«Қар тазалаған»: Ақмола облысында үш баланың анасы көз жұмды

Бүгiн, 13:18 225

Ақмола облысында 31 жастағы көпбалалы ана жүктіліктің 8-аптасында баласынан айырылып, екі күннен кейін қар тазалап жатқанда жағдайы күрт нашарлап, көз жұмды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Марқұм 27 қаңтар күні аудандық ауруханаға қан кету диагнозымен жеткізілген. Дәрігерлер жүктіліктің тоқтап қалуына байланысты оған шұғыл ота жасап, жағдайын бақылаған. Алайда әйел ауруханада ұзақ уақыт болудан бас тартып, үйіне қайтуды жөн көрген.

Дәрігерлердің айтуынша, пациентпен байланыс үзілмеген, ол денсаулығына қатысты ешқандай шағым білдірмеген. Алайда 29 қаңтарда әйел үйінде қар тазалағаннан кейін жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақырылған. Оны ауыр хәлде Есіл аудандық ауруханасына жеткізіп, ішкі қан кетуіне байланысты шұғыл операция жасалғанымен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Қазіргі уақытта Ақмола облысының полиция департаменті оқиғаға байланысты алдын ала тергеу жұмыстарын бастады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, 27 қаңтарда марқұм аудандық аурухананың гинекология бөлімшесіне түскен. Сол күні оған операция жасалып, кейін өз еркімен үйіне шығарылған. Алайда 29 қаңтарда жедел жәрдеммен ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды, – деп хабарлады полиция департаменті.

Оқиғаның нақты себептері тергеу барысында анықталатын болады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: