Қарағанды облысында қылмыс деңгейі төмендеді

Кеше, 16:57 243

Қарағанды облысында ауыр және аса ауыр қылмыстар саны азайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тонау, бұзақылық және өлімге әкелетін ауыр дене жарақаттары секілді қылмыстар санының қысқаруы алдын алу шараларының тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ алаяқтық, соның ішінде киберқылмыстар саны да төмендеген. 2024 жылғы атқарылған жұмыстардың нәтижелері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов пен Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбановтың қатысуымен өткен қорытынды жиында талқыланды. Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловтың айтуынша, өңірде мал ұрлығымен күреске ерекше көңіл бөлінген. Бұл шара мал шаруашылығын – аймақтың басты экономикалық саласын қорғауға бағытталған.

Қыркүйек пен желтоқсан айларындағы ет дайындау кезеңінде республикалық және жергілікті автожолдарда 18 мобильді бекет жұмыс істеді. Бұл кезеңде 4 857 көлік тексеріліп, ет өнімдерін құжатсыз тасымалдағаны үшін 236 әкімшілік хаттама толтырылды. Осы шаралардың нәтижесінде екі мал ұрлығының жолы кесілді. Мал ұрлығына қатысы бар 25 адамның қылмыстық әрекеті тоқтатылып, сегіз эпизодты қамтыған төрт қылмыстық топтың қызметі әшкереленді, – деді Негмет Исмагулов.

Өткен жылы есірткі қылмысына қарсы күрес саласында 377 құқықбұзушылық, оның ішінде 189 қылмыс анықталды. Есірткі бизнесімен айналысқан 16 адамнан тұратын ұйымдасқан топтың әрекеті тоқтатылды. Тәркіленген заттардың қатарында 9 кг мефедрон, 1,5 тонна прекурсор және 265 кг марихуана бар. Сонымен қатар, есірткі сатудан түскен 43 миллион теңгенің заңдастырылу фактісі анықталды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес те күшейтілді. Бес қылмыстық топтың заңсыз әрекеттері әшкереленіп, 78 адам, оның ішінде алты жетекші мен 23 ұйымдасқан топ мүшесі қамауға алынды. Аймақтың ірі кәсіпорындарында – «Qarmet», «Қазақмыс» және «Nova Цинк» – тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтар анықталды. Олардың әрекетінен келген залал 1,5 миллиард теңгеден асып, 22 адам қамауға алынды. Жиын барысында Қанат Нұрмағамбетов құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және азаматтар арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу – құқық қорғау органдарының негізгі міндеттерінің бірі. 2025 жыл Ішкі істер министрімен профилактика жылы деп жарияланды. Бұл ретте азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және алдын алу шараларын күшейту басты мақсат болып табылады. Азаматтық қоғаммен бірлесіп, жаңа құралдарды әзірлеу қажет, – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелердің басшыларына қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту және жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды қатаң тоқтату тапсырылды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: