Қарағанды облысында асыл тұқымды мал басы артты

12 Маусым 2023, 13:37 1139

Қарағанды облысында биыл 6 асыл тұқымды репродуктор мен 4 жаңа мал шаруашылығы кешенін ашу жоспарланып отыр, деп хабарлады El.kz ақпараттық агенттігі.

Өңірдегі мал шаруашылығы саласын дамыту туралы аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров 4 айда 94,4 мың тонна сүт, 26,3 мың тонна ет, 221 млн дана жұмыртқа өндірілгенін айтты. Сондай-ақ, ол фермерлік шаруашылықтарда мал, оның ішінде асыл тұқымды малдың артып келе жатқанын атап өтті. Бұған Агро несие корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау ықпал етеді. Биыл 1 мың 742 бас ірі қара және 2 мың 316 жылқы сатып алынды.

Тұқымдық түрлендіру, селекцияны ынталандыру жолымен асыл тұқымды мал басының үлес салмағын арттыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. 2026 жылға дейін мал шаруашылығы саласында 1 мың 350 жұмыс орнын құрумен 43 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биыл оның 10-ы іске асырылды: алты асыл тұқымды репродуктор және төрт мал шаруашылығы кешені құрылатын болады. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы жобалары әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы қаржыландырылатын болады, осындай тетік бойынша екі тауарлық-сүт фермасын салу жоспарланған, – деді Асқар Санаубаров.

Ол сондай-ақ, алдағы уақытта мал азығын жинау туралы айтты. Өңірдегі мал шаруашылық саласын 1,9 млн тонна шөппен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, облыста жемшөп дақылдарының алқабы көбейді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды мал басын көбейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Равиль Ашығали
Бөлісу: