Қарағанды облысында жүргізуші жеңіл көлік салонына жылқы тиеп алған

11 Желтоқсан, 18:35 367

Қарағанды облысында жеңіл көліктің салонына жылқыны тиеп алған жүргізуші анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz мәліметінше, Қарағанды облысы Нұра ауданында патрульдік полиция қызметкерлері 11 желтоқсанда Нұра –Теміртау республикалық автожолында Audi көлігін тоқтатты. Тексеру барысында көлікте жылқы болған.

Көлік жүргізушісі, Бұқар Жырау ауданының тұрғыны, жылқының өзініңкі екенін дәлелдейтін және оны тасымалдауға қатысты ешқандай құжат ұсына алмады. Жүк пен багажды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары ветеринариялық инспекцияға жолданды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жылқының нақты иесін анықтап, жануардың ұрланған-ұрланбағанын тексеріп жатыр, - делінген мәліметте.

Айта кетейік, 7 қазаннан бері өтіп жатқан «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Нұра ауданында мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 37 фактісі анықталды. Оның 20 жағдайында жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: