Қарағанды облысында су қоймаларының қазіргі ахуалы қандай жағдайда

9 Сәуір, 23:12 524
Қарағанды облысындағы су тасқыны ұзаққа созылған сипатымен ерекшеленіп отыр. Қазіргі уақытта ірі су қоймалары толу және су жинау сатысында, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аймақтағы су тасқыны кезеңінің өтуі туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды

Бүгінгі таңда елді мекендерді су басу қаупі жоқү Сәуір айының басындағы жағдай бойынша су қоймалары әлі толу режимінде болғандықтан, төгінділер жүргізілмейді. Барлық ірі су қоймалары Қарағанды облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етеді. Сондықтан біздің міндетіміз су тасқынының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірді сумен қамту үшін су қоймаларын қажетті көлемге дейін жинау, - дейді су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы филиалының басшысы Әлия Мырзағалиева. 

Су тасқыны басталғаннан бері өзендерінің арналарын шаю және еріген суларды шоғырландыру үшін Самарқанд, Шерубай-Нұра және Ынтымақ секілді ірі су қоймаларынан бос көлемдер құру мақсатында бақыланатын су ағызу жұмыстары жүргізілді.

Қазір Самарқанд су қоймасының көлемі 201,3 млн текше метрді құрайды. Нормасы 253,7 млн текше метр. Шерубай-Нұра – 207,4 млн текше метр, нормасы 274 млн текше метр, Ынтымақ – 86,4 млн м3, нормасы – 108,9 млн м3. Әрбір су қоймада қор бар. Ынтымақ су қоймасы жағдайында нысан қайта жөндеуден өтіп, қосымша жүктемеге дайын болғандықтан көлемді үдетуге болады, – деп атап өтті «Қазсушар» РМК филиалы директорының міндетін атқарушы Мүслім Аққожин.

Өткен жылы өзен арналарын санациялау және жер біліктерін нығайту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, ұзындығы әртүрлі жаңа қорғаныс құрылыстары салынды, Ынтымақ, Ащысу және Шоқай су қоймаларында жергілікті құлақтандыру жүйелері орнатылды. Сондай-ақ тасқын суларды болжау және модельдеу жүйесі іске қосылды. Оның көмегімен мамандар онлайн режимінде осал жерлерді анықтап, штабтарды алдын ала хабардар ете алады. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: