Қарағанды облысында үздік әлеуметтік қызметкерлеріне марапат табысталды

2 Желтоқсан 2023, 21:28 992

Қарағанды облысында халықты әлеуметтік қорғау саласының үздік қызметкерлері мен өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға және мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап. 

Оларға өңір басшысының 700 мың және миллион теңге көлеміндегі сыйлықтары, сондай-ақ "Еңбек ардагері" медальдары табыс етілді.

Әлеуметтік саланың үздік өкілдерін марапаттау Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтті. 

Ерекше жас әртістер салтанатты іс-шараның сәніне айналды. Олар көрермендер назарына ән мен билерін ұсынды.

Бүгін біз қиындықтарға қарамастан өз өмірін адамдарға қызмет етуге арнағандарды атап өту үшін жиналдық. Бұл әсіресе Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында өзекті, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөзінде. – Әлеуметтік қорғау саласының еңбек сіңірген өкілдеріне арналған сыйлық біздің әлемді жақсырақ және мейірімді ететіндерге алғысымыздың символына айналды. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қоғам қайраткерлеріне белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтқым келеді.

Қарағанды облысында барлығы 55 мыңнан астам мүгедек адам тұрады. Олар мемлекеттік бюджет есебінен барлық қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етіледі. 11 өңірде инватакси қызметтері көрсетіледі. Қарағанды, Балқаш және Абай аудандарында Тen Qogam әлеуметтік бейімдеу орталықтары жұмыс істейді.

Әлеуметтік кодекс шеңберінде ақыл-ой кемістігі бар балалар шипажай-курорттық ем алады. Облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың 7 орталығы құрылып, жұмыс істеуде.

72 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 9 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіледі.

Диана Ширяева "Жүрегін ерекше балаларға арнаған" номинациясында марапатталды. Сегіз жыл бұрын ол Теміртауда менталдық ауытқушылығы бар балаларға арналған алғашқы "Детство" білім беру орталығын құрды.

– Біз жыл сайын шамамен 50-55 баланы қамтимыз, оларға біздің орталықта да, үйде де тегін білім беру қызметтерін көрсетеміз, – дейді Диана Ширяева. – Мен білімім бойынша мұғаліммін, бірақ 90-шы жылдары полицияға жұмысқа тұрдым. Осы қызметте 15 жыл жұмыс істедім, оның соңғы 10 жылында Теміртаудағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекцияны басқардым. Біз әр түрлі отбасыларды көрдік, сондықтан мен әрқашан балаларға, әсіресе мүгедек балаларға көмектескім келді. 8 жылдан бері біз жемісті жұмыс істеп келеміз, бірақ бұл біз үшін жұмыс емес, кәсіп.

"Позитивті даму" жеке мекемесі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін үздік үкіметтік емес ұйым болып танылды.

Біздің ұйым 14 жылдан бері арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Біз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алумен айналысамыз, гендерлік теңдік стратегиясын түсіндіреміз. Біз Абайда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығын құрдық, – дейді "Позитивті даму" ЖМ басшысы Оксана Панасиди. – Осы жылдар ішінде бізге 100-ге жуық әйел жүгінді, бірақ олардың 56-сы ғана ресми түрде жәбірленуші деп танылды. Біз оларға тегін психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеміз, әлеуметтенуге көмектесеміз.

"Мамандыққа адалдығы үшін" номинациясында Кенжебала Тұңғышбаева марапатталды. 30 жылдан астам уақыт бойы ол Саран қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды.

Біздің жүйеде жанқиярлықпен жұмыс істейтін, жүрегі кең адамдар еңбек етеді. Біз зейнетақы тағайындаудан бастап әлеуметтік қорғауға дейінгі қызметтердің кең спектрін ұсынамыз, – деп атап өтті Кенжебала Тұңғышбаева. – Біз балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінің, зейнетақы жеткізу бөлімінің жұмысын ұйымдастырғандардың біріміз. Біздің қызметте адамдарды шын сүйетіндер ғана жұмыс істейді.

Қарағанды облысы әкімінің сыйлығына ие болғандар:

- "Рухы асқақтаған" номинациясы – Нияз Сүндетәлиев, Qamqor plus мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы;

- "Мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жөніндегі үздік үкіметтік емес ұйым" номинациясы – "Лучик Надежды" ҚҚҚ, жетекшісі – Татьяна Кравченко;

- "Үздік әлеуметтік қызметкер" номинациясы – Қабираш Рысмағанбетова, Ақтоғай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері;

- "Әлеуметтік жұмыс бойынша үздік маман" номинациясы – Виктория Громова, Шахтинск арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы;

- "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік қызметкері" номинациясы – Светлана Конюхова, Шахтинск қаласының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары;

-"Еңбек ұтқырлығы орталығының және оның филиалдарының үздік қызметкері" номинациясы – Жанар Қаржанова, Балқаш Мансап орталығының бөлім басшысы;

- "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үздік қызметкері" номинациясы – Айгүл Төлеуова, Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.

"Еңбек ардагері" медалімен Қарқаралы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бейбіт Жұманбаев және Қарағанды облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің қаржы мәселелері жөніндегі бас маманы Құралай Ысқақова марапатталды.

Берік Арманов
Бөлісу: