға арналған жәрдемақылар мен төлемдер. Бүгінгі таңда осындай 800 мыңнан астам қызмет көрсетілді.

Қарағанды облысы тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі сапалы байланыс және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі таңда облыста 363 елді мекен бар. ADSL технологиясы бойынша фиксирленген интернетпен 90 елді мекен, ал ТОБЖ технологиясы бойынша 112 елді мекен қамтамасыз етілген.

Ұлттық жоба аясында Қарағанды облысының 13 ауылды елді мекені KazSat спутниктік жүйелері арқылы интернет желісіне қосылды. Сондай-ақ Қарағанды облысындағы 106 мектептің 94-і Starlink спутниктік жүйесіне қосылған, - деп атап өтті вице-министр.

Министрлік мобильді байланыс сапасын бақылау және жақсарту бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде. Тексерулер жүргізу және айыппұлдарды арттыру операторларға көрсетілетін қызметтердің сапасына жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді. 2022 жылдан бастап байланыс қызметтерінің сапасыздығы үшін айыппұл 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін өсті.

Айыппұлдар сомасының өсуі бұйрықтардың орындалуына әсер етті. Мәселен, 2022 жылы тек 30% бұйрықтар орындалса, 2023 жылы орындау пайызы 65%-ды құрады.

Айта кетейік, министрлік Қарағанды облысының әкімдігі және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, 2024-2027 жылдарға арналған байланыс және мобильді интернетті дамыту бойынша Жол картасын әзірлеп, қол қойды.

Бұл құжатқа барлық проблемалық мәселелер мен олардың шешу жолдары енгізілген. Beeline операторы тарапынан облыстың 13 ауылдық елді мекенін кеңжолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар, облыстың 15 елді мекенін ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. 2024 жылдың соңына дейін қосымша 18 базалық станция орнату, қалған 27 базалық станцияны 2025 жылы орнату жоспарлануда. Барлығы 58 базалық станция орнатылады, - деді Асхат Оразбек.

Сондай-ақ қазіргі уақытта елде IT мамандарына сұраныс артып келеді. Мысалы, бағдарламалау мектептеріне гранттар (ваучерлер) беріледі, биыл елдегі 82 IT мектебі оқушыларға 219 курс ұсынады. Қарағанды облысы бойынша бұл бағдарламаға 6 IT мектеп таңдалып, 174 ваучер бөлінді.

Қарағандыда 2021 жылдың сәуір айынан бастап өңірлік IT-хаб «Terricon Valley» жұмыс істейді. Өңірлік хабтың ашылуы елдің IT саласының дамуына сандық және сапалық үлесін айтарлықтай арттырады.

Жиналыс барысында ЦДИАӨМ өкілдері Қарағанды облысының тұрғындарының ұялы байланыс, интернет, жасанды интеллект, облыстың елді мекендеріндегі ұялы байланыс мәселелері бойынша сұрақтарына жауап берді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: