Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысында орналасқан Мартбек Мамыраев атындағы 52859 әскери бөлімінің азаматтық қорғаныс бөлімшесіне жаңа арнайы техниканың кілттерін табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Салтанатты түрде бөлімге КамАЗ және Toyota Hilux базасында әскери-құтқару көліктері қолданысқа берілді. Министр азаматтық қорғанысты жаңғырту мен техникалық жарақтандыруға басымдық болатынын атап өтті. 2025 жылы 72 бірлік техника, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ жеке құрамға арналған заманауи киім-кешек, құрал-жабдықтар мен жарақтар сатып алынды.
Ведомствоның құтқару әскери құралымдарын заманауи техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету - бұл төтенше жағдайларға қарсы күресте жеделдік пен тиімділіктің кепілі. Біз кез келген сын-тегеуріндерге, соның ішінде алдағы су тасқыны кезеңіне дайын болу үшін материалдық — техникалық базаны нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырамыз, - деді министр.
ТЖМ азаматтық қорғанысының әскери бөлімдері халықты, объектілер мен аумақтарды табиғи және техногендік ТЖ-дан қорғау, сондай-ақ авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу жөніндегі міндеттерді орындайды. Жедел ден қою үшін күштер мен құралдар өңірлер бойынша, яғни Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы, Орал, Өскемен және Қостанайда бөлінді. ТЖМ құрамына ауысқан сәттен бастап бөлімшелер 451 төтенше жағдайды жоюға қатысып, 2 513 адамды құтқарған.