Қарағанды облысында жұқпалы ауруды жұқтырудың 828 оқиғасы анықталды

9 Қаңтар, 23:14 689

Қарағанды облысында бүгінгі таңда қауіпті жұқпалы ауруды жұқтырудың 828 жағдайы тіркелген. Осы жылдың басынан бері қызылшаға күдікпен 128 жағдай тіркелді, оның 23-і зертханалық расталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Облыстың бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин мен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді.

Келесі аптадан бастап ауа және тамшы жолмен жұғатын инфекциялармен, оның ішінде қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі күтілуде. Бұл мереке күндерінен кейінгі ең төменгі инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты, – деді Юрий Залыгин. – Мұндай аурулардың алдын алу үшін ең сенімді алдын алу шарасы – вакцинация. Ал ауырған жағдайда вакцинация асқынулардан қорғайды. Біз ата-аналарды балаларын қосымша жаппай иммундау шеңберінде қызылшаға қарсы екпе алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға уақтылы жүгінуге шақырамыз. Әсіресе 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар, 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларды. Сондай-ақ қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы жоспарлы иммундауға жататын 1 және 6 жастағы балаларды уақтылы вакцинациялау қажет.

Науқастардың басым бөлігі Қарағанды, Теміртау, Приозерск, Нұра және Қарқаралы аудандарында тұрады. Дертке шалдыққандар негізінен 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар, олардың ішінде төрт жасқа дейінгі балалар көп.

Облыс бойынша оқу жылының басынан бері қызылша 73 мектепке дейінгі ұйымдарда, 97 мектепте, 21 колледжде және 4 ЖОО-да тіркелген.

Эпидемиологиялық маусымның басынан, 2023 жылдың қазан айынан бастап инфекциялық стационарларда қызылшамен ауыратын 600-ден астам пациент емделді, оның ішінде 441 бала және 167 ересек адам, – дейді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова. – Қызылша – ауа-тамшы арқылы берілетін және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін өте жұқпалы жедел вирустық ауру. Кез-келген адам қызылшамен ауыруы мүмкін, бірақ бұл көбінесе балаларда кездеседі.

Қызылшаның негізгі белгілері – дененің қатты қызуы, жөтел, мұрыннан су ағу және бүкіл денеде бөртпе шығады.

Перизат Саденова
Бөлісу: