«Қарағанды-Балқаш» автожолын қайта жаңарту кезінде анықталған ақаулар жойылды - антикор

20 Тамыз, 19:00 406

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Президент тапсырмасын орындау шеңберінде жолдарды салу және жөндеу саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жол құрылысы сапасына тұрақты ашық бақылауды қамтамасыз ету үшін еліміздің барлық өңірлерінде мониторингтік жұмыс топтары құрылған. Оның құрамына уәкілетті органның, «ҚазАвтоЖол» филиалдарының, Жол активтері сапасының ұлттық орталығының өкілдері, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы еріктілер кірген.

Мониторингтік топ жұмыстарының нәтижесінде Қарағанды облысында «РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» республикалық маңызы бар трассасын, «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» учаскелерін қоса алғанда, Жамбыл облысымен шекараға дейінгі сегіз автомобиль жолының құрылыс барысы талданды.

Шет ауданының маңындағы «Қарағанды – Балқаш» автожолының учаскесіне мониторинг жүргізу барысында жолды қайта жаңарту кезінде ақаулар анықталды. Жабын ақауларының негізгі себебі – жабынның төменгі қабаты бойымен ауыр жүк көлігінің қозғалысынан түсетін жүктеме, өйткені қозғалыс жол қаптамаларының нақты аяқталмаған дизайны бойынша жүзеге асырылады. Жол пайдалануға берілмеген, жұмыстар жалғасуда. Кемшіліктерді жоюды түрік қосалқы мердігерлері өз мойнына алды. Ақаулар жойылды және сынақ нәтижелері стандарттарға (ҚР СТ 1225-2019 ) сәйкес келеді,-делінген антикор мәліметінде.

Жабынның жоғарғы қабатын биыл 30 тамызға дейін аяқтау және жолды 30 қарашаға дейін абаттандыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Зарина Арман
Бөлісу: