Қарағанды облысында қылмыстық топтың 40 мүшесі ұсталды

6 Наурыз 2023, 07:34 1076

Топ мүшелері түрлі қақтығыстар ұйымдастырған

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті мен ҰҚК 5-ші департаменті бірлесіп, Қарағанды облысындағы криминогендік жағдайға ұзақ уақыт бойы теріс әсер етіп келген қылмыстық топтың әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді, – деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл топтың мүшелері атыс қаруын қолданып, түрлі қақтығыстар ұйымдастырған. Осылайша қоғамдық тәртіпті бұзған. Жедел деректер бойынша топ мүшелерінің саны 50-ге жуық, оның ішінде құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, сондай-ақ күзет ұйымдарының қызметкерлері де бар. Көшбасшы мен топ мүшелері арасында нақты иерархия құрылған. Әрбірінің міндеті мен өз рөлі болған. Жасырыну шаралары қатты сақталған.

Өткізілген арнайы іс-шаралар нәтижесінде өңірдің ірі өнеркәсіптік объектілерінде, оның ішінде “Арселлор Миттал Теміртау” Акционерлік қоғамында тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлау фактілері ашылды. Топ мүшелерінің бірқатар ашылмаған ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бары анықталды – бұл бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық. Арнайы операция барысында 100-ден астам тінту іс-шаралары жүргізілді, 9 атыс қаруы, 200-ге жуық оқ-дәрі, гранатомет, тротил, гранаталар, құжаттар және жалған мөрлер, діни әдебиеттер, қолма-қол ақша, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ қашықтан тыңдауға арналған арнайы техникалық тыңдау құралдары тәркіленді. Полицияға 40 адам жеткізілді. Жедел-тергеу шаралары жалғасуда.

EL.KZ
Бөлісу: